ХХІ ғасыр адамзат баласының алдына шешімі күрделі де іргелі мәселелерді қойып отыр. Әлем жаһандану дәуіріне қадам басумен бірге тұтастану, бірігу, кірігу үдерісіне батыл бет бұруда. Осындай жағдайда болашақ бағдарымыз қандай болмақ, әлемдік қауымдастықта егемен еліміздің алатын орны қандай, тәуелсіздікті қалай тұғырлы ете түсуге болады дегендей өзекті сұрақтар, ата-бабадан мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарды сақтау, оны жаңа дәуір талабына сай жаңғырту, әсіресе, мемлекеттік мәртебеге ие болған ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейте түсу сияқты өткір мәселелер қазіргі қоғамымыздың зиялы қауымын толғандыруда. Толғаныстағы сондай абзал азаматтардың бірі – саяси ғылымдардың докторы, Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры Әбдіжәлел Қошқарұлы Бәкір. Әбдіжәлел 1963 жылы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың (қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті) әдебиет факультетін үздік дипломмен бітіргеннен кейін, еңбек жолын халыққа білім беру саласында бастады. Алайда, көп ұзамай Қызылорда қалалық комсомол комитеті қызметке шақырды да, кейін осы органның бірінші хатшысы, сонан соң облыстық комсомол комитетінің хатшысы болып істеді. Кезінде жастардың саяси һәм қоғамдық мектебі болған комсомолдың жас кадрдың қалыптасуында өзіндік орны болғаны шындық. Ол содан облыстық партия комитетіне ауысып, оның бөлім меңгерушісіне дейін көтерілді. Осы кездері Қазақстанның белгілі ғалымы, этноәлеуметтану ғылымдарының негізін салушылардың бірі, философия ғылымдарының докторы, профессор М.М.Сужиковтің жетекшілігімен ұлтаралық қатынастар тақырыбына диссертация қорғап, философия ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болды.
1991 жылы республикада соңғылардың бірі болып Сыр бойында телеарна ашылды. Әбдіжәлел Бәкір партиялық жұмыстан осы телерадио хабарларын тарату компаниясының төрағасы қызметіне ауысты да, өңірде осы бір ақпараттың аса маңызды саласының жандана түсуіне игі ықпал етті. Комсомол және партия органдарында халықпен жұмыс істеудің белгілі мектебінен өткен басшы жаңадан қалыптаса бастаған ұжым жұмысын шығармашылықпен ұйымдастыра білді. Ел өмірінің аса тағдырлы кезеңінен туған жаңа ақпараттық-танымдық телерадио ұжымын облыс көрермендері алдында ерекше беделге ие етті. Тікелей эфирдегі “Жүздесу” және “Көкейкесті” хабарлары жұртшылық жүрегіне жол тартты. Осы жылдары телеарна 4 мәрте республикалық байқаулардың жеңімпазы атанды.
Шығармашылық топтың күш-жігері жыр елі – Сыр елінің өнеріне, оның иелері мен өнерді қолдаушылар және қорғаушылар қызметін насихаттауға бағытталды. Облыста тұратын ақын, әнші, жыршы-күйшілердің, әуесқой композиторлардың түгел дерлік авторлық кештері өткізіліп, оның біразы “Қазақстан” телеарнасы арқылы республикаға таратылды. Балалар мен жастар арасында музыкалық шығармашылықты дамыту, жас таланттарды ашу мақсатында тұңғыш рет “Әнші балапан”, “Таңшолпан”, “Жас қанат” байқаулары ұйымдастырылды. Осы байқауларда шыңдалған М.Сәдуақасова, А.Кішкенбаев, Г.Оразымбетова, т.б. жас әншілер бүгін өздерін танытып, халықтың сүйікті әншілеріне айналды.
300 жылдай алдымен патшалық Ресейдің отарында, кейін кеңестік кезеңнің қыспағында болған Қазақстанның азаттық алып, өз билігі өз қолына көшуі қоғамда демократиялық өзгерістердің қарқын алуына игі ықпал етіп, рухани сілкіністерге алып келгені белгілі. Соны бағытты қолдаған сан алуан қоғамдық қозғалыстар мен саяси партиялар жаппай құрылып, ұлттық мүдделерімізді биік деңгейге көтере бастады. Осы жылдары саяси-қоғамдық жұмыстың бірсыпыра мектебінен өткен Бәкір республикада бой көтерген Қазақстан демократиялық партиясының аудандық, қалалық ұйымдарын құрып, өзі оның облыстық ұйымының төрағалығына сайланды. Кейін осы партияның атынан Қазақстан Республикасы кәсіби Парламенті Мәжілісінің алғашқы, 1995 жылғы сайлауына қатысып, депутат болды. Аппараттық қызметте ысылған ол заң шығарушылық жұмысқа қызу кірісіп кетті. “Мәдениет туралы”, “Саяси партиялар туралы”, “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы”, “Жарнама туралы”, т.б. заңдар жөнінде құрылған жұмыс топтарына жетекшілік жасап, оларға қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен тілін, мүддесін қорғайтын бірнеше заңдық нормаларды енгізуге көп күш-жігер жұмсады. Мысалы, ол – “Тіл туралы” Заңның 18-бабының екінші бөлігіндегі “Қажетті тілдік ортаны жасау және мемлекеттік тілдің толыққанды қолданылуы мақсатында, олардың меншік нысанына қарамастан, телерадио арналары арқылы берілетін мемлекеттік тілдегі хабарлардың көлемі уақыт жағынан басқа тілдердегі хабарлардың жиынтық көлемінен кем болмауға тиіс” деген құқықтық норманың авторы. Кезінде осы норманың жүзеге асуының өзі оңай бола қойған жоқ. Бірақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің қажырлы қызметінің арқасында көптен қалыптасып қалған қасаң үрдіске тосқауыл қойылып, отандық телеарналарда қазақ тіліндегі хабарлардың үлес салмағы артты. Тұңғыш рет “Жарнама туралы” Заң қабылдағанда Әбдіжәлел Бәкірдің ұлттық мүддені берік ұстануы, әлемдік жарнама мәдениетіне ұмтылысы, қиыншылықпен қабылданған бұқаралық ақпарат құралдарында ішкілік ішу мен темекі шегуді жарнамалауға тыйым салу жөніндегі нақты ұсыныстарын Үкіметтің алдына депутаттық сауал арқылы шешудегі қажырлы қызметі сол кездегі депутаттар жадында, газет, телерадиоларда кем жазылып, аз айтылған жоқ.
Әбдіжәлел Бәкір Парламенттің басқа да сан-салалы қызметіне белсене атсалысты. Парламенттік делегация құрамында Ресейде, Түркияда, Германияда, Францияда, Үндістанда, Катарда, Моңғолия мен Қытайда болып, парламентаралық қатынастарға өз үлесін қосты. Санкт-Петербург қаласында 1999 жылы ТМД елдерінің Парламентаралық Ассамблеясы ұйымдастырған “Нарыққа өту кезеңіндегі білім проблемалары” және 2003 жылы “Қазақстан: тарих, мәдениет, тіл” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларға, Ресей Федерациясының Мемлекеттік Думасы өткізген “ТМД елдеріндегі тілдік қатынастарды заңдық реттеу” атты парламенттік тыңдауға қатысып, Қазақстан Республикасындағы білім және тілдік қатынастар жайында баяндамалар жасады.
1999 жылы Мәжіліске екінші рет сайланған Ә.Бәкір парламентаризмнің теориялық мәселелерін жан-жақты қарастырып, Қазақстан кәсіби Парламентінің қалыптасуын арнайы зерттеуге бел буады. Осы тақырыпқа 30-дан астам ғылыми мақалалар жазып, диссертация қорғап, саяси ғылымдардың докторы дәрежесіне ие болды. Депутаттың Парламент Мәжілісінің, комитеттің отырыстарында сөйлеген сөздері, жасаған баяндамалары, депутаттық сауалдары мен сайлаушылармен жазысқан хаттары, заңдар туралы және ғылыми мақалалары “Ел сенімі”, “Ана тілім – абыройым менің” және “Депутат әлемі” атты кітаптарға арқау болды.
Ғалым заң шығарушы органның мәселелерін тек ғылыми әдебиеттер мен ресми құжаттардан ғана біліп қоймай, 9 жыл Мәжіліс депутаты ретінде көп мәселелерді өз көзімен көріп, ой елегінен өткізді. Сондықтан зерттеушінің жүйелі ғылыми ізденісінің белгілі өрісі, басты еңбегі – “Қазақстан Республикасы кәсіби Парламентінің қалыптасуы: саясаттанулық талдау” атты монография болғаннан кейін осы еңбекке арнайы тоқталғанды жөн көрдік. Зерттеуші мемлекеттік биліктің бөлінуі туралы классикалық теорияларды ғылыми-әдістемелік негізге ала отырып, парламент институтының мемлекеттік органдар жүйесіндегі орнын жан-жақты қарастырады. Қазақтың дала демократиясының белгілі көріністері болған хан, билер кеңесінен бастап, кешегі кеңестік кезеңдегі Жоғарғы Кеңестер, қазіргі саяси-құқықтық мәртебесі айқындалған, аса маңызды қоғамдық қатынастарды заңдық тұрғыдан реттеуші, елімізде жүріп жатқан күрделі реформалардың құқықтық негізін қамтамасыз етіп отырған кәсіби Парламенттің қалыптасу үдерісі тұңғыш рет кешенді түрде, жүйелі талданады. Парламент қызметінің ерекшеліктері, оның құрылымы мен функциялары жіті зерделенген. Заң шығарушылық жұмыстың сапасын арттыруда тұрақты комитеттердің рөлі, депутаттардың белсенділігі мен жауапкершілігін арттырудың проблемалары нақты көтерілген. Парламент пен мемлекеттік биліктің басқа тармақтары арасындағы тежемелік және тепе-теңдік жүйенің қызмет ету тәсілдері зерттелген. Заң шығарушы органның өкілеттігін кеңейтудің саяси қажеттіліктері, әсіресе, оның бақылау функциясын арттырудың нақты жолдары белгіленеді. Парламенттің әлемдік парламентаризм қағидаттарына сәйкес құзыретке, шынайы саяси мәртебеге ие болуының қоғамдағы жүргізіліп жатқан күрделі саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық реформаларға игі әсері мол болатындығы дәлелденеді.
Соңғы жылдары Ә.Бәкір ХХ ғасырдың басындағы қазақтың қоғамдық санасының жаңа бағытта дамуына орасан зор әсер еткен Алаш қозғалысын зерттеп келеді. Бұл жайдан-жай емес. Алаш қозғалысы өзінің саяси топ басшылары, қозғаушы күші мен алдына қойған мақсаты және қамтыған аумағы жағынан қазақ тарихындағы қозғалыстардың ең маңыздысы әрі жоғары деңгейде ұйымдасқаны болатын. Шынтуайтына келгенде, Алашорда қайраткерлері өздерінің білім деңгейі, саяси белсенділігі, ұлтшылдық қуаты мен қасиеті, рухани парасаттылығы жағынан Қазақстандағы Кеңес өкіметін құрушылардан әлдеқайда алда болған еді. Олардың Қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін дамыта, басқа өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, тәуелсіздік жолды таңдап, күрес жолында саяси-демократиялық партия мен ұлттық дербес мемлекет құру деңгейіне шейін көтерілгені белгілі. Алайда Алашорда өкіметі екі жарым жылдай ғана өмір сүрді. Бірақ азаттықты аңсаған асыл армандар жүзеге аспағанымен, ұлтының азаттығы үшін күрескен, артына саяси һәм рухани мол мұра қалдырған Алаш ардақтыларының құдіретті рухы жоғалмады. Ол елімізді 1990 жылы егемендікке, ал 1991 жылы мемлекетімізді тәуелсіздікке жеткізді. Осы рух алда да еліміздің әлемдік өркениетті мемлекеттер қатарына енуіне ықпал етеріне дау жоқ.
Зерттеуші Алаш қозғалысын жүйелі зерделей отырып, бірнеше мақалалар жазып, соның негізінде “Алаш қозғалысы саяси топ басшыларының әлеуметтік көзқарастары” деген тақырыпта жоғары оқу орындарына арналған оқу құралын дайындады.
Бүгінгі әлемдік жаһандану жағдайындағы тәуелсіздігіміздің тұғырлы дүниелері – ұлттық мемлекетімізді жетілдіру, ұлтымыздың бәсекеге қабілетті болып қалыптасу үдерісі, мәдени құндылықтарды заман талабына сәйкес дамыта түсу, еліміздің жетекші әлеуметтік күші болып табылатын мемлекеттік тілдің бүгінгі тағдырлы мәселелері Әбдіжәлел Бәкірдің тұрақты ғылыми назарында.
Халқымыздың қайсар қаламгері Шерхан Мұртаза ағамыз кезінде Мәжілістегі өзінің әріптесін “Қазақ тілінің пәруана жанашыры” деп атаған болатын. Шынында да, Әбдіжәлел Бәкір мемлекеттік тілдің әлеуметтік қырларын жүйелі түрде зерттеп келеді. Оның Қазақ гуманитарлық заң университетінің бір топ ғалымдарымен “Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі туралы” Заң жобасын дайындауға белсенді атсалысуын да осы бағыттағы нақты еңбегі деуге толық болады. Ол – 90-нан астам ғылыми-публицистикалық мақалалардың авторы.
2005 жылдан Қазақ гуманитарлық заң университетінің профессоры ретінде Ә.Бәкір оқытушылық жұмысты, оқу үдерісінің сапасын көтеруді негізгі міндеттерінің бірінен санайды. Жоғары жауапкершілікті қатаң серік еткен, өмірлік тәжірибесі мол профессор студенттермен жұмыста ұлттық тәрбие мәселелеріне көп көңіл бөледі. Әсіресе, жастардың азаматтық, отаншылдық қасиеттеріне ерекше назар аударады. Ол ұжымның қоғамдық өміріне белсенді араласып, әртүрлі ғылыми-теориялық конференцияларға жиі қатысып, өміріміздегі өзекті рухани мәселелері бойынша өз ойларын әрдайым ортаға салып отырады.
Әбдіжәлел Бәкір жоғары білімді мұғалім, Қазақ КСР оқу ісінің үздігі Туғанай Мұқанқызымен екі қыз, бір ұл өсіріп, немерелер сүйіп отыр. Үлкен қызы Ақсәуле Мәскеудегі бұрынғы Плеханов атындағы халық шаруашылығы институтын үздік бітірген, жеке кәсіпкерлік қызметте. Ұлы Бауыржан Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, подполковник. Кіші қызы Айгүл жоғары білімді, Мәскеуде жұмыс істейді.
Ғылыми өрісі кеңейіп, қаламы ұштала түскен әріптесімізге отбасының амандығын тілеп, алда да жаңа табыстарға жете беріңіз деген тілек білдіргіміз келеді.
Қанапия ҒАБДУЛЛИНА, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор.