04 Желтоқсан, 2016

Өмір Шыныбекұлы. Жоғалған дивизияның ізімен

355 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
lager

Адамзат тарихындағы ең алапат қырғын - Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына  70 жылдан асса да сұм соғыстың құпиялары әлі толық ашылған жоқ. Сол соғыста жоғалып кеткен әскери құрамалар мен хабарсыз кеткен жауынгерлер әлі де болса баршылық. Хабарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлерді іздестірумен Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейдің ғылыми қоғамының мүшелері 2005 жылдан бері жүйелі түрде айналысып келеді. Осындай жоғалып кеткен әскери құраманың бірі - 1941 жылдың күзі мен 1942 жылдың наурыз айлары аралығында Оңтүстік Қазақстан облысында жасақталып, оңтүстік майданының  Харьков бағытына жіберіліп, хабарсыз кеткен 102-атқыштар дивизиясы. Осы жылдар ішінде мектеп оқушылары Ресей, Польша, Украина елдеріне көптеген хаттар жазды. Оның ішінде украиналықтармен жасаған байланыс өнімді болды. 102-дивизияның украин жерінде соғысып, жоғалып кеткенін біздің хатымыз арқылы естіп-білген Харьков қаласындағы «Бірлік» атты қазақстандықтардың қоғамдық бірлестігі таңданыстарын жасыра алмапты. Бірлестік жетекшісі Макка Сағынғалиқызы Қаражанованың айтуынша, Харьков түбіндегі фашистер жағынан қатысып, қаза болған оншақты чех жауынгерінің қабірлеріне Чехия елінің өкілдері жиі келіп гүл шоқтарын қойып тұрады екен! Ал бүтіндей бір дивизиясы қатысқан қазақстандықтардың тым-тырыс үнсіздігі отансүйгіш қазақ қызы Макканың жанына қатты бататын көрінеді. Уақыт созбай іздеу жұмыстарына кіріскен олар, 102-дивизия туралы өте құнды деректер тапты. Қолдарына хабар тигеннен кейінгі 2-3 айдың ішінде, дивизия қатысқан шайқастар ғана емес, тіпті қару-жарақтарымен басқа да керек-жарақтарының санына дейін анықтап үлгерді. Ол туралы «Литер» газетінің 2012 жылғы 20 қыркүйек күнгі санында «Украинада тағы да бір жоғалған дивизия табылды» атты көлемді мақала жарияланды. Макка Сағынғалиқызы украин жерінде қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді іздестіруде сіңірген еңбегі үшін 2013 жылы наурыз айында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан Қазақстан Халықтары Ассамблеясының «Алтын медалін» алды. Бізге жазған хатында ол Харьковті азат етудің 70 жылдығына қатысты шараларға Қазақстанның қызығушылық танытпағанына қынжылады. Қазір украин жерінен тыныштық кетіп тұрған кез. Кейбір өңірлеріде кәдімгідей соғыс қимылдары жүріп жатыр. Осы жылдар ішінде мектеп оқушылары 102-дивизияның соғыстан аман қайтқан бірнеше жауынгері туралы дерек тапты. Олардың ұрпақтары Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби, Түлкібас, Түркстан аудандарында тұрады екен. Бір қызығы, аман қайтқан жауынгерлердің барлығы Польшадағы Ламбиновице қаласы маңында орналасқан "Stalag-318 VIIIF" концлагерьде болыпты. Сондықтан іздеуді Польша жерінен жалғастыруды жөн көрдік. Облыс әкімдігі қаржыландырған, «Серпіліс» қоғамдық қорының төрайымы, белгілі журналист Бейсенгүл Нарымбетова, елімізге белгілі мультипликатор-маман, Евразия телевидениесі мен радиосы академиясының академигі Мақсұт Жарымбетов үшеумізден құралған сапар-топ 13 қараша күні Шымкенттен Мәскеу арқылы Варшаваға ұштық. Мақсатымыз – 1942 жылы көктемде Шымкентте жасақталып, сол жылдың тамыз айында Украина жерінде жоғалып кеткен, құрамында 11 373 жауынгері бар 102-атқыштар дивизиясының жауынгерлері туралы дерек жинап, деректі фильм түсіру. Барған күні қонақ үйге орналасып, жайғасып алған соң, ертеңіне Польшадағы Қазақстан елшілігіне бардық. Елші Алтай Әбибулаев бауырымыз өзі қабылдап, сапар мақсатымен танысқан соң, тиісті азаматтарға тапсырмалар берді. Варшавада докторантурада оқып жатқан жерлесіміз Жандос Қарымбаев деген азаматты аудармашы ретінде қосып берді. Ертеңіне біз өзіміз іздеген Ламбиновице қаласы қарайтын воеводасының орталығы Ополе қаласына аттандық. Варшавадан пойызға отырып, 350 км жердегі Ополе деген қалаға жеттік. Ламбиновице осы арадан 40 км жерде екен. Ал "Stalag-318 VIIIF" концлагері Ламбиновицеден 15 км жерде орналасқан.

konc Польша мен посткеңестік елдердің байланысын жандандыруға үлкен үлес қосып жүрген "Польша-Шығыс ынтымақтастығы" қоғамдық ұйымының жетекшісі Евгений Брудкевич елші Алтай Әбибуллаев мырзаның өтініші бойынша Ополе қаласының темір жол вокзалынан қарсы алды. Ертеңіне Ополе қаласынан 40 км қашықта орналасқан Ламбиновице қалашығына барып-қайтуға тегін көлікпен қамтамасыз етті. Осындай мәдени байланыстар арқылы мемлекеттер арасындағы экономикалық ынтымақтастыққа қол жеткізу жолдары туралы өз тәжірибесімен бөлісті. "Польша-Шығыс ынтымақтастығы" ұйымының сеп болуымен поляк бизнесмендері Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан мемлекеттерімен берік байланыс орнатыпты. Польшадағы ірі өндіріс орталығы саналатын  Ополе қаласы Одер өзенінің жағасында орналасқан екен. Ламбиновице қалашығындағы музейдің қызметкері пан Себастьян өз ісіне берілген адам екен. Музей мен концлагерь аумағын аралатып, тарихын аса ыждағаттылықпен түсіндірді. Ламбиновице музейінде концлагерьде құрбан болған кеңестік әскери тұтқындарды есте қалдыру үшін жасалған мүсінді көрдік. Қалай болса, солай жатқан 2 адам бейнесі... Бұл нені білдіреді? Музей қызметкері пан Себастьян былай түсіндірді. «КСРО басшысы Сталин "Әскер тұтқындар туралы" Халықаралық Конвенцияға қол қоймауының зардабын қарапайым кеңес офицерлері мен солдаттары тартты. Олардың қатарында Сталиннің өз ұлы Яков Джугашвили-Сталин де бар еді. Конвенцияға қол қойған елдердің тұтқындары "Қызыл крест" секілді түрлі халықаралық ұйымдардың қамқорында болды. Кеңестік тұтқындармен салыстырғанда олардың жағдайы көш ілгері еді. Ішіп-жемі құнарлы, жатар орны таза. Тас уату секілді аса ауыр жұмыстарға да жегілмеді. Тұтқындар арасында түрлі мәдени-спорттық шаралар өткізіліп тұрды. Қайтыс болса, дініне қарай жоралғысы жасалып, табытпен жерленді. Олар өз елдерімен хат алысып, посылка алуға құқылы болды. Халықаралық «Қызыл крест» ұйымы да олардан көмегін аямады. Ал қандай жағдайда түскеніне қарамастан, «сатқын» деп өз үкіметі бас тартқан кеңестік әскери тұтқындарға нацистер мал секілді қарады. (Олардың елде қалған туыстары да азық-түлік карточкасынан ажыратылып, қуғынға ұшырады). Жүйкесі шыдамаған кейбір тұтқындар қарауылдың оғынан өлу үшін оларды әдейі арандатып, көпе-көрнеу қашу әрекетін жасайтын. Нацистер де ондайлардан патрон аямайтын. Күн сайын шыбындай қырылып жатқан тұтқындарды үйме-жүйме етіп, бір шұқырға тастап үстіне топырақ тастай салатын». 15355910_1100956670002502_1696164038_n Ну орманның ішіндегі алаңқайда орналасқан концлагерьдің тізілген барактарының қираған қабырғалары әлі тұр. Бір баракты бастапқы қалпына келтіріп қойыпты. Лагерь аумағының бір шетінде орналасқан қарауылдың мұнарасын да қалпына келтіріпті. Ламбиновицеде екі концлагерь болды. "Әскери тұтқындар туралы» Халықаралық конвенцияға қол қойған елдердің әскери тұтқындарына арналған бірінші лагерьден өткен 100 мың адамнан соғыс жылдары бар болғаны 1 мың адам қайтыс болды. Ал кеңестік әскери тұтқындарға арналған екінші лагерьде соғыс жылдарында 200 мың адам өтіпті. 40 мыңы ауыр азаптан сонда қайтыс болған. Концлагерь жанындағы Бауырластар зиратында жатыр. Бірнеше гектар жерді алып жатқан зиратқа поляктардың жақсы қарайтыны көрініп тұр. Туған жерден алып келген топырағымызды сеуіп, осында жатқан аталарымыздың рухтарына арнап дұға бағыштадық. 102-атқыштар дивизиясының жауынгерлері отырған Ламбиновицедегі "Stalag-318 VIIIF" концлагеріне 1944 жылғы Варшава көтерілісінің қатысушыларын да қамаған екен. Соның бірі 1929 жылы туған Ромбальд Малиновскийдің Варшавадағы үйінде болып, шаңырағынан дәм таттық. Ерлі-зайыпты Малиновскийлер өте ашық, қонақжай жандар екен. Ромбальд атай концлагерьдегі кеңестік тұтқындардың шыбындай қырылып жатқанын көзімен көріпті. Нацистер Шығыс Пруссияны тастап қашқан соң Малиновский генерал Андерстің армиясына кірген. Соғыс біткен соң социалистік Польшаға оралуға сескеніп, біраз жыл Италияда тұрыпты. Кейінірек Англияға қоныс аударады. Сол жерде Варшавадағы әке-шешесі тірі екенін естіп Польшаға оралған. Коммунистерден әбден қуғын көріпті. Поляк Қарсыласу Қозғалысы көсемдерінің бірі Тадеуш Костюшкоға көзқарасын сұрап едім. - Кеңес генералы ғой! - деп қолын бір сілтеді. - Эдвард Герек мен одан кейінгі генерал Ярузельский тұсында өмірлеріңіз қалай болды? - Бостандық болмады. Ары қарай тіпті қызық болды. Шалына сөйлеп жатқан Кристина Малиновская әжейдің аузынан "Чулаккурган" деген сөз шығып қалды. Сөйтсем, Кристина әжей 1939 жылы әйгілі «Риббентроп-Молотов шартынан кейін Польша бөліске түскенде шешесі, ата-әжесімен бірге Львовтан депортацияға ұшырап, Марий автономиялық республикасына қоныс аударылады. Артынан оларды түрікмен жеріндегі Шарджоуға айдайды. Күннің ыстығына шыдамай шетінен өліп жатқан поляктарға түрікмендер де тыныштық бермепті. Кейін біздің Созақ ауданындағы «1 мамыр» колхозына айдап әкеледі. Шолаққорған мектебінде сабақ беріп жүрген Кристинаның шешесі 1944 жылы кеңес азаматтығын алудан бас тартқаны үшін сотталып, Кентау маңындағы Хантағы кенішінде қайтыс болады. Аты-жөні София Краузе (1905 -1944). Кристина әжейге Хантағыдағы поляк зиратынан анасының қабірін тауып суретін салып жіберуге тырысатынымды айтып, уәде бердім. semya

Кристина Малиновская (төменгі қатарда ортада) Қазақстанда айдауда болған

Үшінші күні Варшава үшін шайқаста қаза тапқан Кеңес армиясы жауынгерлерінің мемориалдық зиратында болдық. Осында Ресей елшілігі 1-хатшысымен кездестік. Ол АҚШ, Франция секілді елдерге өтіп, қайтпай қалған әскери тұтқындар саны 500 мыңға жетуі мүмкін екенін айтты. Соғыс тұтқындары туралы көптеген құжаттар бір кездегі антигитлерлік коалиция мүшесі АҚШ-та сақтаулы тұр. Оның ішінде Ламбиновицедегі III Рейхтың ең ірі концентрациялық лагерьлерінің бірі "Stalag-318 VIIIF" лагерінің құжаттары да бар. «Бүгінгі күні Ресей мен АҚШ арасында осы құжаттарды Ресейге қайтару мақсатында келіссөздер жүргізіп жатыр. Құжаттар қолымызға тиген жағдайда посткеңестік елдермен міндетті түрде бөлісетін боламыз. Ол құжаттар "Мемориал" сайтына да жарияланатын болады» деді ресейлік дипломат. Варшавадағы кеңес жауынгерлері жерленген үлкен зиратты тегіс аралап шығып, бір ғана қазақтың зиратын таптым. Қоспанов Салық (1916-45) есімді слдат екен, рухына бағыштап дұға етіп, туған жердің топырағын септім. Айтпақшы, Ополе қаласында да кеңес жауынгерлері жерленген Бауырластар зираты бар екен. Бірақ қазақ дейтіндей жауынгердің аты-жөнін кездестірмедім. Әлемде Шымкентпен бауырлас жеті қала бар. ОҚО әкімдігі мен Шымкент қаласы басшылары ыңғай танытып жатса, ірі өндіріс орталығы Ополемен де тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік бар. Бұл жерде цемент, минералды тыңайтқыш және химиялық талшықтар өндіретін өндіріс орындары шоғырланған екен. Егіс алқаптарына қарап поляк аграрийлерінен үйренетін нәрсе көп екен деп ойладым. Еуроодақ елдері тұтынатын алманың негізгі бөлігін Польша өндіреді екен. Кейбір қонақ үйлерінде номірлерде алма тұрады. Дүкендерде, көшелерде біздегідей жаймаларда сатылып жатыр, бағасы арзан. Бірақ шынын айтсам, біздің алмадай жұпар иісі де, дәмі де жоқ. Егер Еуропа нарығына шығу бағытында дұрыс жұмыс жасай алсақ, біздің алма поляк алмасын Еуроодақ нарығынан ығыстырып тастары сөзсіз. Поляктардан өзге де мәселелер бойынша тәжірибе алмасуға болады. Бұл елде балаларға ерекше қамқорлық жасалғаны сезіледі. Отбасындағы әр бала үшін ай сайын төленетін 132 евро жәрдемақыдан бөлек, жыл сайынғы міндетті табыс декларациясын тапсырғанда балаға жыл бойы жұмсалған ақшаның түбіртектерін тапсырып, ақшасын қайта алады екен. Батыспен интеграциялану үшін, алдымен өзіміз секілді коммунистердің тепкісін әбден көрген Шығыс Еуропадан, оның ішінде поляк халқынан біраз нәрсе үйрену керек. Поляктардың жоспарлы экономикадан нарықтық қатынастарға өту тәжірибесімен тереңірек танысу да біз үшін артық болмайды. Ресей, Беларусь секілді елдер Польша аумағында орналасқан бауырластар зираттарын қамқорлыққа алған екен. Сол байланыс бірте-бірте экономикалық байланыстардың дамуына себепкер болыпты. Сөз соңында бұл елдегі жұмысымызды тиімді ұйымдастыру үшін барлық жағдайды жасаған Қазақстанның Польшадағы елшісі Алтай Әбибуллаевқа және елшілік қызметкері Бақытжан Бөлегеновке алғысымызды білдіргім келеді. Өмір Шыныбекұлы, Шымкенттегі №41мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі