03 Желтоқсан, 2016

Бірігу – береке бастауы

116 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Тараз қаласында Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының тауар өндірушілерімен кездесті. Кездесуде АӨК-ті 2017-2021 жылдары дамыту­ға арналған бағдарлама жобасы талқыланды. Бағ­дар­ламаның тұжырымдамалық ықпалы – қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа, фермерлік қожа­лық­тарды өндірістің өсу факторымен қатар, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін ескере отырып, ауқымды түрде кооперацияларды дамыту болып табылады. Сараптама нәтижесі бойынша, қосалқы шаруашы­лықтарда өндірілетін өнімнің 80 пайызы ауылдық жерде қалып қойып, қала тұрғындары мен өңдеуші кәсіпорындарға дейін жетпейтіні белгілі болып отыр. Есесіне еліміздегі сүт және ет кәсіпорындары бар болғаны 50-60 пайыз жүктемелік қуатпен жұмыс істеп тұр. Яғни, шикізат жетіспейді. Ал кооперация арқылы осы өнімді өндіріске жеткізудің механизмі түзіледі. Кооперативтерге біріккен жағдайда ең бірінші шешілетін мәселе – өнімді тасымалдау. Кооперацияда фермер өз өнімін тапсырады, ал кооперация тапсырылған өнімді қалаға немесе кәсіпорынға жеткізеді. Ал Мемлекет біріккен кооперацияға қолдау көрсетіп, субсидиялау және техника алуды несиелеу жүйесін қалыптастырып, айналымға қаражат береді. 2021 жылға қарай 500 мыңға жуық жеке қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықтары бірігіп, 1500 ауылшаруашылық кооперациялары құрылады деп күтілуде. Осының арқасында фермерлерді ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен өңдеуге біріктіре отырып, қазақстандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға болады. Қазақстан жыл сайын 1 трлн теңгеге жуық азық-түлік тауар­ларын импорттайды. Олар: ірім­шік, қант, сары май және т.б. Же­ке қосалқы шаруашылық пен шаруа қожалықтары өндірген өнімдерді кооперативтер арқылы сатып алып, өңдеп, шетелге кетіп жатқан ақшаны өз елімізде қалдыра аламыз. Жүктемелік 20-60 пайыз ғана құрайтын болғандықтан, өндірушілер ауыл шаруашылығы шикізатының жетіспеушілігін айтып отыр. Ауылшаруашылық өнімдерінің 10-30 пайызы ғана өңделеді. Бұл күрделі мәселелерді коо­перативтерге бірігу арқылы ше­шуге болады. Яғни, еліміздің әрбір фермері ауылшаруашылық кооперативі арқылы мемлекеттік қолдау ала алады. Кооперативтер арқылы тұрақты сатып алу мен ауылшаруашылық өнімдерін өнді­рушілердің тауарларын өңдеу­ші кәсіпорындарға жеткізу мәсе­лесі шешілсе, кооператив­терді техникалық жағынан жаб­дық­тау «КазАгро» ҰБХ арқылы жүзеге асырылмақ. «Ауылшаруашылық коо­пера­тивтері дамыса, 500 мың ұсақ өндірушіні тарту және өнім­дерді өткізу мен өңдеудің пәр­менді жүйесін құра аламыз жә­не шикізатпен қамтамасыз ете­тін кәсіпорындардың үлесі 1,3 есеге артады. Сондықтан ауыл тұрғындарының кірісін жыл сайын 300 млрд теңгеге дейін арттыру және сауданың үсте­ме бағасын 15-20 пайызға төмен­дету көзделіп отыр. Жыл сайын 300 млрд теңге ауылдарға қосым­ша кіріс ретінде кіріп отырса, бұл көрсеткіш бөлінген субсидия көлемінен екі есеге артық деген сөз», дейді Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов. Ауылшаруашылық коопе­ра­циялары арқылы Қазақстан ішкі нарықта өзінің табиғи және құнарлы өнімдерімен ерекше­ленетін болады. Сонымен қатар, кооперативтер өз үлескерлеріне, яғни қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықтарына вете­ринарлық, агрохимиялық, техни­калық қызмет көрсету және жем-шөп дайындау бойынша бірнеше қызметтер көрсете алады. Өзіндік құны 7-8 мың теңге болатын шөп, жазғы уақытта 20 мың теңгеге, күзде 30 мың теңге, қыста 40 мың теңгеге дейін қымбаттайды. Ал, кооператив мемлекеттің қол­дауымен лизинг арқылы сатып алынған трактор, шөп шаба­тын машина, тіркемелерді пайда­ланып, арзан бағамен шөппен қамтамасыз ете алады. «Бүгінде Жамбыл облысында 115 шағын отбасылық тауарлы-сүт фермаларын құруға 476 млн теңге, 542 шағын бордақылау алаңдарын салуға 1,8 млрд теңге және 15 сүт қабылдау пункттері құры­лысына 18 млн теңге қара­жат аударылды. Сондай-ақ, 6 коопе­ратив құрылды. Меркі ауданында сүт кластерін дамыту бойынша құ­рамына 42 шаруашылық біріккен «Меркі өнімдері» ауыл­ша­руашылық өндірістік коопе­ративі жұмыс атқаруда. Алдағы уақытта кооператив төңіре­гінде 70-200 басқа дейін асыл тұқым­ды сауын сиыры бар шағын сүт-тауарлы фермаларын құра оты­рып, өндірілген тауарлы сүтті тереңдете өңдеп, өткеру жұмыс­тарымен шұғылданады», дейді бұл жөнінде Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев. Жиын соңында төрт облыстан жиналған ауылшаруашылық тауарын өндірушілері өздерін тол­ғандырған мәселелерді ортаға салып, бұл бағыттағы жұ­мыс­тарды кеңінен талқылады. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы