07 Желтоқсан, 2016

Әннің де әдебі бар...

688 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
anӘйгілі «Транссібір экспресі» фильміндегі сай-сүйегіңізді сырқыратып, жаныңызды әлемтапырық күйге түсіретін: Өмірге ерте туып асыға өскен, Дүниеге адам қонақ түней көшкен. Ер туып, ел қорғаған ата-баба, Бұл күнде ізі жатыр, тозаңы өшкен... – деп, ен даланы шарлап, дарқан дүниені дүбірлетіп өткен бабалар үнін құлағымызға әкелетін Шәкен Аймановтың орындауындағы «Жиырма бес» атты кең тынысты осы бір керемет ән есіңізде болар. Дауыс мүмкіндігі әлемді мойындатқан күміс көмей әнші, кәсіби музыка маманы емес, қарапайым актер орындаған бұл ән қай-қайсымыздың да жанымызға сондай жақын. Әуен астарынан ұлы даланың үнін естігендей рахаттанасыз, жүрегіңіз шымырлап, сөзбен айтып жеткізгісіз күйді бастан кешесіз. Себебі, әнде тағдыр бар, әр сөзінде тапжылтпай тыңдатар сезім бар... Бұл мысалды бекер келтіріп отырған жоқпыз. Жүректен шыққан әнді жүректерге жеткізу үшін тек алапат дауысқа иелік ету жеткіліксіз, музыка табиғаты кемел білім мен биік парасаттың иесі болуды да қажет етеді. Себебі, әннің де өз тағдыры, өз мінезі, өз бітімі болады. Соны діттеген деңгейіне жеткізіп орындамау – ұлы өнерге жасалған қиянаттың үлкені. Мәселен, Ақан серінің жаһанға мәшһүр «Балқадиша» әнін алып қарайық. Әннің шығу тарихына келгенде көптеген беймағлұм жайттарды анықтаған музыка зерттеушісі Ілия Жақанов ән кейіпкерінің Ақан серінің ешқандай да ғашығы болмағанын, серінің әні тек бойжеткен Балқадишаның сұлулығына, өнеріне сүйсінгендіктен туған туынды екенін дәлелдеп берді. Сонымен қатар, ән мәтінінің кеңестік дәуірге лайықталып бұрмаланғанын да анық айтты. Өлең жолдарындағы түпнұсқалық нұсқасы кейінірек саясат салқынының әсерінен «Дегенде Балқадиша, Балқадиша, күйеуі сексен бесте шал Қадиша» болып өзгертілгенін де ақиқат биігінен зерделеді. Балқадишаның сүйген жары Сүлеймен деген нар тұлғалы, елдің халық құрметтеген ардақты азаматы болғандығын, оның «Балқадиша» әнін өте жақсы көргенін, Балқадишаға арналған әнге сүйсінгеннен, әншілерге, Балқадишаның өзіне үнемі айтқызып, Ақан серінің талантына бас иіп өткен адам екенін жақсы бейнелеп көрсеткен деректері-ақ, біздің бүгінгі әншілердің «өрімдей қыздың сексендегі шалға ұзатылды» деп зарлануының бекер екендігін қолмен ұстатқандай етіп дәлелдеп берген жоқ па?! Бірақ біздің білімсіз әншілердің бұған тоқтайтын, әннің дұрыс сөзіне жүгінетін түрі көрінбейді. Кейде, керісінше, Біржан, Ақан, Мұхит, Жаяу Мұса сынды тағдырлары күрделі тұлғалардың жүрек қылын, ішкі жан дүние иірімдерін беретін әндерді тым көтеріңкі, жеңіл-желпі орындайтын әншіні тыңдап, жан-жүрегіңіз қарс айырылатын тұстар да аз кездеспейді. Бұдан не түйеміз? Ән, әсіресе, дәстүрлі ән өзін орындамас бұрын, кез келген әншіге туынды тарихынан мол мағлұмат беретін деректік жайттарға қанығып, тереңнен ізденуді жүктейді. Тағдырын біліп салған ән тыңдарманын да толғантпай қоймас. Яғни, бір сөзбен айтқанда, біз әдебиеттен жаттап өскен драматургия заңдылығы ән табиғатында да алдыңыздан кесе-көлденең шығады. Әдеби теория драматургияны әдебиеттің бір саласы деп негіздесе, демек, әнді де сол драмалық шығарманың сығымдалған нұсқасы деп қарауымыз керек. Әнде де, драмадағы секілді, оқиғаның басы, шарықтау шегі, аяғы болады. Сол заңдылықтарға бағынғаны шынайы шығады. «Құр айқай, бақырған құлаққа ән бе екен?!» деп Абай хакім айтпақшы, дауыс менікі екен деп, қажетті-қажетсіз тұсында құр айқайға баса беретін өнерпазды әсте әнші дей аламыз ба? Осы орайда, әйгілі әнші Жүсіпбек Елебековтің: «Әнді үйреніп айту әншілік емес, әнді зерделеп айту – әншілік» – дейтін сөзі еріксіз ойға оралады. Кез келген әнші орындамақ әнін шағын қойылымға айналдыра алуы керек. Сонда ғана ән табиғаты толыққанды ашылып, тағдыры таразыланып, сол заманның ахуалы тыңдарманының көз алдында көлбеңдейді. ...Бірде Жүсіпбек Елебеков туған жері қасиетті Қарқаралы өңіріне демалысқа келеді. Жанында жерлесі әрі аға досы, сыншысы Қалибек Қуанышбаев бар. Жол бойы талай әңгіменің тиегі ағытылып, небір сырлар шертіледі. Әуелеп ән де шырқалады. Кезек Мәдидің атақты «Қарқаралысына» келгенде, Қаллеки әнді үзіп жібереді: – Жүсіпбек, біздің айтып келе жатқанымыз Мәдидің зары, мұңы, еліне деген елжіреген жүрегінің сағынышы ғой. Ал сол Мәдидің қайраты, кегі қайда? Мәди бұлай мұңая бермес болар. Ол мұңынан қайраты басым жан. Ендеше, бұл әннің аяғы әлі бітпеген. Сол жігерлі қайрат пен кек араласқан қажырлы әннің жалғасын сен тап! – деп қолқа салыпты. Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Хабиба Елебекованың айтуынша, осы кезде Жүсіпбек әнші бір сәт Қаллекиден көз алмай қарап қалады. Бір сәт Мәдидің орнына өзін қойып, ән аяғын іздеп шарқ ұрады, қайталап айта береді. Әннің төрт шумағын айтып бітіреді де, енді аяққы қайырмасына келгенде ызалана кектенген күшті де қайратты дауысты қосады. Дауыс ең жоғары шегіне жетіп, қайта төмендей бас­тайды. Бірақ, жасық, қаймыққан үн емес, сол жігерлі, сол қажырлы қалпында мұқалмай келе жатады. Төмендеп келген ән дыбысы «Оу, Арқадағы» деп барып тыныс алады. Сонда әншіге үнсіз таңдана қарап қалған Қаллеки: «Көптен іздеген, таба алмай жүргенімді таптым. Айналайын Жүсекем, мұны енді ұмыта көрме, тағы қайтала. Сенің мына тапқан қайырмаң Мәдидің ғана өшпенділік кегі емес, сол заманның тар жол, тайғақ кешуінде қыспақта келген, үнін шығартпай, тірідей көмгісі келетін баскесер, дүлей қара күштеріне кек шығар. Сол ыза, сол кек бүгінгі ұрпаққа да жалғасып, Мәди көрген зорлықты еш уақытта қайталатпасқа үндейтіндей. Кекпен суарған алмас қылыштай жігерлі күш бар бұл қосқан әннің аяғында, – деп риза болған екен. Қаллеки сынды әділ сыншы, бапкері бар Жүсіпбек Елебековтей әншілердің әнді жеткізудегі осындай ерекше ықтияттығы, ой тереңін ұғына алып, ән драмасы мен тағдырына үлкен ізденіс тұрғысынан келетін таным тереңдігі болса керек. «Алтын қордан» ара-тұра беріліп қалар осы орындаудағы әннің қай-қайсысы да тыңдаушысын бейжай қалдырмайтындығы, Біржан, Ақан, Мұхит, Мәдилердің серілік құрған заманын көз алдымызға айна-қатесіз әкелетіндігі, сол дәуірді әнмен бірге сіз де кешіп жүргендей ерекше суреткерлік әсерге бөлейтіндігі де содан. Демек, ән иірімі әншіге сұңғыла сезімталдықтан бөлек, актерлік шеберлік пен үлкен білім иесі болуды да міндет қылады. Әйтпесе, нотаны әркім-ақ орындайды. Ал жан-жүрекпен, ән тағдырын сезініп, көңіл көзінен өткізіп айту, орындау барысында әннің өзіне айнала алу – тек әншінің әншісінің ғана қолынан келсе керек. Бұл ретте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Еркін Шүкіманның әңгімесі көңілдегі көркем ойды көл-көсір көсегені рас. «Ділімізге өркениеттік ынсаптың әбден орнығып алғандығынан болуы керек, қанша айқайлап, бақырып, қанша драматургия жасап жатсақ та, әнімізден Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайлар өмір сүрген қаймағы бұзылмаған қазақы дәуірдің иісі бәрібір аңқымайды. Тыныштықбекше айтқанда, аңқыр жоқ. Бірдеңе істейміз десек, кежегемізді кейін тартып тұратын жалқаулығымыз, оқығымыз келмейтіндігі тағы бар. Әншіге сыртқы жылтырлықтан бұрын, ең алдымен, ішкі тереңдік қажет. Кітап, газет, шыққан мақалаларды жүйелі оқып тұрудың өзі-ақ интеллектуалды өсіреді. Әсіресе, әншіге драматургияның заңдылықтарын меңгерудің пайдасы зор. Театрға да жиі баруды әдетке айналдырса, артық болмас еді. Жалпы, әншінің интеллектуалы әнді айтқан алғашқы шумағынан-ақ байқалып тұрады ғой. Сондықтан, деңгейге абай болу керек. Адамда ішкі интерпретация деген нәрсе бар. Сол нәрсені түсінбейміз. Содан кейін ән қалай болса, солай шығады. Қазіргі әншілердің көпшілігі әннің сөзіне мән бере бермейді. Тереңнен түйсініп айту жоқ. Ән айтудың жөні осы екен деп басымдықты дауысқа береміз. Яғни, әнімізде айқай басым. Дауыстың зор болғанына айтар уәжіміз жоқ. Дегенмен, әндегі мағына, драматизм дегенді ұмытпау керек. Егер әншінің бір бойында осы қасиеттің екеуі қатар ұштасса, сапа әдеттегіден күштірек, қуаттырақ болады. Бірақ, бұл жерде әсірелеп жіберуге тағы болмайды. Не нәрсенің де өзінің шегі бар. Мәселен, «Теміртас» әнін алып қарайық. «Теміртас» – қоштасу әні. Біржан қайғырды екен деп, біз де: «Теміртас, Асыл, Ақық қалдың зарлап, Адамзат қалмақ па екен солай сарнап...» – деп орынсыз зарланып, бажылдайтын болсақ, онда саған да, айтып тұрған әніңе де ешкім сенбейді. Марқұм Таласбек Әсемқұлов ағамыз айтпақшы, қайғыда да әдеп болуы керек. Сондықтан, әр әннің сыр-сипатына, болмысына, бітіміне, табиғатына тереңнен ден қойып, сезініп айту қажет. Ән сонда жүрекке жетеді, тыңдаушысын табады. Ән драматургиясы дегенде біз осындай нәрселерді қаперде ұстауымыз керек» деп әнші өнердің қыр-сыры жайлы ой толғады. Ән шіркіннің құпия тылсымы таусылған ба, сірә? Оның түбіне бойлаған сайын қазыналы кенге кезіккендей әсерге бөленесіз, әрдайым әсемдікті әлпештей түсуді үйренесіз. Назерке ЖҰМАБАЙ, өнертану ғылымдарының магистрі АСТАНА