20 Қаңтар, 2010

Басқа басылымдардан

1529 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
ЕҚЫҰ: ӘРЕКЕТ ЖАСАЙТЫН КЕЗ 1 қаңтарда Қазақстан КСРО елдерінің ішінен бірінші болып Еуропадағы қауіпсіздік  және ынтымақтастық ұйымының төрағалығын қабылдады. Қазақстан тәжірибеге, түрлі тетіктерге бай, бірегей жағрапиялық қатысушылар құрамына ие Ұйымды Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістіктегі ынтымақтастық пен халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өмірлік мәні бар құралдардың бірі ретінде қарастырады. Солай десек те, “қырғи-қабақ соғыстың” аяқталғанына қарамастан, Ұйым кеңістігі қауіпсіздігін құруды шектеп отырған “қызыл сызық” және “қаржысыз ойындар” сипатындағы пікірлер әлі де болса жойыла қойған жоқ. ЕҚЫҰ-ның басқа мемлекеттерімен бірге Қазақстан қазіргі әлем бетпе-бет келіп отырған негізгі қауіп-қатерлерді толыққанды түсіну үшін Шығыс пен Батыстың жақындасуын толық қолдайды.ЕҚЫҰ ХХІ ғасырдағы әлемнің алуан түрлілігін мойындайтын құрылым ретінде қалыптаса ме, жоқ  әлде біз білетін “Венадан шығысқа созылған” кеңістікте үй қызметін атқарып тұрған батыстың құрамдас бөлігі ретінде Ұйым болып қана қала бере ме?  Міне, Ұйым болашағын айқындаушы негізгі сұрақ қайда жатыр. Екі онжылдық бойына демократиялық қоғамдас­тық­­қа кірігіп кетсек те, “бұрынғы кеңес елдері” ту­ралы қалыптасып қалған пікір әлі күнге дейін ЕҚЫҰ-дағы серіктестеріміздің санасында жаңғырығуда. Осыны ескерер болсақ, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің бізге көрсеткен сенімі Қазақстан үшін өте маңызды. Демократиялық қоғам құру – еліміздің саналы түрде таңдаған жолы және біз ары қарай елімізді саяси тұрғыда дамытуға және қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жаксартуға тырысатын боламыз. Қазақстандық төрағалық девизі төрт “Т” әрпінен тұ­ратын болады. “Траст” (сенім) – бізге ауадай қажет бір-бірімізге деген сенім, “традишн” (дәстүр) – ЕҚЫҰ-ның негізгі қағидаттары мен құндылықтарын қалт­қысыз ұстану, “транспаренси” (ашықтық) – ха­лық­аралық қатынастарда “қос стандарттардан” азат және “екіге бөлетін шектеусіз” барынша ашық болу, қауіп-қатерлерге қарсы тұруда сындарлы ынты­мақ­тастыққа бейімділік. “Толеранс” (төзімділік) – қазіргі кезде маңыздылығы артып отырған мәдениетаралық және өркениетаралық үнқатысуды нығайтудың ғалам­дық жолын көрсету. Қазақстан ЕҚЫҰ-ның басты бағыттарының бірі ре­тін­де Ұйым дамуының негізгі мәселелері жөніндегі кон­сенсус алаңының нығаюы мен дамуын қарастырмақ. ЕҚЫҰ саммитіндегі он жылдық үзіліс Ұйымның кон­сен­сустық негізі дағдарыс жағдайында болмаған күннің өзінде анық тығырыққа тірелгендігін көрсетеді. Осыған байланысты біз ЕҚЫҰ-ға мүше елдерді 2010 жылы аталмыш кездесуді өткізу туралы Қазақстан бастамасын қолдауға шақырамыз. Аталмыш саммит, сонымен қа­тар, Хельсинки Қорытынды актісіне 35 жыл, Париж хар­тиясына 20 жыл және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқ­талуына 65 жыл толуын атап өтуге мүмкіндік бермек. Мазмұндық тұрғыда саммит ЕҚЫҰ жауапкершілігі аймағындағы қауіпсіздік, Ауғанстандағы ахуал және толеранттылық мәселелерін қарастыруды көздейді. Бұл өз кезегінде ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер көшбасшыларына саяси ерік-жігер танытып, олардың халықтары алдында тұрған күрделі қиындықтарға жауап беру мүмкіндігі болып табылмақ. Айта кету керек, ЕҚЫҰ – бүгінде теңдесі жоқ Ұйым. Оның тығырыққа тірелуі немесе жойылып кетуі еуро-атлантикалық кеңістікте жарылу (бөліну, ыдырау) қаупі бар вакуумның пайда болуына әкеліп соғады. Қазақстандық төрағалық ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемінің үйлесім табуын назарда ұстайтындығына тоқталғым келеді. Мұндай қадам қазіргі заманның қауіп-қатерлеріне қарсы тұрып қана қоймай, сонымен қатар, олардың пайда болу көздерімен де жұмыс істеуге мүмкіндік бермек. Төрт тұғыр:  СЕНІМ Әділ АХМЕТОВ, Парламент Сенатының депутаты. 12-15 қаңтар аралығында Австрия астанасы Вена қаласында Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымына Қазақстанның тікелей төрағалық ете бастағанын айғақтайтын ауқымды шара­лар болып өтті. Ұйымның қазіргі төр­аға­сы еліміздің Мемлекеттік хат­шы­сы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бастаған Қазақстан деле­гациясы әлгі шараларға қатысып келді. Мен де сол делегацияның құрамында болдым. Аталған белді Ұйым­ның жанындағы Тұ­рақ­ты кеңестің кезекті оты­рысына бұл жолы Қанат Саудабаев басшылық етті. Өз баяндамасында ол Ұйым­ның үстіміздегі жылы ат­қа­­ра­тын жұмысының негізгі бағыт­тарын айқындап берді. Қа­зақ­стан­ның төраға ретінде қандай түйін­ді мәселелерге ден қоятыны жайлы Тұрақты кеңеске қатысып отырған 56 мемлекеттің делега­ция­ла­ры Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­баевтың үлкен экрандардан көр­се­тілген бейне үндеуін зор ықылас­пен тыңдады. Үндеу өте үлкен әсер қалдырды. Мемлекет басшысы қазақстандық төрағалықтың негізгі нысаналары төрт “Т”, яғни “траст” (сенім), “традишн” (дәстүр), “транс­­паренси” (ашықтық) және толеранс “төзімділік” деген ұста­ным­дар болатынын қадап айтты. Сол маңызды ұстанымдардың ішіндегі Сенімнің өте үлкен рөл атқаратынына ерекше тоқталып өткім келеді. Өйткені, сенім барлық шешімдердің бастауы болып табылады. Елбасы “Бірлік болмай – тірлік болмас” деген халық дана­лығын да тегін айтқан жоқ. Қарап отырсақ, аталған Ұйымның құрыл­ға­нына да 35 жыл болып қалыпты. Осы орайда оған мүше болып та­былатын мемлекеттердің бір-біріне деген сенім деңгейіне келер болсақ, оны Венадан шығысқа қарай және Венадан батысқа қарай деп екіге бөліп қарауға тура келеді. Себебі, Батыс Еуропа елдерінің, әсіресе, ТМД елдеріне деген сенімі әлі күн­ге дейін ескі стереотипке негізде­ле­ді де, батысқа және шығысқа бөлу ара-тұра болса да сыр беріп қа­лып жатады. Осындай сенім мен пиғылдан арылатын кез келгенін Президент өз сөзінде ашық айта келіп, Қазақстанның бұл Ұйымға басқалармен терезесі тең мемлекет ретінде басшылық ететінін жеткізді. Әлгіндей сенімсіздік жойылмайтын болса, бірлік болмаса, жақсы нәтижеге жете алмаймыз дегенді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шегелеп айтты. Ол сөз рас та. Қазақшалап айтқанда, мүше елдердің бірі бәйбішеден, ал екіншісі тоқалдан туған жоқ қой. Барлығы да тең құқықты елдер. Батыста кейінгі кезге дейін “стан” деген ұғымға үрке қарайтын әдет қалыптасқан. Мысалы, Тәжік­стан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түр­кі­менстан, оның сыртында Ауған­стан, Чешенстан және Пәкстан сияқты елдер бар. Міне, атаулары осын­дай “станға” бі­те­тін елдерге Батыс оң қабақ таныта бер­мей­ді. Өйткені, Ауған­стан­дағы жағдай қан­шама жылдан бері шие­ленісіп келеді. Сол елдегі 35 жасқа келген азаматтардың көргені тек қару-жа­рақ пен оқ дәрі. Эко­номика саласы жам­бас­тап жатыр. Күн­көрістің көзі тек есірткі сатумен байланысты болып тұр. Президент өз үндеуінде осы мәселеге қатты мән берді. Бұл шиеленісті әлгі мемлекеттің жалғыз өзі шеше алмасына назар аударды. Былтыр біздер Торонтоға (Кана­да) ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблея­сының кезекті күзгі сессиясына бар­ған кезде канадалық Сенат төрағасы ауған соғысын жалғыз Америка Құрама Штаттары шеше алмайды дегенді ашық айтты. Оның түйінінің өте тереңде жат­қанын, шешімін табуға көптеген мемлекеттер қол­ұшын беруі тиіс екенін, әсіресе, Орталық Азиядағы мемлекеттер, соның ішінде Қазақ­станның үлкен рөл атқаратынын алға тартты. Бұл сөздің жаны бар, өйткені, Орталық Азиядағы мем­лекеттердің ментали­теті, салт-дәстүрі, психологиясы ерекше. Оны Батыс біле бермейді. Сондықтан оларда осы мәселенің түйінін шешуге Қазақстан қолұшын береді-ау деген үміт бар. Қазақстан тара­пынан қазір осы елге гума­нитарлық көмек беріліп жатыр. Мемлекет шешімімен Ауғанстанға 50 мил­лион доллар бөлініп, мыңдаған ауғандық азаматтарды біздің елде оқытып, ол елдің әлеуметтік сала­сына қажет мамандар даярлауды қолға алып жатырмыз. Ұйым мүшелері бұл қадамымызға дұрыс көзқарас танытып отыр. Парламент депутаты ретінде былтыр күзде Берлин қаласындағы Маршалл орталығы ұйымдастыр­ған, Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселесіне арналған семинарға қа­тысып, Бундестагтың (парламент­тің) бір топ депутаттарымен кездесу кезінде олардың бірі ауғандар неге үндемей отыр деп қалды. Сонда ауғандық депутаттардың бірінің бы­лай дегені бар: “Батыс бізге ин­вестицияны төгіп жатырмыз деп ұран­датады. Ал сіздер сол инвес­тициялардың қалай жұмсалып жат­қанын білесіздер ме? Оның бір тиыны да халыққа жетіп жатқан жоқ. Оның үстіне Ауғанстанда соғыс талибандарман жүру үстінде. Ал талибандардың кім жағында екенін сіздер білесіздер ме? Та­либан қозғалысын халық қолдайды, сондықтан соғыс халықпен жүріп жатыр”. Мен осы орайда жаңағы депутаттың пікірімен санасу қажеттігін айтқым келеді. Егер халық талибандарды қолдайтын болса, онда халықты ешкім де жеңе алмайды. Халықпен соғысып ешкім абырой тап­қан емес. Ауғандық депутаттың әлгі уә­жі­не жете мән бе­ру қажет екені анық. Қа­зір АҚШ Ауған­с­тан­дағы әске­ри­лерінің санын кө­бейтіп, бар­лық шие­ле­ністі қа­ру­лы күш­тер­дің көме­гімен рет­ке келтіру ние­тін­де. Бірақ бұдан дұ­рыс нә­тиже шыға қоя ма? Міне, дәл осы тұрғыдан қарай­тын болсақ, ЕҚЫҰ-ға мүше мем­лекет­тер­дің өзара ауызбір­ші­лігі дәл қазір ауадай қажет. Оның үстіне Ұйымға мүше елдер басшы­ларының соңғы саммиті Түркияда осыдан 10 жыл бұрын өтті. Ал одан бергі заманда, әсіресе, Америкада 11 қыркүйекте орын алған алапат оқиғадан кейін қауіпсіздік мәсе­лесіне төнген қатер мүлде ұлғайып кетті. Сондықтан ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының сам­ми­тін өткізу туралы Қазақстан Президентінің бастамасы өте орынды. Бұл орайда ЕҚЫҰ ПА Бас хатшысы Спенсер Оливер былай дейді: “Саммит туралы бастама Қазақстаннан, оның ішінде Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баевтан шығып отыр. Мен бұл ұсынысты 100 пайыз қолдаймын. Себебі, кейбір елдер бұл тек Қа­зақстан үшін ғана қажет деп ой­лайтын сыңайлы. Олар қателеседі, саммит Қазақстан үшін емес, Ұйымның өз абыройы үшін қажет”. Осы Ұйымның ішіндегі сенімді қалпына келтіру, сөйтіп, оның қау­қары мен беделін күшейту үшін ең алдымен саммит керек. Президент ұсынысын көптеген мемлекеттердің өкілдері қолдады. Мәселе саммит­тің қай жерде өтуінде емес, ең ал­ды­мен оның Қазақстанның баста­ма­сымен өтуінде. Күн тәртібіне келер болсақ, ЕҚЫҰ-ның үш себе­тіндегі мәселелер теңдей алынып жүрілетіндігіне де Қазақстан бас­шы­сы жіті назар аударды. Қазір бай­қап отырсаңыз, түйіні шешіл­меген мәселелер көбейіп келеді. Кавказдағы, Ауғанстандағы және өзге де аймақтардағы шиеленістер жыл санап арта түсіп отыр. Сол мәселелерді шешуде өзара сенім қажеттігін уақыттың өзі дәлелдеді. АҚШ-та өткен Хельсинки комис­сия­сының отырысында менің баян­дамамнан кейін комиссия төраға­сы: “Жер бетінде ешкімді шеттет­пей­тін, ешкімді кемсітпейтін бір ел болса, ол – Қазақстан. Осы елдің тәжірибесін, ғибратын бүкіл жер жү­зіне таратуымыз керек. Қазақ­стан бұл мәселе жөнінде Америкаға да үлгі’’, – деді. Мұндай бағаның еліміздің абыройын асқақтатқаны айтпаса да түсінікті. Әрине, мұндай нәтижеге біз ел ішіндегі өзара сенім мен төзім­діліктің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Олай болса, ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің арасында өз­ара сенім болмайынша, Ұйым абыройын арттыру да мүмкін емес. Сенім барлық шешімдердің бастауы екендігі үнемі назарда болуы тиіс. Ұйым жұмысында да осыны үнемі қаперде ұстаған жөн.