03 Желтоқсан, 2016

Ауыл мешіті қайта жаңарды

289 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Әлі есімде, сонау 90-шы жылдардың басында, ел тәуел­сіздігін алысымен жер-жерде дінімен қайта қауышқан халық жапа-тармағай ауылдарында мешіт салуға кіріскен еді. Солардың бірі өзім туып-өскен Ынталы ауылының бас көтерген азаматтары Жолдыбай Енді­баев, Әбдеш Мәдиев, Имамбай Исламов, Камал Өмірбеков, Төлепберген Әділбеков және басқалар ағайындардың басын қосып, қолайлы жер таңдап, мешіт салуды қолға алды. Бірер жылда көптің күшімен мектептің қарсы бетінен сол иманды­лық үйі де бой көтеріп, оған діни басқарманың рұқсатымен Төрегелді қалпе аты берілген-ді. Төрегелді қалпе болса ертеректе Мир-араб медресесін бітірген, осы ауылдан шыққан тұңғыш діни қызмет атқарған діндар болған. Алғашқы азан үні де естілді. Бұл күн ауыл тұрғындары үшін ерекше қуанышты күн болғаны сөзсіз. Содан бері де 20 жылдан аса уақыт өтіпті. Уақыт өз дегенін істейді. Ғимарат ескіре бастады. Енді оны бүгінгі уақыт талабына сай қайта жаңарту қажеттігі туындады. Көпшілік ойлана бастады. Осы сәтті күтіп жүргендей, ауылдың перзенті, Шымкент қаласында тұратын Қарабек қажы Төлбасиев Орда­басы ауданының бас имамы Бастарбек Кенжеұлымен және белгілі кәсіпкер ұлдары Серік, Бауыржанмен ақылдасып мешіт ғимаратын қайта жаңартуға бел буды. Ескі ғимарат сүріліп, оның орнына жаңадан көрікті де зәулім, қос мұнаралы тамаша мешіт тұрғызылды. Бұрынғысынан тағы бір ерекшелігі, аумағы е­дәуір кеңейтілді. 150 кісіге арналған әрі оған жергілікті балалардың діни сауатын ашатын кең бөлме мен имамның қызметтік бөлмесі қосылды. Ғимараттың алдына түрлі-түсті тас кірпіштер төселді. Ауыл мектебі түлектерінің бір тобы темірден аспалы жүзім бағаналарын тұрғызып, мешіттің көркіне көрік қоса түсті. Күзетші үшін де екі бөлмелі тұрғын үй тұрғызылған. Жылу жүйесі іске қосылған. Мешіттің іші де көрікті. Намаз оқылатын зал­ға кілем төселген. Расында да, мешіттің сыртқы көрінісіне ішкі көркі сай. Мешіттің ашылу салтанатына қатысушылардың қарасы көп. Алыс-жақыннан келген қонақ­тар да аз емес. Көпшіліктің жүзі қуаныштан бал-бұл жанады. Келушілер мешіт ғимаратын Алла разылығы үшін тұрғызған Қаракеңе сәлем беріп, құтты болсын айтысып жатты. Іле мешіттің ашылу рәсімі де бас­талып, оң­түс­тікке белгілі қари Кәмілжан Садықов қасиетті Құран Кәрімнен аят, сүрелер оқыды.  ҚМДБ-ның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі Ахметжан Керімбеков, ауданның бас имамы Бастарбек Кенжеұлы мен осы жолдардың авторына алғашқы құттықтау үшін сөз берілді. Жаңа мешіт пен оны салдырушы Қарабек қажыға қасиетті Құран Кәрімнің соңғы шыққан Сәбит Ибадулла мен Ермек Мұқатайдың қазақша тәржімалары және т.б. да діни уағыздық кітаптар тапсырылды. Ауыл тұрғындары ұлттық дәстүрімізге сай Қарекеңе тұлпар мінгізіп, иығына шапан жауып жатты. Бұл салтанатта облыс пен ауданның белгілі еңбек ардагерлері Жолдыбай Ендібаев, Ісмәт Тұрсынқұлов, Төлепберген Әділбеков, Нұралы Исабеков өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірсе, «Ай» мейрамханасында жайылған дастарқан басында да ізгі тілектер жалғасты: «Қайта жаңарған мешіттің іші ілім мен білімге, шуақты нұрға толып, жамағаты көбейе бергей! Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кім жер бетінде Алланың үйін салса, Жаратушымыз оған жәннатта сарай салып береді», – деген хадисіне орай мол сауаптарды нәсіп етсін!». Алла тағала көптің тілегін қабыл ете гөр, әумин!  Оңғар ӨМІРБЕК, журналист