03 Желтоқсан, 2016

Төмендетілген тарифтің тиімділігі

161 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
2015 жылы Еуразиялық Топ (ERG) бас­шы­лығының шешімімен оның құ­рамына кіретін «Еуразиялық энергети­калық корпорация» АҚ Ақсу электр стан­сасы ресурстарын пайдалану арқылы Руд­ный қаласы мен Қашар кентіне электр энер­гиясын тасымалдау мүмкіндігі туды. Нәтижесінде, Рудныйда электр қуаты­ның тарифі 10 пайыздан артық төмен­деп, үстіміздегі жылдың аяғына дейін баға өзгермей қалды. Енді компания басшы­лығы 2017 жылда да тарифті тұрақты ұстап тұрудың мүмкіндіктерін тапты. Айтпақшы, бұл шешім қабылданбас бұрын қалаға электр энергиясы Екібас­тұз МАЭС-1-ден жеткізілетін және ондағы 1 кВт-ның құны Ақсу станса­сы­­ның босату бағасынан әлдеқайда қымбат болды. Ал 2015 жылдың 1 сәуі­рінен бастап электр энергиясына ақы төлеу кезіндегі квитанцияларды тол­тырғанда тұтынушы 1кВт-тың бағасын жыл басында бекітілген 16,11 теңгенің орнына 14,46 теңге деп бел­гіледі. Осылайша, жыл қорытындысы бойын­ша жеке тұлғалар – 87 миллион, ал заңды тұлғалар – 97,6 миллион теңге, барлы­ғын қосқанда 184 миллион теңге үнемдеді. Үстіміздегі жылдың соңына дейін бұл үрдіс жалғасын табады. Электр энергиясына төленетін қаржы келесі жылы да үнемделетін болады. – Біз төмендетілген тариф бойынша төлеуге үйреніп алдық. Ал еліміз үшін экономикалық қиын кезде, әдетте, бағалардың өсуін күтеміз. Кенші­лер қаласының тұрғындары электр энергия­сының төлемін арзан төлейтін бол­дық. Бұл біз үшін өте қуанышты жағдай, – дейді зейнеткер Валентина Мас­лова. – Сондықтан Еуразиялық Топ басшы­лы­ғына халыққа жасап жатқан қам­қорлығы үшін зор алғысымды білдіремін. – Мен Ресейде тұратын таныстарыма бізде электр энергиясының тарифі төмендегенін айтқанда, олар маған сенген жоқ. Себебі, барлық жерде тек өсім байқалады. Енді мұндай баға келесі жылы да сақталатындығымен мақтана аламын. Бұл ел Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығы мерекесі қарсаңында үлкен сый болып, қуанышымызды еселей түсті, – деп толықтырады тағы бір аға ұрпақ өкілі Мақсұт Алтынбаев. Еуразиялық Топ үшін бизнестің әлеу­­­мет­тік жауапкершілігі басым бағыт­­­тар­дың бірі болып қала бермек. Руд­ный мен Қа­шарға тасымалданатын арзан электр қуа­ты бұл – тұрғындардың әлеумет­тік әле­уетін арттыру, тұрмысын жақ­сарту ба­­ғы­­тындағы жұмыстардың бір парасы ғана. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» РУДНЫЙ