21 Қыркүйек, 2011

Ақсай мен Арал арасы

421 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Берекелі Бейнеуден кейін «Менің Қа­­зақстаным» үгіт-насихат пойызының са­па­­­ры Батыс Қазақстан об­лы­­сының Ақсай, Қызыл­­ор­да облысының Арал қа­ласында жалғасты. Ақсай қаласында ауданның әр түкпірінен денсаулық сақтау, қаржы, әділет, банк салалары бойынша кеңес сұрауға келген жұртшылық ал­дына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орын­ба­сары Ербол Салықов, Арал қаласында аудан әкімі Нәжмәдин Мұсабаев шықты. Одан соң, пойыздың жолаушылары өз жұ­мыс­тарын жалғастырды. Ақсай қаласында Ең­бек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ма­маны Раушан Көшкімбекова жиырмадан астам адамды қабылдап, біраз мәселенің оң шешілуіне септігін тигізді. Мәселен, ол бүйрегі ауы­ра­тын 13 адам­­­ның Ақсай қаласында емделуіне жағ­дай жасау үшін қолдау хат жіберді. Бұл адамдар осы күнге дейін қан тазарту үшін Орал қаласына барады екен. Ал бұған көп адамдар шыдамайтын көрі­не­ді. Сондықтан олар аудан орталығынан қан та­зартуды ұйымдастыруға қол ұшын беруді өтініп келіпті. Осы жерде Зәру Өтепбергенова деген Бестау ауылының тұрғы­ны­ның мәселесі де шешілді. Ол енді 60 000 теңге айлық алатын еден жуушы болып жұмысқа орнала­са­­тын бол­­­ды. Сонымен бірге, онда Базарбай Әлі­­­кеновтің баспаналы болу, Қал­ды­гүл Асылбекованың декреттен кей­ін ең­бек демалысын алу туралы өтініш­­тері қанағаттандырылса, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектер зейнет­ақы, жәрдемақы алу үшін аудандық жұ­мыспен қамту және әлеуметтік бағ­дар­ламалар орталығының жаны­нан жаңадан зейнетақыны төлеу жө­нін­дегі мемлекеттік орталық са­лып беру туралы өтініш айтты. Кездесуде министрлік маманы атал­­ған мәселені шешуге тиісті ор­гандарға қолдау хат жіберетінін ескертті. Арал қаласында болған қа­был­дауларда да осыған ұқ­­­сас мәселелер көте­рілді. Мұнда зейнет жасын азай­ту, жәрдем­ақы­ны тағайындау, мүге­дек­тер­­­дің мұн-мұқтажын орталық мемлекеттік орындарға жеткізу мә­селелері сөз болып, оларға жауап берілді. Ден­саулық сақтау министрлігінің маман­да­ры болса, бұған дейін хабар­­ла­ға­ны­мыздай, әр­­бір аялдаған жерлерде 300-500-дей азаматтарды қабыл­да­ған. Ақсай қала­сында олардың қабыл­дау­ында 193 адам болды. Соның ішінде 38 адам­ның ауруы анықталып, олар­­ға тиісті көмек көрсетілді. Содан кейін Арал қаласында өт­кен кездесуде де азаматтардың бар­лық мұн-мұқтажы, талап-тілектері ес­кері­­­ліп, оларға да түрлі кеңес берілді. Осы екі қалада тұрғындарға кардиолог Мұ­рат Мұқаров, невропотолог Сеңгелбай Шекей, көз дәрігері Күлбаршын Тұр­ма­шева, эндокри­но­лог Рахат Тримова, акушер-гинеколог Беркі Пірімбетов түр­­лі тақырыпты кеңес берсе, пойыз құ­рамына көмек көрсетуші Айдын Мұ­ра­­­­тов пен дәрігерлер тобының жетекшісі, Ден­саулық сақ­тау министр­лі­гінің бас сарапшысы Ернар Мыр­за­құлов жұрт­шы­лық­қа ұйымдас­ты­ру­шылық жұ­мыс­тарын жүр­гізу бой­ынша кө­мек­терін көрсетіп отырды. Мерекелік пойыздың тағы бір мүшелері Әділет министр­лі­гінің өкілі Кенжеболат Балтабаев пен ұлттық банктің ма­маны Жәнібек Әбді­ға­зимов та өздеріне тиесілі жұмыстарды лайықты атқар­­ғанын айтуға бола­ды. Мұнда заң және құ­қық саласы бойынша адамдар көбіне баспана, жер алу, ажырасу мә­селелерін айтып, құқық ор­ган­дарының заңсыз әрекеттеріне арызданып келсе, қаржы мәсе­ле­сін­де азаматтар өмірді, мүлікті сақтандыру, зей­нет­ақы жинақтау қорынан қай­тыс болған адамның ақшасын мұрагерлікпен алу, қар­жы­лық дағдарыс кезінде алған несиені қай­тару сияқты көптеген мәселелерді қозғап, тиісті жауаптарын алды. Мерекелік пойыздың мүшелері бүгін Арал қаласында белгіленген жұмыстарды әрі қарай жалғастырады. Онда Астананың ыс­тық сәлемін Сыр өңіріне әкелген Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбырайымов пен Юрий Мельниченко жас спортшыларға шеберлік клас­тарын көрсет­се, Қазақстанның халық әртістері Нұрғали Нү­сіпжанов пен Алтынбек Қоразбаев, «Бәйтерек» тобы, «Гүлдер», «Әлқисса» ансамбльдері, ән­шілер Бағдат Сәмединова, Сүлеймен Ибрагимов, Медет Шайкелов, Евгений Шахрай және басқа да өнерпаздар қаланың орталық алаңында өнер көрсетпек. Дастан КЕНЖАЛИН, Арал.