Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Абдрахманов журналистерге арналған дәстүрлі апталық брифингте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірнеше шетелге сапары басталғанын хабарлады.
19 қыркүйекте Франция Президенті Николя Саркозидің шақыруымен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Парижге жұмыс сапары болды, деді брифингте ресми өкіл. Екі мемлекет басшысының арасында өткен келіссөздер барысында «Назарбаев – Саркози» президенттік комиссияның жұмысы, 2008 жылы қабылданған келісім-шартқа негізделетін саяси, экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы стратегиялық әріптестіктің қазіргі жағдайы және келешегі қарастырылды. Бұл туралы материал газеттің осы нөмірінде жан-жақты жазылғандықтан, оған көп тоқталмағанды жөн көрдік.
Ал 20 қыркүйекте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 66-шы сессиясына қатысуға Нью-Йоркке сапармен барады, деп жалғады сөзін А.Абдрахманов. БҰҰ-ға мүше мемлекеттер сессия барысында Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы ахуал және Израиль-Палестина қарым-қатынасын реттеу мәселелерін қарастыратын болады. Сонымен қатар, ядролық қаруды таратпау, денсаулық сақтау, экология, дінаралық үнқатысу жайы бірқатар пікірталас алаңдарында талқыланады деп күтілуде. Ресми өкіл осы сапар кезінде Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартының күшіне енуін ілгерілету жөніндегі конференция, жұқпайтын аурулардың алдын алу мен бақылау, тұрақты даму мен жұтаңшылықты жою, шөлге айналу, топырақ құнарсыздануы мен құрғақшылыққа қарсы күрес, бейбітшілік үшін дінаралық ынтымақтастық жөнінде жоғары деңгейдегі кездесулер өткізілмек екенін атап өтті.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун жаһандық ядролық қарусыздану мен таратпау үдерісіне Қазақстанның бірегей үлесін ескере отырып, ядролық қауіпсіздік жөніндегі 22 қыркүйекте болатын жоғары деңгейдегі кездесуге Нұрсұлтан Назарбаевты қатысуға және сөз сөйлеуге шақырыпты. Аталған кездесуге АҚШ, Ресей, Франция, Жапония, Бразилия, Украина және Корея Республикасы – жалпы саны сегіз мемлекеттің басшылары шақырту алып отыр екен.
Журналистер сыртқы саясат ведомствосының ресми өкілінен сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың бірқатар елдердің басшыларымен екі жақты кездесулер өткізетіні жоспарланып отырғанын естіді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 66-шы сессиясына қатысуы және жалпысаяси пікірталас пен ядролық қауіпсіздік жөніндегі кездесулерде сөз сөйлеуі мемлекеттік Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойының қарсаңында Қазақстанның аймақтағы және әлемдегі маңызды рөлін айқындауы тиіс, деді А.Абдрахманов.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.