«Нұр Отан» партиясы жергілікті филиалында облыстық филиал төрағасы, облыс әкімі Болат Бақауовтың қатысуымен XXI есептік-сайлау конференциясы өтті. Конференция жұмысына «Нұр Отан» партиясының хатшысы Наталья Годунова қатысты. Жиында ел Тәуелсіздігі 25 жылдығының Декларациясын қабылдаудың маңыздылығы, еліміздің өсіп-өркендеуіндегі Елбасы рөлі айтылды. Партияның облыстық филиалының 2015-2016 жылдары атқарған жұмысы жайында ақпарат берген партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко филиал қызметінің басым бағыты Елбасы жүктеген міндеттерді жүзеге асыру болып табылады. Бұл «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді стратегия, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» Сайлауалды бағдарламасына қатысты, – деді.
Бүгінде облыстық партия ұйымында 63 785 мүше бар. Облыстық филиал құрылымы 13 аумақтық филиалдан, 407 бастауыш партия ұйымы, соның ішінде 1000 адамнан астам мүшесі бар 10 бастауыш партия ұйымынан тұрады. Облыстық партия ұйымының 41,2 пайызын экономика саласының, қызмет көрсету, шағын және орта бизнес пен шаруа қожалықтары өкілдері, 24,7 пайызын әлеуметтік сала мамандары құрайды. Конференцияда партияның облыстық филиалының саяси кеңесі мен бақылау-ревизиялық комиссияның жаңа мүшелері сайланды. Сонымен қатар, жергілікті филиалда сайлауалды платформаның жүзеге асырылу барысы, қоғамдық қабылдаулардың қызметі туралы да жан-жақты сөз болды. Конференция соңында партия хатшысы Наталья Годунова облыс әкімі Болат Бақауовқа «Белсендi еңбегі үшiн» төсбелгісін табыстады.
Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР