03 Желтоқсан, 2016

Саламаттылық сайысы

141 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Еліміздің болашағы, дамуы, өркендеуі отбасының берекесі мен бірлігіне тікелей байланысты. Аспанында бейбіт күні жарқыраған Отанымыздың тірегі – бақытты отбасы. Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Тегінде, әр отбасының айрандай ұйыған татулығы, біле-білсек, бізді ел етіп, елдік сананы қалыптастырып отыр. Міне, Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігінің 25 жылдығына орай «Ұлы Дала елі – Тәуелсіздіктің 25 негізі: жұлдызды 25 күн» аясында «Тараз Арена» спорт сарайында өткен «Отбасы – бақыт мекені» атты спорт сайы­сы шаңырақ шаттығын насихаттап, қатысу­шылардың рухын көтеріп, жігер­лендіріп тастады. Жарысқа 12 отба­сы­лық командадан тұратын 36 адам қаты­с­ты. Яғни, отағасы, анасы және 12 жасқа дейінгі баласы спорттың жүгіру, эстафета, секіру, арқан тарту және тағы да басқа түрлерінен өз бақтарын сынады. Шын мәнінде, спорттан келер пайда ең алдымен денсаулықтың мықты болуы емес пе? Соңғы жылдары елімізде дене шынықтыру мен спортқа, оның бұқаралық сипатта дамуына айрықша көңіл аудары­лып келеді. Бұл саладағы ең басты мақсат – жергілікті тұрғындардың, оның ішінде жастардың саламатты өмір салтын ұста­ну арқылы денсаулығын сақтауға ық­пал ету және спорт нысандарының қолжетім­ділі­гін арттыру. Өйткені, спорты биік елдің рухы берік. Өскелең ұрпақ та алдыңғы толқынға қарап бой түзейді. Бұл орайда «Отбасы – бақыт мекені» сайысының жас ұрпаққа берер тәлімі мол болды. Жарыс соңында жеңімпаз командалар Тараз қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің дипломдарымен, кубок және естелік сыйлықтарымен марапат­талды. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан»  Жамбыл облысы Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН