06 Желтоқсан, 2016

Тектілік тұғыры

506 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
tishbek-tyazhinӘңгімеге арқау етіп отыр­ған Рымбек Жүнісов – Алаш ардақ­ты­лары Әлихан Бөкей­ханов, Әлім­хан Ермеков, Жақып Ақбаев дүние­ге келген Қара­ғанды облысы, Ақтоғай ауданының тумасы. Сол төл то­пы­ра­ғының кие-кепиеті бо­йына дарыған, аузы дуалы, сөзі уәлі, жүзі жарқын, атымтай жомарт міне­зді, қажырлы да қайратты арда­гер азамат. Өнегелі өмірінің елу жылы кеңес заманында өтсе, кейін­гі 25 жылы – тәуелсіздікпен тұс­тас әрі тағдырлас. Ата жасында ат­тан түспеген жасампаз жанның ізгі жар­атылысы, парасатты болмысы жаныңа шуақ тарататыны анық. Мен білетін Рымбек – сезім­тал, пайымды, болжамды адам. Сегіз қырлы, бір сырлы, жоғын табатын, барын ұқсататын, шапшаң шешім қабылдай­тын, тоқмейілсуді білмейтін, көл­гірліктен ада, ішкі дүниесі бай, талғампаз, ізденім­паз, талап­шыл кісі. Бұл қасиет­тер оған ана сүтімен сіңген. Анасы Тоқы­рауын бойын­да­ғы атақ­ты Тұмабай байдың асына ал­пыс атан түйе байл­а­ған Омаш деген болыс баласы­ның қы­зы екен. Ал сол Омаш­тың балалары кеңестік дәуірдің ал­ғаш­қы кезеңдерінде бай­дың тұқы­мы ретінде біраз қыс­пақ көргенімен, кейін Алматы­да оқыған тәуірлердің санатында болып, жақсы қызмет­тер атқарып, ауқат­ты тұрмыс-тіршілік кешкен. Солардың бірі – шешесі­нің ту­ған інісі Ғазиз дүние­ден өтер алдын­да Рымбекке өзінің ақша сала­тын әмиянын атап, ырымға қа­л­дырыпты. Сондықтан болар, Рымбек нағашы жұртының аруа­ғын қатты сыйлайды, әрқашанда өзінің тағдырына олардың атақ-айбарының, ырысының жұғысты болғанын айтып отырады. Сұрапыл соғыс басталған жылы туған Рымбектің бал­дәурен бала­лығы қиын-қыстау заманға тап келді. Тау­қы­мет пен тапшылық оны, өз тұрғыластары секілді, ерте есейтті. Жігерін жанып, биік мұ­рат­тарға талпындырды. Мек­теп бітіргесін кеңшардың қатар­дағы жұмысшысы болып жүр­ген ұлдарының таудай талабы мен қабілет-қарымын аңғарған ата-анасы ақ батасын беріп, Рымбекті Алматыға оқуға аттан­дырды. Әуелі техникумда, одан соң институтта агроном мамандығының қыр-сырын түгел меңгеріп шыққан жігіт кіндік қаны там­ған өңірге оралып, ширек ғасыр табан аудармай қызмет істеді. Тарыдай болып кірген жерінде таудай болып жетілді. Осы мерзім ішінде кең­шар­дың бас агроном­дығы­нан аудандық партия коми­тетінің бірінші хат­шы­лығына дейінгі сатылар­дан абы­ройлы өтті. Ширақ іскер­лігі, ұйым­д­астырушылық дарыны, мін­детіне адалдығы, елге жа­қын­­дығы арқасында еш қиын­дыққа мойымастан, әрқашан көздеген межеден көрінді. Қай жауапты жұмыста да төңірегін түгендеп, қарауындағы қыз­мет­керлерін қолдап-қорғап жүрді. Қадамдарын шалыс бастырмады, ешбіріне зиян шектірмеді, баршасына шарапатын тигізді. «Жақсымен жолдас болсаң – жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң – қаларсың ұятқа» деген ұлағатты сөз осындайда айтылса керек. Рымбек Жүнісовтің елге жаса­­ған еңбегі лайықты баға­лан­ды. ХІІ сайланған Қазақ КСР Жо­ғары Кеңесінің депута­ты, екі мәрте «Құрмет Бел­гісі» ордені­нің иегері болуы­мен қатар, осы күні Қазақ­стан­­­ның еңбек сіңір­ген қа­й­рат­кері. Өзі туып-өскен аудан­ның құр­­мет­ті азаматы. Жет­піс­тің жуан ортасына жетсе де, қоғам­дық жұмыстан қол үзген емес. Ілгеріде «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі ретінде белсенді өмірлік ұстанымын танытса, қазір Қазақстан халқы Ассамблеясының мүше­сі ре­тін­де ел ынтымағын жарас­тыру­­дың бел ортасында жүруі де бір ғанибет. Нарық заманының кілтін тауып, тындырған шаруасы­ның өзі бір төбе. Астанадағы «Ақмола-Бетон» ЖШС компаниясы» директорлар кеңесінің төрағасы ретінде 100-120 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, ел экономикасына үлес қосып келеді. «Білім мен ақыл бәрін жеңе­ді. Ақша байлығымен руха­ни бай­лықты алмастыра ал­май­сың» дей отырып, «Көңіл­ге түйгендерім», «То­қы­рауын тоқырамасын» ат­­ты кітап­тар жазу арқылы ғұ­мыр­­лық тағылымы мен тәжі­ри­бе­­сін көп­пен бөліскен Рекең – құт­ты шаңы­рақ­тың иесі. Оның бүгінде ел ағасы, қо­ғам қай­­раткері дәреже­сіне көтерілуіне жұбайы – шуақ­ты от­ба­сы­­ның анасы Бәзила Қали­қызы­ның сіңірген еңбегі жөнін­де айтпай кету ағаттық болар еді. Олар­дың бас қосып, ортақ шаңы­рақ көтергендеріне жарты ғасыр уақыт өтіпті. Бәзила да халық құр­метіне бөлен­ген, ел ара­сын­да ерек­ше орны бар, сұлу да сүй­­кімді, келбетті де керімсал жан. Ма­ман­­дығы – дәрігер. Өте мә­де­ниетті, адам­гершілігі жо­ғары, ортасының сәнін келтіріп, мәнін арттырып отыратын ақ­жар­қын, таза ниетті, кең жүрек­ті асыл адам. Қалжың мен әзіл­ді келіс­тіріп айтқанда, айна­ласын күл­кіге көміп тастай­ды. Дәмді тағам­­дарға толы берекелі дас­тар­қаны қашан да жаюлы, қолы ашық, қонақ­тарын қуана күтетін аса көр­кем мінезді ошақ иесі. Жолы болар, бағы ашылар ер-аза­­мат­тың жары осындай болар. Жұбы жарасқан Рымбек пен Бәзила – қазір ұлдарын ұяға, қыз­дарын қияға қонды­рып, 9 немересі мен 4 шөбере­сінің қызығына кене­ліп отыр­ған ардақты ата, әз әже. Құт қонған әулеттерінің ба­қыты мен берекесі баянды болсын деймін.  Тишбек ТЯЖИН, Халық ағарту ісінің үздігі, дербес зейнеткер