07 Желтоқсан, 2016

"Әлемде Ниязымбетовке тең келер бір-екі ғана боксшы бар"

141 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
erdos-zhanabergenov Жақында Павлодарда өткен бокстан Қазақстан чемпионаты кезінде бокстан әлем чемпионы Ердос Жаңабергеновпен әңгімелесудің сәті түсті.  – Боксшы Ердос бүгінде қайда жүр? – Қазір Маңғыстау облыстық балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв даярлау спорт мектебінің директорымын. Павлодарға облыс құрамасы аға жаттықтырушысының көмекшісі ретінде келдім. Чемпионатқа он боксшы қостық. Оның үшеуі финалға шығып, біреуі чемпион атанды. – Сіз 2002 жылы Түркістанда өткен Бекзат Саттархановты еске алуға арналған халықаралық турнирінде «спорт шебері» нормативін орындадыңыз емес пе? – Дәл солай. Негізі, мен бұған дейін Өзбекстанда «спорт шебері» атанған едім. Бірақ мықты екенімді өз елімде қайта дәлелдеуім керек болды. Әйтпесе, өзбек жерінде жасөспірімдер мен жастар арасында қатарынан 4-5 жыл топ жарғанмын. Соған қарамастан, олар халықаралық турнирлерде өздерінің боксшыларына көбірек сенім артып, оқу-жаттығу жиындарына мені қоса бермейтін. – Қазақстанға қай жылы келдіңіз? – 2001 жылы алдымен Ақтөбеге көшіп келдік. 2004 жылы Ақтауға қоныс аудардық. 2010 жылы отбасын құрдым. Үш баланың әкесімін. Алла жазса, төртіншісін күтіп отырмыз. – Құрама сапына қалай қабылдандыңыз? – Алдымен, 2005 жылдың қаңтар айында Шоқыр Бөлтекұлын еске алу турнирінде, артынша Әзербайжанда өткен «А» санатындағы халықаралық жарыста үздік шығып, жаттықтырушылар назарына іліктім. Содан құраманың бірінші нөмірлі боксшысы ретінде әлем чемпионатына қатыстым. Артылған сенімді ақтап, чемпион болдым. – Отбасында спортпен әуестенген тағы кімдер бар? – Әкем Үсен – еркін күрестен талай жасөспірімнің томағасын сыпырған жаттықтырушы. Мен де алғашқы екі жылымда еркін күреспен шұғылдандым. Бірақ онша икемім бола қоймады. Содан кейін боксқа бет бұрдым. – Балаларыңыздың боксшы болғанын қалайсыз ба? – Жо-жоқ, олай бола қоймас... Ұлдарымды өскеннен соң футболға, спорттық гимнастикаға берсем деп отырмын. Әрине, боксты жаман демеймін. Қай спорттан болса да нәтиже шығара алу спортшының өзіне байланысты. Бокста жеңіске жеткен жарқын сәттерім аз емес. Дегенмен, бұл спорттың қиындығы көбірек сияқты көрінеді маған. – «Жарқын сәттер» демекші, сол жеңісті күндерді тағы бір еске алсақ... – 2005 жылы Әлем кубогында кубалық Юниер Дортикосты нокаутқа түсіргенім әлі есімде. Кейін ол кәсіпқой боксқа ауысты. Содан бері 21 жекпе-жек өткізіп, барлығын тек нокаутпен ұтып келеді. Тек бір кездесуін төрешілердің шешімімен жеңді. Әуесқойлар арасында онымен жолымыз екі мәрте түйісті. Біріншісі жоғарыда айтқан Мәскеудегі Әлем кубогында, екіншісі Ақтауда өткен халықаралық турнирде. Екіншісінде де айқын ұттым. Сол жылы әлем чемпионы да болғанымнан хабардар шығарсыз. Жаһандық жарыстың жартылай финалында әлем чемпионы, Афина Олимпиадасының жүлдегері Уткирбек Хайдаровты жеңгенім өмірімдегі естен кетпес оқиғалардың бірі болып қалды. – Өзбекстанда жүргенде Хайдаровпен рингте жұдырықтасып көрдіңіз бе? – Мен Қарақалпақстанда туып, бокстың қыр-сырын сол елде жүріп үйрендім. 1997 жылы Ташкенттің түбіндегі Шыршық қаласына қоныс аударып, олимпиадалық резервті даярлау орталығында жаттығуымды жалғастырдым. 1999 жылы Хайдаров әлем чемпионы атанып, елге оралғанда, оған еліктегенім рас. Сол кезде маған біреу: «Алты жылдан кейін Хайдаровпен кездесіп, ұтып кетесің» десе, сенбес едім. – Бейжің Олимпиадасы алдында сізді мамандар бас жүлдеден үміткерлер сапына қосып еді. Бірақ кейін денсаулық жағдайына байланысты бокстан кетті деп естідік. Шын мәнінде қалай болып еді? – 2007 жылы Чикагодағы әлем чемпионаты қарсаңында ауырып қалдым. Емделгеннен кейін лицензиялық турнирге екі-үш ай қалғанда, денсаулығым тағы сыр берді. Сөйтіп, Бейжің Олимпиадасының іріктеу сындарынан құр қалдым. Араға уақыт салып, 2010 жылы боксқа қайта келдім. Ондағы ойым Лондон Олимпиадасына қатысу еді. Бірақ бел омыртқадағы жарақаттың салдарынан көру қабілетім нашарлап кетті. Дәрігерлер бұл сырқатты асқындыруға болмайтынын айтқаннан кейін Германияға барып емделдім. – Кейіннен құқық қорғау саласында қызмет етеді деп естідік. – Иә, жеті жылдай Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасына қарасты жедел қылмыстық іздестіру бөлімінде жұмыс істедім. – Қазір сіздің салмағыңызда, яғни 81 килода кім мықты, Әділбек Ниязымбетов пе, Жәнібек Әлімханұлы ма? – Еліміздің чемпионатында Жәнібек Әлімханұлының өнерін тамашаладым. Өте жоғары деңгейде айқасты, қарсыластарын түгел айқын басымдықпен жеңді. Бірақ осыған дейін бұл салмақта Әділбек Ниязымбетовтің атой салып жүргенін дүйім жұрт біледі. Екеуі де, сөз жоқ, мықты. Ешқайсысын бөле-жарғым келмейді. Алайда, дәл қазір бұл салмақта Әділбекке әлем бойынша тең келетін бір-екі ғана боксшы бар. Қазіргі таңда 81 килоға ауысқан Жәнібекке қарағанда, осы салмақта биіктен түсіп көрмеген Әділбектің тәжірибесі мол, жеткен жетістігі де орасан. Алдағы уақыттағы бәсекелестік екеуіне де оңайға соқпайын деп тұр. Әйткенмен, барлығын ринг көрсетеді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Алмас Манап, «Егемен Қазақстан» erdos-zhanabergenov-koly