03 Желтоқсан, 2016

Тынық мұхиты альянсы елдері

371 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
100-851ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде ортақ павильон ашады Чили Сыртқы істер министрлігі Тынық мұхиты альянсының ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысатынын ресми түрде растады. Чили, Перу, Колумбия және Мексика ортақ павильон ашатын болады. Осымен, бүгінгі таңда, 111 ел ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысатынын ресми түрде растап отыр. Көрменің «Болашақтың энергиясы» тақырыбы Тынық мұхиты альянсы елдеріне өзекті, өйткені, бұл елдер жаңартылатын энергия көздерін кең қолдану мүмкіндігін белсенді түрде зерттеуде. Мәселен, Чилиде күн энергиясы тау-кен өнеркәсібіне қарағанда жиі қолданылады. Ең ірі фотоэлектрлік күн сәулелік электр стансасы – «Catama Solar» жылына 2,62 ГВТ энергия өндіреді. Мексикада 2018 жылға жел және бу стансаларына 5 млрд доллар инвестиция салу жоспарланып отыр. 2018 жылдың аяғында елдің фотоэлектр саласында белгіленген 67 МВТ қуаты 1300 МВТ қуатқа дейін ұлғаяды, сөйтіп, сарапшылардың бағалауынша, энергетика саласының Латын Америкасы нарығында беделі өседі. Бүгінгі таңда Перудің электр энергетикалық қуатының 54 пайызы жаңартылатын энергия көздері, атап айтқанда, су электр стансалары құрайды. Жақын уақытта бұл көрсеткіш 60 пайызға ұлғаяды деп күтілуде. Колумбияда 400 МВТ қуат өндіретін «El Quimbo» су электр стансасы іске қосылған. Сонымен бірге, Колум­бия бүгінде Медельин қаласындағы университеттің профес­сорлары мен студенттері жасаған күн энергиясы арқылы жүретін тұңғыш автомобилімен танымал бола бастады. Бұған дейін Қазақстан Республикасы СІМ-і ЭКСПО-2017 хатшылығы мен Қазақстанның және Бразилиядағы елшілігінің өкілдері Чили тарапының шақыруымен альянстың бірқатар ортақ іс-шараларына қатысқан болатын. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың 14 қазанында Чили астанасы – Сантьягода орын алған Тынық мұхиты альянсына мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейіндегі жиынның шеңберіңде қазақстандық дипломаттар көрме туралы тұсаукесер өткізіп, оның тақырыбының өзектілігін атап өткен еді, сондай-ақ, объектілердің салыну барысы, оларды тапсыру уақыты, елдердің қатысу мүмкіндіктері мен шарттары туралы айтып берген болатын. Тынық мұхиты альянсы 2012 жылдың 6 маусымында Чилидің Антофагаста қаласында қатысушылардың негіздемелік келісімге қол қоюлары арқылы төрт Латын Америкасы елдері – Чили, Перу, Колумбия және Мексика арасында құрылған болатын. Аталған экономикалық одаққа қатысушы мемлекеттер Қазақстан Республикасындағы елшіліктерінен бөлек, елімізде ортақ дипломатиялық және сауда өкілдіктерін ашуды көздейді, деп хабарлады ЭКСПО-2017-нің баспасөз қызметі.