04 Желтоқсан, 2016

Астанада «Әміре» драмасы қойылады

295 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
11 6 желтоқсан күні Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында «Әміре» драмасының премьерасы өтеді, деп хабарлайды елорданың Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы. Аталған премьераны Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұжымы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ұсынады. 1925 жылы Парижде өткен Дүниежүзілік «ЭКСПО»  көрмесіне қатысқан тұңғыш қазақтың тағдырына арналған туындының табиғатында тобыр мен тұлғаның, өмір мен өнердің, аманат пен қиянат ұғымдарының қақтығысы көрініс алады. Кейіс дүниеден береке таппаған Әміренің - Ән-Әміреге айналып, өнер көгінен үн қатқаны баяндалады. Спектакльдің бас кейіпкері «Әміре» бейнесін театр артистері Қасымхан Бұғыбай мен  Асылбек Қапаевтар сомдайды. Пьеса авторы - жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев. Спектакльдің қоюшы режиссері - ҚР еңбек  сіңірген қайраткері, режиссер - Нұрлан Жұманиязов. Спектакльдің бас суретшісі - Берік Бурбаев.  Хормейстері - ҚР еңбек сіңірген қайраткері - Амантай Жұмашев. Бұл спектакль драматург Р.Отарбаев пен режиссер Н. Жұманиязовтың Қаллеки сахнасындағы бірлескен екінші жұмыстары болмақ. Бұған дейін «Нашақорлар жайлы новелла» пьесасының желісі бойынша «Көлеңкесіз жолаушы»  атты драманы қойған еді.