Кеше Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Тараз қаласында Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының тауар өндірушілерімен кездесті.
Кездесуде АӨК-ті 2017-2021 жылдары дамытуға арналған бағдарлама жобасы талқыланды. Бағдарламаның тұжырымдамалық ықпалы – қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа, фермерлік қожалықтарды өндірістің өсу факторымен қатар, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін ескере отырып, ауқымды түрде кооперацияларды дамыту болып табылады.
Сараптама нәтижесі бойынша, қосалқы шаруашылықтарда өндірілетін өнімнің 80 пайызы ауылдық жерде қалып қойып, қала тұрғындары мен өңдеуші кәсіпорындарға дейін жетпейтіні белгілі болып отыр. Есесіне еліміздегі сүт және ет кәсіпорындары бар болғаны 50-60 пайыз жүктемелік қуатпен жұмыс істеп тұр. Яғни, шикізат жетіспейді. Ал кооперация арқылы осы өнімді өндіріске жеткізудің механизмі түзіледі. Кооперативтерге біріккен жағдайда ең бірінші шешілетін мәселе – өнімді тасымалдау. Кооперацияда фермер өз өнімін тапсырады, ал кооперация тапсырылған өнімді қалаға немесе кәсіпорынға жеткізеді. Ал Мемлекет біріккен кооперацияға қолдау көрсетіп, субсидиялау және техника алуды несиелеу жүйесін қалыптастырып, айналымға қаражат береді.
2021 жылға қарай 500 мыңға жуық жеке қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықтары бірігіп, 1500 ауылшаруашылық кооперациялары құрылады деп күтілуде. Осының арқасында фермерлерді ауылшаруашылық өнімдерін өндіру мен өңдеуге біріктіре отырып, қазақстандық өнімнің экспорттық әлеуетін арттыруға болады.
Қазақстан жыл сайын 1 трлн теңгеге жуық азық-түлік тауарларын импорттайды. Олар: ірімшік, қант, сары май және т.б. Жеке қосалқы шаруашылық пен шаруа қожалықтары өндірген өнімдерді кооперативтер арқылы сатып алып, өңдеп, шетелге кетіп жатқан ақшаны өз елімізде қалдыра аламыз. Жүктемелік 20-60 пайыз ғана құрайтын болғандықтан, өндірушілер ауыл шаруашылығы шикізатының жетіспеушілігін айтып отыр. Ауылшаруашылық өнімдерінің 10-30 пайызы ғана өңделеді.
Бұл күрделі мәселелерді кооперативтерге бірігу арқылы шешуге болады. Яғни, еліміздің әрбір фермері ауылшаруашылық кооперативі арқылы мемлекеттік қолдау ала алады. Кооперативтер арқылы тұрақты сатып алу мен ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің тауарларын өңдеуші кәсіпорындарға жеткізу мәселесі шешілсе, кооперативтерді техникалық жағынан жабдықтау «КазАгро» ҰБХ арқылы жүзеге асырылмақ.
«Ауылшаруашылық кооперативтері дамыса, 500 мың ұсақ өндірушіні тарту және өнімдерді өткізу мен өңдеудің пәрменді жүйесін құра аламыз және шикізатпен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың үлесі 1,3 есеге артады. Сондықтан ауыл тұрғындарының кірісін жыл сайын 300 млрд теңгеге дейін арттыру және сауданың үстеме бағасын 15-20 пайызға төмендету көзделіп отыр. Жыл сайын 300 млрд теңге ауылдарға қосымша кіріс ретінде кіріп отырса, бұл көрсеткіш бөлінген субсидия көлемінен екі есеге артық деген сөз», дейді Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов.
Ауылшаруашылық кооперациялары арқылы Қазақстан ішкі нарықта өзінің табиғи және құнарлы өнімдерімен ерекшеленетін болады. Сонымен қатар, кооперативтер өз үлескерлеріне, яғни қосалқы шаруашылық пен ұсақ шаруа қожалықтарына ветеринарлық, агрохимиялық, техникалық қызмет көрсету және жем-шөп дайындау бойынша бірнеше қызметтер көрсете алады. Өзіндік құны 7-8 мың теңге болатын шөп, жазғы уақытта 20 мың теңгеге, күзде 30 мың теңге, қыста 40 мың теңгеге дейін қымбаттайды. Ал, кооператив мемлекеттің қолдауымен лизинг арқылы сатып алынған трактор, шөп шабатын машина, тіркемелерді пайдаланып, арзан бағамен шөппен қамтамасыз ете алады.
«Бүгінде Жамбыл облысында 115 шағын отбасылық тауарлы-сүт фермаларын құруға 476 млн теңге, 542 шағын бордақылау алаңдарын салуға 1,8 млрд теңге және 15 сүт қабылдау пункттері құрылысына 18 млн теңге қаражат аударылды. Сондай-ақ, 6 кооператив құрылды. Меркі ауданында сүт кластерін дамыту бойынша құрамына 42 шаруашылық біріккен «Меркі өнімдері» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі жұмыс атқаруда. Алдағы уақытта кооператив төңірегінде 70-200 басқа дейін асыл тұқымды сауын сиыры бар шағын сүт-тауарлы фермаларын құра отырып, өндірілген тауарлы сүтті тереңдете өңдеп, өткеру жұмыстарымен шұғылданады», дейді бұл жөнінде Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев.
Жиын соңында төрт облыстан жиналған ауылшаруашылық тауарын өндірушілері өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, бұл бағыттағы жұмыстарды кеңінен талқылады.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы