07 Желтоқсан, 2016

«Абай арқылы өзімізді өзгертсек...»

292 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
abay-kitap kitap-sabdenҰлттық кітапханада белгілі ғалым, қоғам қайраткері, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразәлі Сәбденнің қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған «Абай, Қазақстанның болашағы және әлемдік цивилизация», сондай-ақ, ғалым Әбдімәлік Әшіровпен бірлесе жазған «ХХI ғасыр және содан кейінгі ғасырдағы адамзаттың өмір сүру стратегиясының концепциясы» атты кітаптарының тұсаукесері өтті. «Абай Құнанбайұлының шығармалары мен қара сөздері қазақ халқын ғана емес, бүкіл адам­зат баласын екі ғасыр бойы рухани құндылықтарға жетелеумен келеді. Біз Абайға қайта бет бұрып, оның туындыларынан ақиқат пен шындықты, ар-ұят, намыс пен мейірімділікті алып, өзімізді өзгертсек, рухани жан дүниемізді түзетуге бет алсақ», – деген автор кітапта Абайдың қара сөздерінде көтерілген мәселелерді XXI ғасыр­да іске асыру тетіктерін айқындай отырып, қазақ еліне, жалпы өрке­ниетке елеулі үлес қосқан әл-Фараби, Мұхаммед Хайдар Дулати, Абылай хан, Дінмұхамед Қонаев сынды отызға тарта тарихи тұлға жай­лы қысқаша мəлімет ұсынады. «Абай, Қазақстанның бола­шағы және әлемдік ци­вилиза­ция» кітабының авторы халықаралық деңгейдегі жаңа постмодернизм тәсілінде бүгін мен болашақтың өзекті сұрақтарына жауап беріп, оларды қалай іске асыру жол­дары­на тоқталып, қазақ елін жаңа өр­ке­ниет­ке, ізгілендіру қоғамына көтеру­ді мақсат тұтады. Сондай-ақ, биылғы қараша­ның соңын ала Лондонда өткен V халықаралық «Open Eurasian Literature festival & Book forum» әдебиет фестивалі аясында Оразалы Сәбден мен Әбдім­әлік Әшіров­тің «The Conceptual Strategy for Humankind›s Survival in the XXI Century and Food Security» («ХХI ғасыр және содан кейін­гі ғасыр­дағы адамзаттың өмір сүру стра­те­гиясы­ның концеп­ция­сы») кітабының көр­сетілімі өткен еді. Әлемнің 67 еліне таныс­тырылған кітаптың авторлары адамзаттың назарын XXI ғасыр­дағы жаһандық мәселелерге ауда­рып және оларды шешудің бірегей бағдарламасын ұсынды. Мұнда постиндустриялық әлемдегі жалпы адамзат өркениетінің руханилық, ғылыми-техникалық революция, экономика және әлемдік қауіпсіз­дік, эко­логия, ғарышты игеру сын­ды 6 база­лық элементке негіз­дел­ген пла­нет­ар­лық үй құру қағи­да­лары сипат­талады. Қос автор адам­зат өміріндегі күрделі мәсе­лелер­дің бірі – аштыққа душар болған әлемде 1,3 миллиард адамды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін тәжірибелік тұрғыда шешуді ұсынады.  Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ