05 Желтоқсан, 2016

Атақты адамдар қандай қайырымдылық жасады?

3512 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
berik-aga-1Бай мен кедей егіз ұғым десек, адал еңбекпен молшылыққа кенелгенге қызыға да, қызғана қарайтынымыз бар. Кедей-кепшіктің де өз уәж-пәлсапасы айтылып жатады. Әлемде дәулеттілер баршылық. Олардың бірсыпырасы тырбанып еңбек етіп, бизнесін өркендетіп барып, кәсібін жолға қойғандар. Ал өмірде аяқ астынан байып кеткендер де бар. Бірақ, олар еңбектің, кәсіптің құнын парықтай бермейтіні анық. Біздің айтпағымыз – қалай тапса да мол қаражатқа ие болған пенденің сол аста-төк байлығы бір басынан асып-төгіліп, артығын жомарт жүрекпен үлестіруінде болып отыр. «Жақсылықты басыңа қыл, басыңнан асса – досыңа қыл» деген аталы сөз бар. Мол қаражат иесінің алдымен өзінің ет жақындарына, туыстарына, дос-жолдастарына қарайласатыны ақиқат. Байлығы одан да асып жығылатындардың ойлана келіп, қайырымдылыққа бет бұратыны – қасиеттің қадірлісі саналса керек. Мәселен, жақында ғана Сауд Арабиясының ханзадасы әл-Валид бин Талал бин Абдулазиз әл-Сауд өзінің 32 миллиард долларын әртүрлі дәрежедегі қайырымдылыққа жарататынын айтып, айды аспанға бірақ шығарып, бұл дегенің – адамзат тарихындағы ғажап іс, әлемді елең еткізген елеулі оқиға болды. Ханзада әл-Валид: «Бұл менің адамзат алдындағы парызым» дей келіп, онысын алдымен төтенше жағдайлардан зардап шеккен аймақтарға, балалар үйлеріне, мектептер салуға, әртүрлі ауруларды емдеуге және әлемнің шет аймақтарында жапа шегіп отырғандарға көп ұзамай беріле бастайтынын айтыпты. Ал «Атақты боксшы, саясаткер, мультимиллионер Мэнни Пакьяо баспанасыз отандастарына арнап 1000 үй салып берді» деген хабар да елең еткізді. «Филиппиннің Сарангани өңіріндегі отандастарыма арнап 1000 үй салып, тегін таратып бердім, осы үшін өзімді бақытты сезінудемін. Құрылыстың қаражатын толықтай өз қалтамнан шығардым», – деп жазған ол жеке парақшасында. «Мұнымен шектелмей, алдағы уақытта тағы да баспана салып отандастарыма үлестіре беремін. Өйткені, кітабымыз Інжілде адамдарға қайырымдылық жасауға шақырады», – дейді Пакьяо. «Үндістандық бизнесмен Савджи Дхолакия қызметкерлеріне Дивали мерекесіне орай гауһар тасты қымбат сыйлықтар үлестіріп, үздік нәтиже көрсеткен қызметкерлерге 1260 көлік пен 400 пәтер сыйға беріпті» деген жағымды жаңалықты оқып: «Бәрекелді! Міне, азамат!» деп күжірейгеніміз бар. Ал өз елімізде де жоғарыда айтылғандардай керемет жомарттық болмаса да, шама-шарқынша қайырымдылыққа бет бұрып жататындардың іс-әрекетіне риза боласың. Мәселен, соңғы қарымдылық – меценат Бауыржан Оспановтың бокстан екі дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбайға үй салып бергені болып отыр. Төрт бөлмелі жаңа шаңырақ Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Іргелі ауылында бой көтерген. Кездейсоқ келген бақ та адамды бақытқа кенелтеді. Алайда, біреудің қайырымдылығы арқылы дәулетін арттырып алғандар да қоғамда кездеседі. Өткен ғасырдың басында қайтыс болған белгілі заңгер және инвестор Чарльз Миллар 1926 жылы артына: «Ешқандай туысқаным болмағандықтан, өзім өлген соң 10 жылдан кейін қалада 10 жылдай тұрған тоғыз баласы бар кедей әйелдерге 500 мың долларды бөліп беремін» деп қызықты хат қалдырып кетеді. Расында да, уақыт өте келе Чарльз Миллардың аманаты орындалады. Ол өлген соң тоғыз баласы бар төрт әйелге Чарльздың 500 мың доллары бөлініп беріледі. Ал Қытайдың Ю Панглин есімді олигархы өзінің орасан байлығын ұлдарына қалдырмай, қайырымдылық қорына аударып жіберген. Жылжымайтын мүлік пен қонақүй бизнесімен айналысатын Ю 2010 жылы өзінің 470 миллион доллар байлығын қайырымдылық қорына аударатынын жариялады. Сонымен қатар, өзгелерді де осындай қадамға баруға шақырды. Сондай-ақ, әлемде жасаған қайырымдылығы туралы жаһанға жар салмай-ақ, жасырын түрде жомарттық жасап жүрген жандар да жетерлік. Мәселен, американ-ирландық миллиардер Чаке Фини соңғы 30 жыл бойы 6,2 млрд доллар қаржысын қайырымдылыққа жұмсаған екен. Жоғарыдағы жомарт жүректі жандардың ізгілікті ісін тізбелеп айтудағы ойымыз – бізде де қалай байығанында шаруамыз жоқ, бүгіндері мол қаражатқа ие болып отырғандар жетіп артылады. Сол азаматтардың қыруар қаржысын шетел асырып, жұмбақ күй кешкенінен гөрі олардың қайырымдылық сияқты қасиетті қарекеттерге бет бұрғандары сауапты іс болар еді. Жарты әлемді жаулаған жаһангер Александр Македонскийдің өлген соң табыттан қолы шошаңдап шыға беріпті. Содан бір данышпан шыға берген алақанға бір шөкім топырақ салған екен, сонда барып әлгі қол сылқ етіп құлапты. Сөйтсе жаһангер Македонский тірілерге: – Ей, жарандар, мен жарты әлемді жаулап, алтыннан тау тұрғызсам да о дүниеге ештеңе алып бара жатқан жоқпын. Міне, қараңдар, – деп, алақанын ашып көрсеткен екен. Әйтеке Би: «Бақыт деген құс, тақ деген түс, байлық деген мұз. Мәңгілік қалатын қайырымды адал іс» депті. Тіршілікте тірі жүрген кісінің жамандықтан бұрын жақсылық жасауды ғана ойлап, ұрлық-қарлық емес, қолынан келгенше қоғамға пайда келтіргенінен асқан бақыт жоқ. Кез келген уақытта жасалған көмек, пайдалы іс адамның рухын да көтеретіндігі ақиқат. «Жомарт жүрекке иман қонар, жомарт қолға аспандағы лашын қонар» демекші, жомарттың әрқашанда жолы болары сөзсіз. Берік САДЫР, «Егемен Қазақстан».