03 Желтоқсан, 2016

Семейдегі татар әуені

366 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
img_6602-1«Көзге иртыш моңнары» ХVІІ халықаралық Татар фестивалі Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды Биылғы жылы Татар өнерінің жыл сайынғы фестивалі өзінің аймағын едәуір кеңейткендігі байқалды. Бұл мереке «Көзге Иртыш моңнары» деп аталды. Қатысушылар мен қонақтар Астана, Көкшетау, Павлодар, Новосібір, Қазан, Томск, Тобольск қалаларынан келіпті. Фестивальдің бас ұйымдас­ты­рушысы – Ертіс өңіріндегі «Хак» татар және башқұрт қауымдастығының төрағасы, «Татар өнер мектебінің» директоры Габдулхақ Ахунжанов. Оның айтуынша, фестивальдің бағдарламасы бес номинациядан құралған: аспаптық музыка, вокалдың барлық түрі, хореография, көркем сөз. Және алғаш рет, сәндік-қолданбалы өнер де паш етілді. Қолданбалы өнер номинация­сындағы қатысушылар Невзоровтар отбасы атындағы облыстық бейнелеу өнері музейінде өз көрмелерін айқара жайып салды. Экспозиция екі бөлімнен тұрады. Онда татар халқының сәндік-қолданбалы өнерінің заттары мен ХІХ-ХХ ғасырлардағы көне бұйымдары ел назарына ұсынылды. Мәдени шара өнерпаздардың қатысуымен өткен Гала концертте қорытындыланды. Ел Тәуелсіздігінің мерейтойына арналған фестиваль халықтар арасындағы достықты, мәдени байланысты нығайтуға бағытталған. Мақсат – татар өнері мен мәде­ниетін сақтап, дамыту, дейді ұйымдастырушылар. – Алдыңғы жылдардағыдай, фестивальге әртүрлі ұлт өкілдері қатысуда, – деді Габдулхақ Ахун­жанов, – өйткені, өнер бәріне ортақ. Шараны тамашалауға да түрлі ұлт өкілдері келіп отыр. Фестиваль ұлтаралық қарым-қатынасты нығай­туды көздейді. Өнер көрмесінен бөлек, ән-жыр фестиваліне 500-ге жуық адам қатысты. Ересектермен қатар, балалар да өнер додасын қыздырды. Олар 2 күн бойы, вокал, би және аспапта ойнау сынды жанрларда өнерлерін көрсетті. Қатысушылардың арасында кәсіпқой өнер иелері және  әуесқойлар да бар. – Фестиваль кезінде көптеген қызықты жайттардың куәсі болдық, – деді Татарстаннан келген қатысушы Чулпан Ахмедьянова, осында біздің татарлардың арасында диалект сөздер бар екенін аңғардық. Әсіресе, шараға балалардың көп қатысуы бізді қуантады. Яғни, олардың осындай фестивальдер арқылы аға ұрпақтан үйренері көп. Айта кетерлігі, татар өнерінің фестивалі Қазақстанда тек Семейде ғана ұйымдастырылады. Өнер бәйге­сін өткізуде белсенділік таныт­қан ұйымдастырушылар мен қатысушылар Татарстан Респуб­ликасы Мәдениет министрі мен Дүниежүзілік татар Кон­гресінің алғысхат, дипломдарымен марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды. «Көзге Иртыш моңнары» деген сөз «Күзгі Ертіс әуендері» деген мағынаны береді екен. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА