06 Желтоқсан, 2016

Қаражатты болашағың үшін жинау қажет

143 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
unnamed-31Бүгінгі ата-ана алдында ұрпағының білімді болуын қамтамасыз етуден маңызды іс жоқ. Сондықтан да Білім және ғылым министрлігінің «Қаржы орталығы»  АҚ ата-ана­ларға баланың біліміне қатысты ертерек ойлануға кеңес береді. Ал елімізде енгізілген Мемлекеттік білім беру жинақ­тау жүйесі (МБЖЖ) жоғары білім беруге кепіл болып қана қоймай, оқу ақысын 30-70 пайызға үнемдеуге сеп болатыны анық. Осы мәселе төңірегінде «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар ИБРАИМОВПЕН әңгімелескен едік. – «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заң 2013 жылы қабылданған болатын. Бағдарлама қандай жаңалықтарға жол ашты? – Біздің акционерлік қоғам 2000 жылдан бері елімізде білім кредиттерін ұсыну бойынша қызметтер көрсетіп келеді. Бұл бағыттағы тұңғыш бағдарлама 2005 жылға дейін жұмыс істеген болатын. Ол арқылы халықтың кең ауқымы қамтылғанымен, бағдарламаның олқылықтары да көлденең шықты. Мәселен, клиенттердің төлем қабілеттеріне жан-жақты талдаудың болмауынан несие алғандардың кейбірі өздерінің қарызын төлей алмады. Ал осыдан үш жыл бұрын Мем­ле­кет­тік білім беру жинақтау жүйе­сі туралы жаңа бағдарлама қабыл­данды. Оның арқасында Қазақ­стан­ның кез келген азаматына өз­дері немесе балалары үшін білім беру депозитін ашу мүмкіндігі қарас­тырылған. Яғни, ата-ана баласы үшін қаражат жинақтап, оның мектептен кейінгі біліміне қажеттілікті қамтамасыз ете алатын болды. – Студенттерді қолдаудың жаңа қаржылық құралын енгізу өзін-өзі қаншалықты ақтады? Қарапайым азаматтар арасында қаражат жинақтау мәдениетін ынталандыра алды ма? – Біздің стратегиялық мақ­сатымыз – Қазақстанда жоғары білімнің қолжетімділік деңгейін көтеру. Жыл сайын елімізде 100 мың­даған оқушы мектеп бітіреді. Солар­дың тек үштен біріне ғана грант бұйырады. Ал қалған үштен екісі жоғары оқу орындары мен колледждерге ақылы негізге түседі. Осы жағдайда ата-аналар баласын университетте оқыту үшін көбінесе қымбат кредит рәсімдейді. Ендеше туындайтын сұрақ: неге білім үшін мақсатты түрде қаражат жина­мас­қа? Осылай істесе, салымшы еш­қан­дай тәуекелсіз қаражат жинап қана қоймайды, мемлекет ұсы­на­тын сыйлықақыны да банктік сый­ақыны да иеленеді! Шындығында, көптеген шет елдерде адамдар өздерінің бола­шақ шығындарын алдын ала есептеп, өздері белгілеген лимитті қатаң ұстанады. Тіпті, болашақ білі­міне қаражат жинау – олар үшін басым бағыттың бірі. Ал біздегі менталитет мүлдем бөлек. Өкінішке қарай, біздің азаматтарымыз білім алу үшін қаражат жинау мәселесін ең соңғы орынға қойып келеді. Дегенмен, азаматтар арасында тұтастай алғанда қаражат жинақтау мәдениеті қалыптасып келе жатқаны анық. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мәліметтеріне қарағанда, жыл сайын халықтың салымдар көлемі мен саны өсіп отыр. Білім депозиттеріне мейлінше назар аудару қажет. Өйткені, лайықты білімге қол жеткізу де оңай мәселе емес, тіпті бәрі тақаған уақытта ойлануға да мұр­ша бола бермейді. Алайда, жос­парлы түрде 5-6 жыл салымдар жасалса, ол қаражатқа мем­лекеттік кепілдік те болады, бала­лардың диплом туралы арманы да қиындықсыз орындалар еді. – МБЖЖ жүйесі екі банк­­тік өнім ұсынып отыр: білім беру кредитіне кепілдік пен білім депозиті. Олар­дың бір-бірінен айыр­ма­шылығы неде? – «Қаржы орталығы» АҚ үш қазақстандық банктерімен – «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ-пен, «Нұрбанк» АҚ-пен және «Цеснабанк» АҚ-пен бірлесіп халыққа арналған білім депозитін іске қосқан болатын. Бұл қазіргі екінші деңгейлі банктердегі кез келген депозитпен салыстырғанда әлдеқайда тиімді құрал. Оның бірқатар басымдықтары да бар. Мәселен, салымшыға банк­тің жылдық 14 % болатын коммер­циялық мөлшерлемесінен бөлек, мемлекет атынан «Қаржы орталы­ғы» АҚ азаматтардың санатына қарай 5-7% сыйлықақыны қоса есептейді. Осылайша білім депо­зитінің тиімділік мөлшер­лемесі жылына 21% болып отыр, бұл банктік салымдар арасындағы ең жоғары қаржыландыру көрсеткіші. Егер салым сомасы білім ақы­сын төлеуге жеткіліксіз болса, сосын бұл қаражат толық соманың жартысына жетсе, Қазақстандағы кез келген жоғары оқу орнының студенті 12 жылдық мерзімге дейін жеңілдіктік шарттарда білім кредитін рәсімдей алады. Бұл мөлшерлеме банктер ұсынатын тұтыну кредитіне қарағанда екі есеге дейін төмен. Аталған кредит кепілзатсыз мемлекеттің кепілімен беріледі, оның қайтару шарты да тиімді. Мәселен, студент білім алған кезеңде, сосын жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін (жеңілдік кезеңдері барысында) ол тек банктің пайыздарын ғана төлейді. Жеңілдік мерзімі аяқталғаннан кейін ғана – негізгі борыш пен қалған пайыздарды қайтаруға болады. Бұдан бөлек, қаражат траншпен қарызгердің қолына емес, тікелей білім беру мекемесіне аударылады. Бүгінгі таңда республикамызда шамамен 16 мыңға жуық білім беру жинақ салымдары тіркелген, 2 миллиард теңге сомасына 7 мыңнан астам кепілдік берілді. – Елімізде жақсы жоғары оқу орындарының болғанына қарамастан, көптеген студенттер шет елдерде жоғары білім алуды армандайды ғой… – Иә, бұл тұрғыдан да айтарымыз бар, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де білім алуға мүм­­кін­діктер ұсынады. Сонымен қатар, базалық білімнен бөлек шет ел­дерден магистр немесе әлем­нің кез келген оқу орнының магист­ратурасын, МВА бойынша дең­гейін жоғарылату үшін жағдай туғыза алады. Ескеретін жайт, Гар­вард немесе Оксфорд секілді білім ошақ­тарында оқу ақысы қым­бат, ендеше соған сәйкес жи­нақ қаражатты да көбірек жи­нау­ға тура келеді. Ең бастысы бар­лық оқу орындарына түсуге мүмкіндік бар. Тағы бір назар аударатын мә­се­ле – түлек мемлекеттік грант бо­йын­ша оқуға түсуі де мүмкін. Бұн­дай жағдайда салымшы бар­лық жинақ қаражатын өзінің бас­қа қажеттіліктері үшін ала ала­ды немесе оны басқа біреудің аты­на қайта рәсімдей алады. Тіпті үшін­ші жолы бар – салым жасау­ды жал­ғастыра отырып, қазақ­стан­дық жоғары оқу орнын аяқ­таған­нан кейін әлемнің кез келген елін­де білім алу үшін жұмсай алады. – Қазақстанда кәсіби кадр­ларға сұраныстың артуы тұр­ғы­сынан алғанда МБЖЖ жүйе­сінің келешегі қандай? Сіздер ұсынатын өнімдерге қатысты шарттарды одан әрі жақсарту жоспары бар ма? – Білім депозиттері қара­пайым қазақстандықтардың бел­сен­ділігі арқасында ғана емес қайы­­рымдылық ұйымдары, ірі ком­паниялар мен белгілі тұлға­лардың ізгі қадамдары арқылы да таны­лып отыр. Қабілетті оқу­шы­ның талантын шыңдап, олардың жолын ашу – бұл біз ұсынылған мүм­кін­дікпен қатар осындай игі қыз­мет­тердің жемісті нәтижесі дер едім. Алдағы жоспарларға келсек, бағдарламаға қатысатын екін­ші деңгейлі банктердің желі­сін арттырмақпыз. Белсенді қатысу­шылар үшін де қосымша ынталан­дыру факторларын енгізу мүм­кіндігін қарастырудамыз. Білім беру жинағының мүмкін­діктері туралы қазақстандықтар мейлінше ақпараттануы тиіс, депозит ашып, нәтижесін көруі үшін халық бағдарламаға көбірек қатысса екен. Өйткені, білімді ұрпақ қалыптастыру ата-анаға да мемлекетке де аса маңызды. Алдағы уақытта ақылы білім алу­шы­лардың 20-30% МБЖЖ жүйесі бағдарламасының қатысу­шылары болады деп отырмыз. Әрине, бұл –  біз межелі түрде, белсенді атқарып жатқан жоспарлы жұмысымыздың басты бағыты. Әңгімелескен Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»