06 Желтоқсан, 2016

Бірде жүріп, бірде тоқтап...

282 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
vagon-4904Алдағы уақытта «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС-ның бағыт-бағдары қалай болары әлі белгісіз. Себебі, ашылғалы бергі жеті-сегіз жылдың ішінде кәсіпорын жұмысы бірде тоқтап, бірде іске қосылып, жүк вагондарын жасаушылар қиындыққа кезіге беруде. Енді міне, екі жылғы үзілістен кейін «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС өз жұмысын қайта бастап көрді. Бұған себеп, зауыттың бас директоры Сүйін­дік Қуандықовтың айтуынша, 50 жар­тылай вагон жеке кәсіпорынға саты­лыпты. Әрқайсының құны 10 миллион теңге тұратын 135 жартылай вагон жасалып, дайын тұрған көрінеді. Егер де бұл вагондарды да сатып алатындар табыла кетсе, сұраныс артса кәсіпорын жұмысы жанданады деген сөз. Біз де Екібастұзға барған сайын зауыттың жай-күйін көріп қайтамыз. Биыл зауыт жұмысы бірде тоқтап, бірде жүріп, жұмысшылар еңбек­ақыларын ала алмай қалды. Қыркүйек айында жұмысшылардың 130 миллион теңге жалақы қарыздары төленіпті. Кәсіпорында еңбек етіп жүрген 400 жұмысшы жарты жыл жалақысыз жүрді. Сонда Екібастұзда жасалатын вагондар нарық бәсекесіне түсе алмай тұр ма, вагон құны бәсекеге қабілетсіз бе деген сұрақтар туындайды. Қазір 155 жұмысшысы ауы­сым ұзақ­тығы 4 сағатты құрайтын төрт күн­дік жұмыс аптасы, ал 163 жұмыс­шы ауы­сым ұзақтығы 8 сағаттан тұра­тын төрт күн­дік кестемен жұмыс істеп жүр. Жүзге жуық жұмысшысы еңбек демал­ы­сына жібе­рілген көрінеді. Жалақы қарыз­дарын төлеу жоғалтқан табыс есебінде төленіпті. Қалалық жұмыспен қамту және әлеу­мет­тік мәселелер бөлімі мұны Ұлт­­тық қордың «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жоғары білікті кадрлардың қысқарған жұмыс уақытында жоғалған табысының үштен екі бөлігі арқылы субсидиялайды. Еңбекақының 50 пайызын кәсіпорын, ал жоғалған кірістің қалған бөлігінің үштен екісі жоғарыда аталған субсидия есебінен төленіпті. Екіншіден, бағдарламаның осы тар­мағын кез келген кәсіпорын пай­далана алмайды. Мақсат – жоғары білікті мамандардың жұмыс орындарын қысқартудан сақтау және жалақыларының белгілі бір бөлігін төлеу. Екібастұзда бұл бағдарламаға, яғни субсидиялауға «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ-тың «Шығыс» кеніші, «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС ілігіпті. Осымен жұмысшылардың еңбекақы қарыз­дарын төлеу бітті деп нүкте қоюға әлі ертерек секілді. Өйткені, бұл амалсыздан барған шара тәрізді көрінді бізге. Жалпы, Екібастұзда бұған дейін 2007 жылы «Таман» ЖШС жүк вагондарын жасайтын зауыт іске қосылған-ды. Негізі, кеңестік кездегі бұл вагон депосының жылына 10 мың вагон жөндей алатындай қуаты болыпты. 90-жылдардағы қиындық кездерінде вагон депосының бірқатар құрал-жабдықтары сатылып кетті. Кей­бір бөліктері істен шығып қалса да, өндірістік бөлімдері, коммуникация құрылымдары сақталып қалған. Кәсіп­орын құрал-жабдықтар орнатып, осы заманға сай жүк вагондарын жасау үшін күрделі және деполық жөндеулерден өткізумен айналысып, бір жылда 4 мың жүк вагондарын қайта қалпына келтіріп беруге мүмкіндіктері де жетті. Ресейдің «Трансмашхолдинг» ЖАҚ дирек­торлар кеңесінің төрағасы А.Бокарев арасында темір жол сала­сына арналған машина жасау кәсіпорын­дарын ашу жөнінде өзара қарым-қатынас туралы меморандумға да қол қойылды. Сол екі арада Екібастұзда жүк ва­гон­дарын жасауды «Қазақстан вагон құрастыру компаниясы» ЖШС жүзе­ге асырмақ болады. Үдемелі индус­т­рия­лық-инновациялық даму бағдар­лама­сы аясында 2009-2011 жылдары кәсіп­орында жүк вагондарын шығару бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Үкімет қаулысымен еліміздің стратегиялық маңызды жобаларының тізіміне енді. Сөйтіп, 2008 жылы біз жазып отырған «Таман» ЖШС вагон жөн­деу депосының жанынан вагон жасай­тын заманауи кәсіпорын – «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС құрылды. Зауыттың алғашқы кезегі 2010 жылы маусым айында Елбасының қаты­суымен өткен тікелей байланыста іске қосылды. Сол жылдың мамыр және 2011 жылдың маусым айлары аралы­ғын­да индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында компания басында құрылыс-монтаж жұмыстары, сондай-ақ, технологиялық жабдықтарды жеткізу және монтаждау шаралары жүр­гізілді. 2011 жылдың маусым айын­да өндірістік кешені пайдалануға беріл­ді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылы­­на 2000 ашық және 500 жабық вагон шығаруға жетеді. Жартылай бір вагон­­ның құны – 81-90 мың доллар. Жылы­­на 2500 вагон шығарып, елімізді ғана емес, ТМД нарығын жүк тиейтін вагон­дармен қамтимыз деген теңдесі жоқ міндет те алды. Бірақ шикізат тап­шы­­­лы­­­ғынан, вагон өндірісіне қажетті құй­­­м­алар болмағандықтан кәсіпорын ашылмай жатып, тоқтап қала жаздады. Серіктестік басшылары бірі келіп, бірі кетіп, осы күнге дейін жиі ауысады. Сол келімді-кетімді басшылар соңдарына қиын­дықтар, кедергілер, түйінді мәселе­лер де қалдырып кете барды. Себеп – отандық вагон жасауға қажет құйма тауар өндірушілерінің жоқтығы. Онда неге жоба-жоспарсыз, вагон нарығын зерттеусіз іс бас­тайтындарын өздері де білмейді. Қазір енді өндірісті әртараптандыру шықты. Яғни, жабық вагондарды, фитингті платформаларды, жылы цистерналарды шығармақшы. 2011 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ пен ресейлік «Уралвагонзавод» ҒӨК ААҚ арасында «Қазақстан вагон жасау компаниясы» жанынан бірлес­кен кәсіпорынды құру жөніндегі ынты­мақ­тастық меморандумына қол жеткізілген еді. Алайда, бұл бастама әрі қарай жол таба алмады. Вагон құрастыруға қажет бөлшектер Ресей мен Украина елдерінен әкелінсе, вагондарымыздың өзіндік құны да қымбатқа түсетіні белгілі. Жал­пы, 2008 жылы ашылған «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС осы күнге дейін 5 мыңдай жүк вагондарын жа­сап шы­ға­­рып­ты деген мәліметтер де кез­десе­ді. Олай болса, 5 мың вагон қазір қайда жүр?.. Қайта іске қосылып, жұмыс жасап көр­мек­ші зауыт жыл соңынан бастап фитин­гілік платформалар шығаруды қолға алмақ­шы. Платформалар кез келген көлемді жүкті, контейнерлерді, тракторлар мен ауыр көліктерді, станоктарды тасымалдауға қажет. Бөлшектер Ресейден сатып алынады. Тіркемелер зауыттың өзінде жасалады. – Қазір жүк вагондары өндірісін лизингтік несиелеу арқылы қаржылан­дырып, «Қазақстан темір жолы» АҚ-қа қарасты «КТЖ-Экспресс» кәсіпорнына 1500 вагон жасау жоспарлануда. Бұл мақ­сатқа осы жылы 17,5 млрд теңге бөлін­бекші. Елімізде мерзімі өткен вагондар қолданыстан көптеп шығарылуда. Оларды елімізде қолдануға тыйым салынуда, – дейді зауыт басшылығы. Онда екібастұздық жүк вагондарына жол ашылады деген сөз бе, әлде, бұл да ертерек пе, ол алдағы уақыт еншісінде. Әри­не, жобалар іске қосылып, жүзеге асы­ры­лып жатса қуаныш. Облыстық ең­бек бас­қармасының мәліметтерінше, биыл өңірдегі 10 кәсіпорында еңбекақы бойын­ша қарыздары 69 мил­лион тең­геге жетіпті. Вагон жасау компа­ния­сына да айыппұл салынып, еңбекақы қарыз­дарын өтеу үшін істің сотқа дейін­гі материалдары жіб­е­ріл­ген. Тіпті, болма­ған соң Екібастұз­дың әкімі Қай­рат Нүкенов Парламент Мәж­і­лісі депу­тат­тары­мен селекторлық режімде жұмыс­­шы­лар­дың еңбека­қы­сын өтеуге қатыс­ты жиын өткізді. Ал темір жол сала­сы­на қажетті өнімге тапсырыстың азай­­ғаны­­на жұмысшылардың кінәсі жоқ. Олар жобалар жолға түседі деп сенеді. Ал­ға­шында Екібастұздың вагондарын «Қазақ­стан темір жолы» АҚ сатып алса, соңғы уақыт­та ұлттық компания­дан еш тапсырыс түспеген. Сырттан түсетін тапсырыс тіп­тен төмендеп кеткен. Сатып алушы бол­маса, сұраныс түспесе, вагонды көр­меге қою үшін шы­ғара ма? Сұраныс бол­маса өндіріс бір­ден бәсеңсіп, тіпті, мүл­д­ем тоқтауы да заңдылық. Айтпақшы, ва­гон жасау зауы­ты қайта іске қосылды деген­ді естіп, облыс әкімі Болат Бақауов та Екі­бас­тұзға ба­рып қайтты. Бірде іске қосы­лып, бір­де жабылып қала беретін компания Бақауов­қа жылдың соңына дейін 200 вагон шығару­ды жоспарлап отырмыз депті... Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан» Павлодар облысы