03 Желтоқсан, 2016

Міндет ауқымды, еңбек қарқынды

585 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
20161128_181241Жалпы, жұртшылыққа кен орындарында мұнай өндіру тек белгілі бір компаниялардың ғана жұмысы болып көрінуі мүмкін, алайда, қақаған қыс пен шіліңгір шілдеде толас таппайтын бұл жұмыс бір кісідей жұмылған сан мыңдаған адамдардың еңбегі, бірнеше ірілі-ұсақты мекемелердің жұмылуының жемісі. Маңғыстау өңіріндегі мұнай өндіру ісінде, еңбек өнімділігінде компанияларға сервистік қызмет көрсететін кәсіпорындардың маңызы зор. Бұл тұрғыда біз Бозашы бойын­дағы «Қаламқас» кен орны мен Жетібай кен орнына құрылыс бағыты бойынша сервистік қыз­мет көрсетіп келе жатқан «Oil Construction Company» ЖШС-ін атай аламыз. 2003 жылы «Маңғыс­таумұнайгаз» АҚ-тың Жетібай, Өзен, Қаламқас, Қара­жанбас сияқ­ты атақты кен орындарын ашу, жайластыру және игеруде басты рөл атқарған «Маң­ғыстаумұнара» ЖШС, «Неф­­тестрой» ЖШС, «Маң­­­ғыс­таумұнайжолдары» ЖШС сынды үш ірі кәсіпорынның бірі­гуі нәтижесінде құрылған мекеме қазіргі таңда 2000-ға жуық адамды еңбекпен қамтып отыр. Қаламқас құрылыс-құрастыру қызметі, Же­тібай құрылыс-құрастыру қыз­меті, Көлік және арнайы техника қызметі, Өндірістік қамтамасыз ету базасы сияқты негізгі төрт бөлім­шеден тұратын сервистік ком­пания Қаламқас және Жетібай кен орындарына автомобиль және технологиялық жолдар салып, оларға қызмет көрсетуден бастап, бұрғылаудан шыққан ұң­ғылардың басына тербелмелі қондырғыларды қою, ток жүйесін орнату, жоғары кернеулі ток бағаналарын орнату, бұрғылауға дейінгі алаңшаларды жасау, шыны-талшықты құбырлар салу, күштік және энергетикалық жабдықтарды құрастыру, түрлі ғимараттар кешенінің құрылысы, құбыр оқшаулау, жалпы ұңғылауға қатысты құрылыс жұмыстарын толықтай атқарып келеді. Әлемдік деңгейде қаржы қыспағы орнап, дағдарыс дендегенге дейін өзіне жүктелген міндеттер мен жоспарларды мінсіз орындап келген сервистік серіктестік бас­шылығы заман талабына сай жаңаша қимылдау қажет екендігін ұғынды. Осылайша, мүмкіндікке қарай қызмет көрсету аясын ұлғайтып, қосымша қызметтерді қосып атқаруға кірісті. Бастама нәтижесіз емес, «іздегенге – сұра­ған» дегендей, ойға алған істерін орындатуға ынта білдірушілер табыла кетті. Аз уақыт ішінде Бейнеу кентінің ауылішілік және Жыңғылды – Таушық аралығына газ желілерін тартып, 170 шақы­рымдық Тау­шық – Қаламқас тас­жолын қал­пына келтіру, ағымдағы жөн­деу жұмыстарына қатысты. «Өзенмұнайгаз» кен орнынан мұнай құюға және сақтауға арнал­ған сыйымдылығы 10 мың текше метр және 5 мың текше метр қазандар орнатып берсе, «ҚазТрансОйл» АҚ-қа қалдық су­ды қалпына келтіру, тазалау қон­дырғысы мен алаңшасын салды, «Қаражанбас» кен орнын­да ток жүйесін салуға ат салысып, аталмыш компанияға қарас­ты «Тұлпармұнайсервис» ЖШС-не футбол алаңын салды. «Маңғыс­таумұнайгаз» АҚ-тың бастамасымен Қаламқас әулиенің басына түнеухана салынып, осы аттас кен орны мен әулие арасына қатқыл табанды жол төседі. «Қаламқас» кен орнында өз­деріне жүктелген жұмыстарды мүлтіксіз орындап келе жатқан «Oil Construction Company» ЖШС-нің Қаламқас құрылыс-құрас­тыру қызметінде екі ауысыммен 500 адам еңбек етеді. Маңғыстау облысының аудан-қалалары мен Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Оңтүстік Қазақ­стан облыс­тарынан келіп жұ­мыс істейтін қызметкерлер үшін барлық жағ­дай жасалған. Жұ­мыс­шылар үшін заманауи үлгі­дегі шешіну-жуыну нысаны, екі асхана, төрт жатақхана, футбол алаңдар мен кәсіподақ ұйымының бастамасымен алынған тренажерлік жабдықтар, бильярд, теннис үстел­дері, «Отау ТВ» жүйесімен қам­­тылған теледидарлар, ор­талық кітапхана, мәдениет үйі бар. Жұмысшылар өзара және ауқымды спорттық сайыстарға қатысып, жыл сайын мұнайшылар мерекесі қарсаңында өтетін «Үз­дік маман» байқауында бақ сынайды. Жарыстар жеңіссіз емес екен, мекеме төріне тізілген кубоктар мен мадақтамалар жарқын жүл­делерден хабар береді. Мекеме басшыларының айтуынша, «Қаламқас құрылыс-құрастыру» бөлімшесі базасында жолдар үшін арнайы асфальттар дайындалады және «Қаламқас» кен орнындағы төселген тасжолдар түгелге дерлік компанияның атқаруымен жүзеге асырылуда екен. Сондай-ақ, аталмыш кен орнындағы компанияның құры­лыс бөлімшесіне асфальт жол салуға, құбыр тартуға, өзге де жұмыс бағыт­тарында қыз­мет ететін 140-тан астам техника түрі бар, жөндеу база­сы­мен және техникалық қыз­мет көр­сету орталығымен «Қаламқас» кен орнына орналасқан көлік­жайда доңғалақ жөндеп, май бөлшектерін жуатын, аккуму­лятор жөндейтін цехтар бар. Қосымша жұмыс көздері есе­бінде, биылғы жылы компания қызметкерлері «Қаламқаста» күрделі екі қазан құрылысын жүр­гізсе, төрт қазанды күрделу жөн­деуден өткізген. Бұған дейін олар неміс технологиясы негізінде, германиялық «Siemens» фир­масының жабдықтарын ор­натқан газ-трубиналық электр стан­са­сының құрылысына қаты­сып, «Қаламқас» кен орнының 40 пайыз электр энергиясымен қам­­тылуына қол жеткізсе, қазір­гі таңда «ҚазТрансОйл» АҚ-қа жы­лу қондырғысын орнату жә­не «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-тың ен­шілес кәсіпорны, тех­ни­­ка­лық қызмет көрсететін «Ойл­ТранспортКорпорейшн» ме­ке­месіне 400 техникаға арналған га­раж салу жұмыстарын қызу жүр­гізуде. 8 карьерден құм, ұлутас, мергель, шақпатас, шойтас, құмды малтатас сияқты құрылыс материалдарын өндіретін компания «Қаламқас» кен орнынан құм, мергель өндіріп келеді. Теңіз суының көтерілуі салдарының ал­дын алу мақсатында су бөгетін са­лып, оны тұрақты қадағалап отырады. Еліміз ұлы мереке – Тәуел­сіздіктің ширек ғасырлық мерей­тойының табалдырығында тұр. 25 жыл ішінде аяқтан тұрып, әлемдік деңгейде танылған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында тұтас халықтың, ірілі-ұсақ­ты кәсіпорындар мен жекелеген еңбек адамдарының үлесі зор. Ел еңсесін тіктеп, тәуелсіздікті баянды етуге Маңғыстау даласының қиыр түбіндегі кен орындарында еңбек етіп жатқан құрыш білекті мұнайшылардың үлесі көп. Өз істерін жетік меңгерген мұнайшылар қай істі болсын ше­берлікпен атқарып, жақсы іст­ер­ге жұмылып келеді. – Жатақхана бар, үш мезгіл тамақ беріледі. Жалақыны уақы­тында алып тұрамыз, жағдайы­мыз жаман емес, – дейді қазан құрылысы басында жүз­дес­кен мұнайшылар атынан қа­зан құрастырушылар Қай­рат Ерекешов пен Мұрат Бисе­ке­шов. Салада 2001 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан олар – өз жұмыстарының бесаспап шебер­лері. Олардың сөзін мұ­най саласында 43 жыл еңбек өтілі бар Г.Харченко, қазан құ­рас­тырушы Д.Тихомолов, дә­некерлеушілер В.Пахомов және Б.Ұзақбаев қостай түсті. Бір ай немесе ай жарым уақытта үлкен сыйымдылықтағы қа­занды салып бітіретін олар кезекті қазан құрылысын мұқият жүр­гізуде. Міндетті сервистік қыз­мет­термен бірге, қосымша жұ­­мыс­тарды атқарып, кіріс көз­дерін ұлғайта түскендіктен, қар­жылық-эко­номикалық дағда­рыстарға қа­ра­­мастан, компания­да жұ­мыс­шы­ларға қысқарту жүрмеген, жұ­мыс орны тұрақты сақта­лып келеді. Халыққа керегі – Тәуелсіздіктің тұрақ­тылығы, тыныштық және даму. Әлем елдерінде болып жат­қан жағдайлар бізге өзімізде бар құндылықтарды қас­тер­леуге, ба­ғалауға және оны сақ­тап қалуға мүдделі екенімізді ұғын­дырады. Ерен еңбегін ел дамуына, халық несібесіне арнаған мұнай­шылардың әрбір жұмысы – тәуелсіз Қазақ­стан­ның келешегі үшін қаланған кір­піш екені анық. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» Маңғыстау облысы Суреттерді түсірген автор