03 Желтоқсан, 2016

Сергектікті серік еткен Секербаевтар

97 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
serik-otbasyМарафоншы Серік Секербаевтың отбасы Ертіс – Қарақұдық – Ертіс бағытындағы бірнеше шақырымдық жолды жаяу жүріп өтті. Ағайынды Ермек, Алмас, Айбол Секербаевтар Ертіс ауданында туып-өсті. Әкелері Серік Исақұлы – жеңіл атлетикадан спорт шеберлігіне канди­дат. Секең оқушы кезінен-ақ жүгіре бастапты. Тіпті, үйленіп отбасылы болғанда да жақсы әдетін жалғастыра берген. Ауладан, аудан орталығы­ның көшелерінен басталған марафон оны Киев, Харьков, Алтай өлкесі, Ново­сібір, Омбы, Архангельск сияқ­ты алыс сапарларға алып барған. Ұл­дары Ермек, Айбекпен бірге Ертіс – Панфи­лов – Ұзынсу – Ағашорын – Майқоңыр – Бай­за­қов – Қызылжар жолы­мен жүріп өтті. Жел­аяқ жігіттердің әкелері 35 жылдан бері спортпен достасып келеді. Ұлы Ермектің өзі 30-ға келді. Кішісі Айбек екі жарым жасында Астанада өткен «Алтын күз» марафонында екі шақырым жерге жүгіріп, жұртты бір таңғалдырған еді. Ал Ермек 5 жасында Киевте өт­кен жарыста жеңіс тұғырынан көріне­ді. Содан бері талай шақырымдар­ды артта қалдырды. Он тоғыз жасында 42 ша­қырым қашықтықты бағындырады. Осылай басталған жетістіктер әлі жал­ғасуда. Облыста ұйымдастырылған «Мерей­лі отбасы» байқауында Секер­баев­тар «Әке жолын жалғаған» номинациясында бәйгелі болды. Ал ұлы Ермек «Қазақстан алюминийі» АҚ-тың гидрометаллургия цехында аппаратшы. Одан кейінгі Алмас №2 гидрометаллургия цехында жұмыс істейді, ал Айбол болса энергетика­лық жөндеу цехында дәнекерлеу­ші. Марафоншылар отбасы шақырту келсе-ақ, барлық жарыстарға қатысады. Облыстық, халықаралық сайыстар­дың жүлдегері атанып, бірнеше дүркін чемпионы да болды. Мәселен, «Медеу» марафонында, «25-Сібір марафонында» 8-орынды иеленіпті. Шаңырақтың кенжесі Айбек те желаяқтар қатарына қосылмақшы. – Жыл сайын Омбыда ұйымдас­тырылатын Сібір марафонына қаты­самыз. Жанкүйерлер жақсы қолдау көрсетеді. Биыл да дайындалып жатыр­мыз, – дейді Серік аға. Бір сүйсінерлігі, Секербаевтар жиі-жиі «Отбасылық марафон» өткі­зіп тұрады. Ертіс ауданы әкімінің орын­басары Ержан Рақымжановтың айтуынша, жерлестері Секербаевтар шаңырағын патриот отбасы санайды. Жеңістің 70 жылдығына орай Павлодар­дан Ертіс ауылына дейінгі 200 шақы­рымды екі күнде жүріп өтіпті. Ал Серік ағаның өзі егер мүмкіндік болып, қолдау көрсетіліп жатса, аудан орталығында саламатты өмір салтына лайық дене шынықтырып, жүгіруден жалықпайтын, шынықса шымыр, өмірге құштар, батыл жастарды тәрбиелегісі келеді. Әкімдіктегілер бұл өтінішті құп алады деп сенейік. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы