Биыл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жылумен, сумен жабдықтау және су тарту желісін салу мен жаңғырту жұмыстарын жүргізуге 265 жоба ұсынылып, соның ішінен 99 жоба іріктеліп алынды. Аталған жобаларды жүзеге асыру барысында 89 шақырым жылу жүйесі, 816 шақырым сумен жабдықтау жүйесі, сонымен бірге, 277 шақырым су тарту желісі салынып, қалпына келтіріледі. Бұл жөнінде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту мен жаңғыртудың қазақстандық орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Дастан Хамзин аталған орталықтың Ақтөбе қаласында ұйымдастырған аймақтық конференциясы барысында мәлімдеді.
«Есте болса, 2015 жылдың 6 сәуірінде Мемлекет басшысы «2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Аталған бағдарлама аясында жылу, сумен жабдықтау және су тарту жүйесін қалпына келтіру, салу, жаңғырту жобаларына 2015 жылы Ұлттық қордан 60 млрд теңге, ал 2016 жылы 90 млрд теңге бөлінді. Бағдарламаға сәйкес, әрі қарай жыл сайын, кем дегенде, жылу, сумен жабдықтау және су тарту жүйесін қалпына келтіру, салу, жаңғырту жобаларына 100 млрд теңгеден бөлу қарастырылған. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында 2020 жылға дейін жылу, сумен жабдықтау және су тарту жүйесінің тозу деңгейін 67 пайыздан 53 пайызға төмендету жоспарланып отыр», деді Дастан Айтжанұлы.
Оның дерегінше, 2015 жылы осы мақсатта ұсынылған 200 жобаның 92-сі іріктеліп алынған екен. Бүгіндері 47 жоба бойынша жұмыс аяқталыпты.
Соңғы жылдары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы жаңғырту жұмыстарының қарқын алуына «Нұрлы жол» бағдарламасының мол септігі тиіп келеді. Әрине, қандай істі де әуелі кадрлар біліктілігін арттырып барып бастаған жөн. Бұл ретте, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы жыл сайын дәстүрлі түрде өңірлік конференциялар өткізуді қолға алған.
«Биыл Астана, Ақтөбе және Алматы қалаларында өткен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын басқарудың тиімді әдістерін қолдану, инновация мен энергия үнемдеу технологиясын енгізу негізінде дамыту» деп аталатын өңірлік конференцияларда «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» мен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысы талқыланды. Бұл басқосуларды өткізудегі мақсатымыз – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында қызмет етіп жүрген қызметкерлер мен жұмысшылардың білімі мен біліктілігін көтеру, тұрғын үй қорын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізу, тұрғын үй саласындағы энергия үнемдеудің тиімділігін арттыру», дейді Д.Хамзин.
Оның айтуынша, орталықтың мұрындық болуымен өңірлік конференциялар мен халықаралық көрмелерде немесе отандық өндірушілердің өз өнімін насихаттауына зор мүмкіндіктер беріледі. Себебі, саланы жаңғырту жұмыстарына Қазақстанда жасалған технологиялар мен жабдықтардың пайдаланылуына мүдделі. Бұл әрі-беріден соң ел экономикасына да септігін тигізетін қадам. Айта кетсек, күні кеше ғана Астанада өткен «ТКШ ЭКСПО-2016» халықаралық форумында алыс-жақын шетелден келген сала мамандары мен отандық мамандар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы инновация, жаңа технологияларға негізделген энерготиімділік тақырыбын кеңінен сөз етті.
Форум аясында ұйымдастырылған көрмеге жүзден астам тауар өндіруші қатысты. Солардың бірі – бесінші буынның жарықдиодты жарықтандыруын қамтамасыз етуші «РROLUX LED» ЖШС. Тиімділігі жоғары өнімдер өндіретін бұл компания өнімдерінің баламасы бүгіндері ТМД нарығында жоқ деуге болады. Ал «АПРО-Биллинг» бағдарлама кешенін ұсынған «АПРО» ЖШС коммуналдық төлемдерді есептеуді автоматтандыруға зор үлес қосып келеді. Ақпаратты нақты және жедел өңдеуге, абоненттерге жұмсалатын уақытты қысқартуға, еңбек ресурстарын үнемдеуге, коммуналдық қызмет түрінің кез келген түрін есептеп шығаруға мүмкіндік беретін бағдарлама бүгінгі күні қажет-ақ.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»