Кез келген елдің жоғары деңгейде өркендеп дамуының басты алғышарттарының бірі – халқының мықты денсаулығы. Міне, сондықтан да Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстанның денсаулық сақтау саласының халықаралық стандарттарға сай болуына, инновациялық технологиялардың емдеу орталықтарында кеңінен қолданысқа енгізілуіне және денсаулық сақтау мекемелерінің білікті мамандармен қамтамасыз етілуіне барынша басымдық берді. Міне, Елбасының ұлт денсаулығына деген шынайы жанашырлығының нәтижесінде, елордамызда Орталық Азияда, тіпті Шығыс Еуропа елдерінде баламасы жоқ медициналық кластер клиникалары бой көтерді. Сөйтіп, еліміздің клиникаларында әлемнің ең дамыған елдеріндегі озық медициналық орталықтарда ғана жасалатын операциялар жасалып, адам өмірін арашалап қалудың мүмкіндіктері артты.
Бүгінгі шынайы өмір жағдайы көрсетіп отырғанындай, Тәуелсіздігіміздің 25 жылы ішінде Қазақстанда денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып, ерекше жетістіктерге қол жеткізді. Бұл айтылғандардың жалаң сөз емес екендігін дәлелдеу үшін нақты деректерге кезек беріп көрейік. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда мемлекеттік бюджет есебінен 1312 денсаулық сақтау нысаны салынып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 8 медициналық ғылыми орталық, 32 мамандандырылған медициналық орталық, 176 аурухана, 144 емхана, 907 амбулатория және қан орталығы сияқты 45 мамандандырылған денсаулық сақтау орталықтары бар.
Елімізде Елбасының тікелей бастамасымен өмірге келген медициналық кластер қатарында Ұлттық ана мен бала ғылыми орталығын, Республикалық балаларды оңалту орталығын, Республикалық диагностикалық орталықты, Ұлттық нейрохирургия орталығын, Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығын, Ұлттық кардиохирургиялық ғылыми орталығын ерекше атап өткен жөн. Бұл орталықтар бүгінгі медицинаның ең озық үлгідегі технологиялық құралдарымен жабдықталып, әлемдік дәрежедегі жоғары сапалы медициналық қызмет көрсетеді. Қазір бұл заманауи медициналық орталықтарда шетелдерден келген белгілі медицина мамандарымен бірге денсаулық сақтау саласының әлемдік жетістіктерін меңгерген қазақстандық білікті мамандар еңбек етеді.
Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» атты өміршең жобасын іс жүзіне асыру мақсатында қазіргі таңда өңірлерде жалпы құны 360 миллиард теңгені құрайтын 350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункттер және емханалар салу жоспары іс жүзіне асырылды. Қазіргі таңда осы жоба аясында 65 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 26 нысан биылғы жылы, 39 нысан 2017 жылы пайдалануға беріледі.
Еліміздегі медициналық мекемелердің қызмет көрсету ауқымы мен сапасын жақсарту мақсатында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Қазақстан-Британия техникалық университетінің мамандарымен бірлесе отырып, «Өңірлердегі денсаулық сақтау саласы инфрақұрылымын және медициналық қызмет көрсету дәрежесін дамыту жоспары» атты ақпараттық жүйе жасауда.
Мемлекет басшысының ұлт денсаулығын жақсарту мақсатындағы шынайы қамқорлықпен іс жүзіне асырып жатқан кешенді бастамалары өз жемісін беруде. Тәуелсіздігіміз салтанат құрған ширек ғасыр ішінде қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 4,4 жылға өсіп, 2015 жылдың қорытындысы бойынша 72 жасқа жетті. 1991 жылы бұл көрсеткіш 67,6 жасты құраған болатын. Сонымен бірге, тұрғындардың туу көрсеткіші осы мерзім ішінде 8,2 пайызға өсіп, 2015 жылдың қорытындысы бойынша 1000 тұрғынға шаққанда 22,72 адамды құрады. Тәуелсіздік жылдарында еліміздегі ана мен сәби өлімі тиісінше 5,4 және 3 есеге азайды. Сонымен бірге, осы жылдар ішінде жалпы өлім-жітім саны 6 пайызға төмендеді. Бұл жетістіктер қан айналымы жүйесі кінәраттарынан болатын өлім-жітімді 1,9 есе, қатерлі ісік ауруларын 33 пайызға, қайғылы оқиғалар кесірінен болатын жарақаттардан және уланудан болатын өлім-жітімді 23,1 пайызға төмендету нәтижесінде мүмкін болды.
Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық медицинаның аса жоғары дәрежеде дамығандығын бүгінде еліміздің ғылыми денсаулық сақтау орталықтарында жасалып жатқан трансплантация операцияларының саны мен сапасына байланысты көз жеткізуге болады. Біздің елімізде адамдардың дене мүшелерін ауыстыру операциялары 2012 жылы бастау алған болатын. Содан бері, яғни 2016 жылдың қараша айына дейін Қазақстанда туысқандары және қайтыс болған донорлар есебінен 1011 адамның дене мүшелерін трансплантациялау операциялары жасалды. Атап айтқанда, 793 адамның бүйрегі, 170 адамның бауыры, 41 адамның жүрегі, 5 адамның өкпесі, 2 адамның өті алмастырылды. Сонымен бірге, 41 баланың діңгекті жасушалары алмастырылды.
Қазақстандағы денсаулық сақтау саласының өркениетті талаптарға сай дамығандығын көрсететін тағы бір үлкен жетістік елімізде 2011 жылы санитарлық авиация қызметінің құрылуы болды. Осы жылдар ішінде санитарлық авиация 8643 жедел жәрдем ұшырылымын жасады. Санитарлық авиация мамандары 10938 жедел жәрдем қызметін көрсетіп, 7850 сырқат адамды шұғыл тасымалдау арқылы ажалға араша тұрған. Осы уақыт ішінде санитарлық авиация мамандары шалғай мекендерде 654 операция жасаған. Санитарлық авиацияның жұмылғыш бригадалары жол-көлік апатынан зардап шеккен 836 адамға жедел көмек көрсетті. Санитарлық авиация денсаулық сақтау ұйымдарының әлеуметтік әлеуетін көрсете отырып, еліміздің шалғай аудандарында тұратын халыққа және кездейсоқ апат кезінде жедел және сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Бүгінде Қазақстанның санитарлық авиациясының құрамында арнайы жабдықталған 36 ұшақ, оның ішінде 21 ұшақ және 14 тікұшақ қызмет көрсетеді.
Іс тетігін қашанда білікті кадрлар шешетіндігі белгілі. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның денсаулық сақтау саласын білімді де білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында жан-жақты жұмыстар жүзеге асырылды. Мәселен, 2002-2015 жылдар аралығында ғана елімізде біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарында денсаулық сақтау саласының 330 мыңнан астам маманы, оның ішінде 2572-сі шетелдерде кәсіби біліктілігін шыңдады. 2005 жылдан бастап медицина саласы мамандарын шетелдерде даярлау мақсатында кешенді шаралар іс жүзіне асырылып келеді. Жыл сайын республикалық бюджеттен денсаулық сақтау саласы кадрларын қайта даярлау және олардың біліктілігін жетілдіру үшін қыруар мақсатты қаржы бөлінеді. 2003 жылдан бері денсаулық сақтау саласы магистрлерін, 2008 жылдан бастап Қазақстанның Болон конвенциясына қол қойылуына байланысты мамандар PhD докторантурасы мен резидентурасында даярлықтан өткізілуде. Осы жылдар аралығында 2 мыңнан астам жоғары дәрежелі ғылыми маман кадрлары даярланды.
Мемлекет басшысының ұлт денсаулығын ұлықтау мақсатын ұдайы назарда ұстап, бұл мәселеге басымдық беруіне байланысты еліміздің денсаулық сақтау саласын дамыту үшін алдағы уақытта да тиімді бағдарламалар іс жүзіне асырылатын болады. 2020 жылы тұрғындардың орташа өмір сүру жасын 73 жасқа жеткізу көзделініп отыр. Медициналық қызмет сапасын арттыру және оған қолжетімділікті қамтамасыз ету таяудағы 4 жыл ішіндегі денсаулық сақтау саласында іс жүзіне асырылатын стратегиялық міндет болып табылады. Ол үшін медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын, экономикадағы ауытқуларға қарамастан, тұрақты қаржылық ахуалды қамтамасыз ететін тиімді модель қажет. Осы ретте Қазақстан Республикасының 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасының аясында елімізде 2018 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетін болады.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»