03 Желтоқсан, 2016

Қырғыз әдебиеті орталығы ашылды

409 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қырғыз мәдениеті және әдебиеті күні өтіп, онда Қырғыз мәдениеті мен әдебиеті орталығы ашылды. Шараға Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат және туризм министрінің орынбасары Фархад Бекманбетов, Қазақстан Республикасындағы Қырғыз Республикасы істері бойынша Уақытша сенім жүктелген өкіл Кайнарбек Токтомушев, Қырғызстан Республикасы Кітап палатасының директоры Кой­чуман Момункулов, Қазақстан мен Қырғызстанның зиялы қауым өкілдері қатысты. Қазақ-қырғыз халықтарының мәдениеті мен салт-дәстүрі бір-біріне өте ұқсас әрі ежелден терең байланыс тапқан. Сондықтан Қырғыз мәдениеті мен әдебиеті орталығының ашылуы бауыр­­лас қырғыз халқының мәде­­ниетімен, өнерімен және салт-дәстүрімен терең танысуға мүм­кіндік береді. Жаңа орта­лықтың негізгі міндеттері – пайдаланушыларға ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсету, мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізу. Орталықта Ұлттық акаде­миялық кітапханасының қорын­дағы Қырғызстан туралы туындылар мен Қырғыз Ұлттық кітап-х­анасынан сыйға тартылған жүз дана кітап қойылған. Бірқатар сөрелер қырғыздың әйгілі «Ма­­нас» эпосына, сондай-ақ, Қыр­ғызстан мен Қазақстанның ха­лық жазушысы, гуманист әрі философ Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығына арналды. Бұдан бөлек, оқыр­ман­дар «Қазақ-қырғыз қарым-қаты­насы» тақырыбы бойынша библио­графиялық әдебиеттер тізімімен де таныса алады. Қырғыз мәдениеті және әде­бие­ті күні «Шыңғыс Айтма­тов және оның әдеби мұрасы» атты кітап көрмесі, «Қырғызстанның кітап қазынасы» тақырыбындағы сирек кітаптар мен қолжазбалар көрмесі, «Алғашқы мерзімді басылымдар және олардың қазақ-қырғыз негіздерін қалып­тастырудағы рөлі» тақыры­бын­дағы мерзімді басылым­дар көрмесі, «Жыр жолдарын­да дәріптелген достық» тақы­ры­бындағы жас ақын­дар­мен әдеби кездесу, музыкалық мейманжайдағы «Қырғыз музы­калық мұрасы» тақыры­бындағы кеш, қырғыздың «Ма­нас» жырын жатқа айтатын ақын Баян­ғали Әлімжановпен шығарма­шылық кездесу тәрізді қызық­ты әрі таным­дық іс-шара­лар өтті. Биылғы қазан айының аяғында Қырғызстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Қазақ әдебиеті және мәдениеті орта­лығы ашылып, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Ұлттық академия­лық кітапханасы мен Қырғыз­стан Республикасы Ұлттық кітап­хана­сының өзара Ынты­мақ­тастығы мен серіктестігі туралы ме­морандумға қол қойыл­ған болатын. Енді елордада Қыр­ғыз мәдениеті және әде­биеті ор­талығының ашылуы бауыр­лас екі елдің рухани жа­қын­дасуына септесіп, көп­шілік қауым­­ның әдебиет пен шығар­ма­шылық арқылы бауырлас елдердің мәде­ниетімен де жете танысып білуіне мүмкіндік береді. Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан»