03 Желтоқсан, 2016

Ұлт денсаулығы – ел байлығы

2945 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
era_1887Кез келген елдің жоғары деңгейде өркендеп дамуының басты алғышарттарының бірі – халқының мықты денсаулығы. Міне, сондықтан да Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанның денсаулық сақтау саласының халықаралық стандарттарға сай болуына, инновациялық технологиялардың емдеу орталықтарында кеңінен қолданысқа енгізілуіне және денсаулық сақтау мекемелерінің білікті мамандармен қамтамасыз етілуіне барынша басымдық берді. Міне, Елбасының ұлт денсаулығына деген шынайы жанашырлығының нәтижесінде, елордамызда Орталық Азияда, тіпті Шығыс Еуропа елдерінде баламасы жоқ медициналық кластер клиникалары бой көтерді. Сөйтіп, еліміздің клиникаларында әлемнің ең дамыған елдеріндегі озық медициналық орталықтарда ғана жасалатын операциялар жасалып, адам өмірін арашалап қалудың мүмкіндіктері артты. Бүгінгі шынайы өмір жағ­дайы көрсетіп отырғанындай, Тәуелсіз­дігіміздің 25 жылы ішін­де Қазақ­станда денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып, ерекше жетіс­тіктерге қол жеткізді. Бұл айтыл­ған­дардың жалаң сөз емес екен­дігін дәлелдеу үшін нақты дерек­терге кезек беріп көрейік. Тәуел­сіздік жылдарында Қазақстан­да мемлекеттік бюджет есебінен 1312 денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 8 медици­налық ғы­лыми орталық, 32 маман­дан­ды­рыл­ған медициналық орта­лық, 176 аурухана, 144 емхана, 907 амбулатория және қан орталығы сияқты 45 мамандандырылған ден­сау­лық сақтау орталықтары бар. Елімізде Елбасының тікелей бастамасымен өмірге келген ме­ди­­­ци­налық кластер қатарында Ұлт­­тық ана мен бала ғылыми орта­лы­ғын, Республикалық балалар­ды оңалту орталығын, Рес­пуб­ликалық диагностикалық орта­лық­ты, Ұлт­тық нейрохирур­гия орталығын, Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығын, Ұлттық кардио­хирургиялық ғы­лыми орталы­ғын ерекше атап өткен жөн. Бұл орта­лықтар бүгінгі меди­цина­­ның ең озық үлгідегі тех­ноло­гия­лық құралдарымен жаб­дық­талып, әлемдік дәрежедегі жо­ғары сапалы медициналық қыз­мет көрсетеді. Қазір бұл заманауи меди­циналық орталық­тарда шет­елдерден келген белгілі ме­ди­ци­на мамандарымен бірге ден­сау­лық сақтау саласының әлем­дік жетіс­тіктерін меңгерген қазақ­стан­­дық білікті мамандар еңбек етеді. Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» атты өміршең жобасын іс жүзіне асыру мақсатында қазіргі таңда өңірлерде жалпы құны 360 миллиард теңгені құрайтын 350 дәрігерлік амбулатория, фельд­шер­лік-акушерлік пункттер және емханалар салу жоспары іс жүзі­не асырылды. Қазіргі таңда осы жоба аясында 65 денсаулық сақ­тау мекемесінің құрылысы жүр­гізі­лу­де. Оның ішінде 26 нысан биыл­ғы жылы, 39 нысан 2017 жылы пайдалануға беріледі. Еліміздегі медициналық ме­­ке­­­ме­­­лердің қызмет көрсету ауқы­­­мы мен сапасын жақсарту мақ­­са­тын­да Денсаулық сақтау және әлеу­меттік даму министр­лігі Қа­зақ­стан-Британия техни­калық университетінің маман­дары­мен бірлесе отырып, «Өңір­лер­дегі денсаулық сақтау саласы инфрақұрылымын және медици­налық қызмет көрсету дәрежесін дамыту жоспары» атты ақпараттық жүйе жасауда. Мемлекет басшысының ұлт ден­сау­лығын жақсарту мақ­сатын­дағы шынайы қам­қорлық­пен іс жүзіне асырып жатқан кешенді бастамалары өз жемісін беруде. Тәуелсіздігіміз салтанат құр­ған ширек ғасыр ішінде қазақ­стан­дықтардың өмір сүру ұзақ­тығы 4,4 жылға өсіп, 2015 жылдың қорытындысы бойынша 72 жасқа жетті. 1991 жылы бұл көрсеткіш 67,6 жасты құраған болатын. Сонымен бірге, тұрғындардың туу көрсеткіші осы мерзім ішінде 8,2 пайызға өсіп, 2015 жылдың қорытындысы бойынша 1000 тұр­ғынға шаққанда 22,72 адамды құрады. Тәуелсіздік жылдарында еліміздегі ана мен сәби өлімі тиісінше 5,4 және 3 есеге азайды. Сонымен бірге, осы жылдар ішінде жалпы өлім-жітім саны 6 пайызға төмендеді. Бұл жетістіктер қан айналымы жүйесі кінәраттарынан болатын өлім-жітімді 1,9 есе, қатер­лі ісік ауруларын 33 пайыз­ға, қайғылы оқиғалар кесірінен болатын жарақаттардан және улану­дан болатын өлім-жітім­ді 23,1 пайызға төмендету нәти­жесін­де мүмкін болды. Тәуелсіздік жылдарында қазақ­стан­дық медицинаның аса жо­ғары дәрежеде дамығандығын бүгін­де еліміздің ғылыми денсаулық сақтау орталықтарында жаса­лып жат­қан трансплантация операциялары­ның саны мен сапасына бай­ла­ныс­ты көз жеткізуге болады. Біз­­­дің елімізде адамдардың дене мү­­ше­­лерін ауыстыру операция­ла­ры 2012 жылы бастау алған бо­ла­­тын. Содан бері, яғни 2016 жылдың қараша айына дейін Қазақстанда туысқандары және қайтыс болған донорлар есебінен 1011 адамның дене мүшелерін трансплантациялау операция­лары жасалды. Атап айтқанда, 793 адам­ның бүйрегі, 170 адамның бауыры, 41 адамның жүрегі, 5 адам­ның өкпесі, 2 адамның өті алмас­ты­рылды. Сонымен бірге, 41 бала­ның діңгекті жасушалары алмастырылды. Қазақстандағы денсаулық сақтау саласының өркениетті талап­тарға сай дамығандығын көр­се­тетін тағы бір үлкен жетістік елі­міз­де 2011 жылы санитарлық авиа­ция қызметінің құрылуы болды. Осы жылдар ішінде сани­тар­лық авиация 8643 жедел жәр­дем ұшырылымын жасады. Сани­тар­лық авиация мамандары 10938 жедел жәрдем қызметін көрсетіп, 7850 сырқат адамды шұ­ғыл тасымалдау арқылы ажалға араша тұрған. Осы уақыт ішінде санитарлық авиация мамандары шалғай мекендерде 654 операция жасаған. Санитарлық авиацияның жұмылғыш бригадалары жол-көлік апатынан зардап шеккен 836 адамға жедел көмек көрсетті. Санитарлық авиация денсаулық сақтау ұйым­дары­ның әлеуметтік әлеуетін көр­сете отырып, еліміздің шалғай аудан­дарында тұратын халыққа және кездейсоқ апат кезінде жедел және сапалы медициналық көмек көр­сетуге бағытталған. Бүгінде Қазақ­стан­ның санитарлық авиациясының құрамында арнайы жабдықталған 36 ұшақ, оның ішінде 21 ұшақ және 14 тікұшақ қызмет көрсетеді. Іс тетігін қашанда білікті кадр­лар шешетіндігі белгілі. Тәуел­сіз­дік жылдарында Қазақ­станның денсаулық сақтау саласын білім­ді де білікті кадрлармен қам­т­а­масыз ету мақсатында жан-жақты жұмыстар жүзеге асы­рыл­ды. Мәселен, 2002-2015 жыл­дар ара­лығында ғана елімізде білік­ті­лікті арттыру және қайта даяр­лау курстарында денсаулық сақтау саласының 330 мыңнан астам маманы, оның ішінде 2572-сі шетелдерде кәсіби біліктілігін шыңдады. 2005 жылдан бастап медицина саласы мамандарын шетелдерде даярлау мақсатында кешенді шаралар іс жүзіне асырылып келеді. Жыл сайын республикалық бюджеттен денсаулық сақтау саласы кадрларын қайта даярлау және олардың біліктілігін жетілдіру үшін қыруар мақсатты қаржы бөлінеді. 2003 жылдан бері денсаулық сақтау саласы магистрлерін, 2008 жылдан бас­тап Қазақстанның Болон конвенциясына қол қойылуына байланыс­ты мамандар PhD докторантурасы мен резидентурасында даярлық­тан өткізілуде. Осы жылдар ара­лығында 2 мыңнан астам жоғары дәрежелі ғылыми маман кадрлары даярланды. Мемлекет басшысының ұлт денсаулығын ұлықтау мақсатын ұдайы назарда ұстап, бұл мәселеге басымдық беруіне байланысты еліміздің денсаулық сақтау сала­сын дамыту үшін алдағы уақытта да тиімді бағдарламалар іс жүзіне асырылатын болады. 2020 жылы тұрғындардың орташа өмір сүру жасын 73 жасқа жеткізу көз­де­лі­ніп отыр. Медициналық қыз­мет сапасын арттыру және оған қол­жетімділікті қамтамасыз ету таяу­дағы 4 жыл ішіндегі денсау­лық сақтау саласында іс жүзіне асырылатын стратегиялық мін­дет болып табылады. Ол үшін меди­циналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын, экономикадағы ауыт­қуларға қарамастан, тұрақты қар­жылық ахуалды қамтамасыз ететін тиімді модель қажет. Осы ретте Қазақстан Республикасының 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасының аясында елімізде 2018 жылдан бастап міндетті әлеуметтік меди­ци­на­лық сақтандыру жүйесі енгі­зілетін болады. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»