02 Желтоқсан, 2016

Агроөнеркәсіп кешенінің экспорттау орталығы құрылады

198 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстанда Агроөнеркәсіп кешенінің экспорттау орталығы құрылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті. «Сыртқы нарықта өнімді ілгерілету кезінде отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау мақсатында, «Kaznex invest» АҚ және «ҚазАгроГарант» АҚ-ның бірігуімен, «Азық-түлік корпорация» АҚ базасында АӨК Экспорттық орталығын ашу жоспарлануда», – деп атап өтті Г. Исаева. Оның айтуынша, Орталықтың міндетіне ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді сервистік және қаржылық қолдау мен оларға арналған экспорттық арналарды ұйымдастыру енетін болады. Нақтырақ айтқанда, орталық сауда міндеті мен зонттық брендтерді ілгерілету, шетелдегі көрмелер мен жәрмеңкелерде орын ұсыну түріндегі қолдау, өнімдерді мүмкін болатын нарықта өткізу туралы ақпаратты ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге беру және іздеумен айналысады. «Экспорттық арналар бөлігінде орталық әлеуетті сатып алушыларды іздеу, өнімді жеткізу туралы сатып алушылармен және сауда желілерімен келісімшарт жасайды. Бұдан басқа, орталық экспорттық арналар ашу мақсатында тауарлар топтамасын қалыптастыру үшін өнімді сатып алуды жүзеге асыруы мүмкін, – деді вице-министр. – Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарлама аясында экспортттау орталығы саудалық қаржыландыру, экспорттық келісімшарттарды сақтандыру, ілгерілету мен логистикаға арналған экспорттық гранттарды ұсынатын болады. Орталықтың қолдау көрсетуінің арқасында ірі топтамаларды қалыптастыруға мүмкіндіктері бар ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге тікелей және көліктік-логистикалық немесе көтерме-тарату орталықтарында өнімді сату арқылы шетелдік нарыққа шығу мүмкіндігі пайда болады». Сонымен бірге, вице-министр 2017-2021 жылдарға арналған АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасында органикалық өнімдер брендін ілгерілету мен нысаналы экспорттық саясатты құру қарастырылғанын жеткізді. Айдар Өрісбаев, "Егемен Қазақстан".