03 Желтоқсан, 2016

Халық қасиетін айшықтаған

397 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
sembi-1Астананың Тәуелсіздік алаңы­ның төріне орнатылған «Қазақ Елі» монументіне келген қонақ­тарымыздың бас имейтіні жоқ. Елордамызда әр кез болатын үлкен іс-шараның барлығы осы Тәуел­сіздік алаңында өтет­­і­ні белгілі. Еңсесі биік тұғырға ор­на­ты­лған, қанатын жайған дала­ның алып құсы алтын Самұрық құсымызды ұқсата білген Сембіғали Абзал­бек­ұлының сұң­қар шабытынан туған осын­дай баға жетпес туынды тәуелсіз­діг­іміз­дің символына айналды. Қазақта «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген қанатты сөз бар. Қазақстаның еңбек сіңірген қайрат­кері, Бельгиядағы «Интернационал суретшілер одағының» мүшесі, «Бүкіл әлемнің бейбітшілік сурет­шісі», Еуропарламенттің «Өнер кавалері» орденінің иегері, профессор Сембіғали Смағұлов – өзі туралы көпке сырын аша бермейтін, көп жұмыс жасайтын жанның бірі. Оның қолынан шыққан бейнелеу өнерінің алуан түрлі мону­ментті көркем бейнелерін, мүсін­дерін, Қазақстанның көп жері­нен кездестіресіз. Монументті өнер туындылары елордамыз Астананың төрінде мемлекеттік және әлемдік маңызға ие ғимараттарда: «Астана Опера», «Салтанат Сарайы», «Думан» ойын-сауық орталығы, «Алжир» музейінде тұр. Халықтың қазынасына айналған жүзден аса өнер туындылары жұрттың ерекше назарын аударып келеді. Қылқалам иесінің туынды­ларын қарап отырсаң, қазақ хал­қына тән салт-дәстүр мен батыр­лықты байланыстыра білге­нін бай­қайсыз. Бұл – оның шебер­лігі­нің, талантының, жанкешті ең­бегінің арқасында ұшталған қол­­таңба. Өнерді өміріне серік ет­кен сурет­шілер қауымы жүріс-тұры­­сы­мен, киім киісімен кейде ашыл­­майтын қазынадай, шешіл­мейтін жұмбақтай көрі­неді. Өнер адам­дарының, әсіресе, сурет­шілер­дің қай-қайсы­сы да жан дүниесін бірден ашып, бойлата бермейді. Сембіғали да солай. Ойында тек шығармашылық. Іздесең күндіз-түні шеберханасынан табылады. Бастаған ойын шашыратып алмау үшін көпшілікке көп бара бермейтін жанның бірі. Жуырда «Бабалар аңсаған Тәуелсіз­дік» көрмесіне арнайы жазған, әлі бояуы кеппеген үлкен туын­дысының аты айтып тұр­ғандай, сомдалған «ҚҰНАНБАЙ» образына қарап, алып Абайды дүниеге әкелген әкені байқайсың. Бұл суреттен әр адам өзінің рухани байлығын кеңейтуге, жан дүниесінің жұмбақ сырын ұғуға ұмтылады. Кесек-кесек реңдік әсерлерді айқындау, бояуларды үйлестіру арқылы Құнанбай образын ашып, оның қайрат-қажырын, Абайдың әкесі дерлік ақыл-парасатын, азаматтық біртуарлығын көрсете білген. «Қазақ Елі» монументі Қазақ елінің өткені мен бүгі­нін топтастыруға тырысқан компози­ция­лық мазмұны мол кешен ғана емес, ал халық рухының мәңгі­лігін, мемлекеттің тұтас­тығын, іргесінің беріктігін аңғартатын белгі. Ертеңгі ұрпаққа «Қазақ Елі» монументі мен Қазақстан Рес­пуб­ликасы Тәуелсіздігінің 25 жыл­д­ығы бірдей қымбат боларына да сеніміміз мол. Осылайша дүйім жұрттың ал­дын­да шымылдық түріп, бас шаһары­мыздың шырайын келтір­ген, өзінің төрт құбыласына әлеу­мет­тік, экономикалық, саяси және рухани құндылықтарды теңдей тоғыстырған алып кешен тәуелсіз елдің зор мүмкіндіктерін, ішкі әлеует-қуатын әлі талай паш ете бермек. Алда «Қазақстан Тәуелсіздігі» монументі асқақтауы керек. Сан қырлы өнер иесінің бұған да өз үлесін қосарына күмән жоқ. Себебі, Сембіғали Смағұлов өнердің осы ғажап саласында халқымыздың қормал қасиеттерін айшықтай отырып, Тәуелсіздігіміздің, ұлттық тарихымыздың жыршысына айналған адам. Рысбек АСҚАРҰЛЫ АСТАНА