агрокәсіпкерлікті дамытуға оң ықпал етіп отыр
Аршалы ауданының Арнасай ауылында елді елең еткізген маңызды жоба жүзеге асырылуда. Басты мақсат – тамшылата суару технологиясын енгізу арқылы суды үнемдеудің тұрақты жүйесін қалыптастыру. Негізгі діңгегін жергілікті мектептегі «Ақбота» қоғамдық қоры мен үкіметаралық ұйымдар ұстап отырған жоба аталған ауданның 6 ауыл аймағын қамтып, оны іске асыруға кемінде 16 мың адам қатыстырылады. Бұған қосымша, Ақмола облысының 3 ауылдық ауданының тұрғындарын ауыз суды үнемдеу бағытындағы жаңа технология негіздерін оқытуға тартып, Астана маңындағы елді мекендердің 30 мыңнан астам адамын ақпараттандыру жоспарланған.
– Кейде жаңсақ қадамдар жаңа бастамаларға жол ашатыны бар, – дейді «Ақботаның» жобалық қызметінің жетекшісі Татьяна Немцан. – Астана су қоймасы 2008 жылы стратегиялық нысан дәрежесін алды. Мақсат белгілі болғанымен, көп ұзамай «медальдің екінші жағы» көрініс берді. Ауыл тұрғындары ауласындағы бау-бақша ауқымы күрт кеміді. Мәселен, Арнасай ауылында 2009 жылы 14 гектар осындай аумақ болса, қазір ол екі есе азайып, бос жерлер көлемі көбейді. Жаз айларында су қоймасынан су алу тоқтатылысымен Арнасай ауылындағы су жүйесіне түсетін салмақ 3 есе артты. Оның үстіне, қолда бар желі бау-бақшаны суландыруға лайықталмаған. Қарапайым есеп 0,12 гектар үшін әр отбасы 5 доллар жұмсауға мәжбүр болды. Бұл бір айда 120, ал жазғы маусымда 400 долларды құрайды. Су тапшылығы мен қымбатшылығы Аршалы ауданының өзге ауылдарын да тығырыққа тірегенін айту керек. Осыған байланысты біздің қоғамдық қор батыл қадамдар жасап, игі ұмтылыстарымыз қолдау тапты.
Осыдан бес жыл бұрын Арнасайдағы Вячеслав орта мектебінің екі жылыжайындағы 300 шаршы метр алаңда және ашық алаңдағы учаскелерде эксперименттік негізде тамшылатып суару технологиясы қолға алынды. Сонымен қатар, Арнасай ауылындағы 10-16 жас аралығындағы 35 мүшесі бар «Жас фермер мектебінде» климаттық өзгерістерге байланысты мектеп және тұрғындар бақшасында көкөністерді тамшылатып суару технологиясын ұйымдастыру мәселесі зерттелді. Белгілі ғалымдар мен мамандардың қатысуымен атқарылған жұмыс нәтижелері Қазақстанның солтүстік өңірінде су шығынын 2 есеге қысқартуға және арнайы алаңдарда өнімділікті анағұрлым арттыруға мүмкіндік барлығын дәлелдеп отыр.
Жоба Ақмола облысындағы қоғамдық және әкімшілік органдар тарапынан қолдау тапқаны қуанышты. Оның жалпы құны 155600 АҚШ долларына тең болса, Үкіметтен сұралатын қаржы 100 мың доллар шамасында. Қалған шығынды өз мойнына алып отырған жоба үйлестірушілерінің батылдығы да сүйсінтеді. Өйткені, жобаны жүзеге асыру мейлінше қысқа мерзімде жүзеге асырылмақ.
Жауапты жобаның жауапкершілігін жақсы түсінетін «Ақбота» қоғамдық қоры құнды істі қолға алғалы көптеген сенімді әріптестер құрамын топтастыра білді. Шеф-монтаж міндетін ойдағыдай атқарып жүрген «Жас фермер мектебіндегі» волонтерлер тобын айтпағанда, Арнасай ауылының 300 тұрғыны құрылтайшысы саналатын «Қайсар» ЖШС жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті. Арнасайлықтар тұрмысы төмен, көп балалы және жалғыз басты ауылдастарын 3 текше метрлік сужинағыштар, сорғыштар, шлангалармен қамтамасыз етуге көмектесуде. Қазірдің өзінде Арнасай ауылында тамшылатып суару жүйесіндегі 160 учаске, Жібек жолы, Волгодоновка, Михайловка ауылдарында, Бабатай стансасында және Аршалы кентінде 10 тәжірибелік учаске ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 8 оқу семинары өткізіліп, жоба бойынша атқарылған жұмыс қорытындысын баяндайтын фильм, 12 беттік үш тілдегі журнал, фотокөрме және екі форматтағы күнтізбе шығарылды. Мұның барлығы әлемдік «Мыңжылдық тұғырнамасы» талаптарымен сәйкестендірілгенін де атап өту ләзім.
– Вячеслав орта мектебінің негізінде 2004 жылы құрылған «Ақбота» қоғамдық қоры көптеген игі істердің бастамашысы бола білуде, – дейді Аршалы ауданының әкімі Азамат Тайжанов. – Олар ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына екпін берген «Балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру», «Парлы алқап құнарын арттырудың баламалы технологиясы» және басқа жобаларды жүзеге асыра білді. Қоғамның жаңа ұмтылыстары аудандық әкімдік кеңесінде кеңінен талқыланып, мүдделі ұйымдар мен мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді. Мектептер мен ауылдардағы жылыжайлар мен тұрғындардың аулалық учаскелерінде тамшылатып суару технологиясын ендірудің тәжірибелік мәні орасан және ол ауылдағы кәсіпкерлік қозғалысқа жан бітіретіні сөзсіз.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы,
Аршалы ауданы