02 Желтоқсан, 2016

Ауыл халқы үшін спорт залдар тегін болмақ

212 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

02-12-16-sportzal

Ауыл халқы спорт залдарына тегін бара алады. Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовтың айтуынша, бүгінде осы мәселе бойынша жергілікті атқарушы органдарға тиісті кеңестер жіберілді. Оған келісім берген әкімдіктер де жоқ емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Ашығын айту керек, бүгінде ауылдық жерде мектептің спорт залынан басқа спортпен айналысатын нысан жоқ. Сондықтан ондай залдар бәріне қолжетімді болуы қажет. Бізде болса, сол залды қайта-қайта жөндемей, таза күйінде ұстаймыз деп, сабақ біткен бойда құлып салып қояды. Ал ауыл халқы, ішінде спортпен айналысамын деушілер болса да, оған кіре алмайды. Осыған байланысты біз Білім және ғылым министрлігі мен Үкімет арқылы тиісті кеңестерге қол жеткіздік. Соған сәйкес, еліміздегі барлық спорт нысандары, әсіресе, жоғары оқу орындары, колледждер мен мектептер жанындағы спорт залдар жұмыстан тыс уақытта жергіліктіхалық үшін ашық болуы тиіс. Мәселен, сенбі-жексенбі күндері ол жерде сан алуан секцияларды ұйымдастыруға болады. Осыны аяғына дейін іске асыра алсақ, жақсы болар еді» – дейді Е.Қанағатов. Сонымен қатар, Комитет басшысы бүгінде аталған бастамаға қолдау білдірген облыстардың бар екенін жеткізді. Ол: «Қазір Қызылорда облысында және тағы бірнеше өңірде әкімдермен сондай шешім қабылданды. Негізгі мақсат - институттар, колледждер мен мектептер жанындағы спорт залдарды сабақтан тыс уақытта жергілікті халыққа ұсыну», – деді.