07 Желтоқсан, 2016

Мамандық талапкерді таңдаған шақ

176 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
suleymen-aga-1Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «Жиырма бірінші ғасырдағы дамыған ел бұл – жоғары білімді азаматтар» деген еді. Жоғары білімді азамат деген сөздің арғы астарында елді көтеретін, өзге жұрттармен теңестіретін, есесін жібермейтін, есті де білікті маман деген сөз жатыр. Сол білікті маман бізде жеткілікті ме? Отанымызда 127 жоғары оқу орны бар. Онда жарты миллионға жуық студент оқиды. Оқуға қабылдау кезіндегі сол білім мекемелерінің жарнамасы құлақ жарады. Бәрін үйіп-төгеді. Базасын айтып мақтанса, шіркін-ай, дейсің. Бірақ сол оқу орындарын бітірген түлектердің көбі демесек те, біразы өз маман­дықтарын жетік меңгермеген болып жатады. Неге олай? Шыққан шығын, кеткен күш-қуат қайда қалды? Әрине, есеп-қисаптарға қарасаң бәрі жақсы. Кемшілікке келгенде «Көш жүре түзеледі» деуге бейім тұрамыз. Осыған қарағанда мамандықты талапкер емес, мамандық талапкерді таңдайтын уақыт туғанын аңғармай келе жатқан секілдіміз. Елімізде қазір көптеген мамандыққа зәрулік бар көрінеді. Мысалы, тоқыма тоқу, сүт өнімдерін өңдеу, өзге де мамандық иелерін дайындау мәселесі әлі де толық шешіле қоймаған. Себебі, шетелден әкелінген заманауи техника мен технологияларды меңгерген кәсіп иелері бізде кемшін екен. Яғни, кілем фабрикасы бар да, оған мамандар даярлайтын оқу орны әлсіз. Осыдан келіп, екінші рет қаржы шығындап, маман даярлауға тура келетін жайлар аз емес. Тіпті шетелдерге жіберіп оқытуға, болмаса, маман шақыруға тура келіп жататын жағдайлар да баршылық. Осыған қарап-ақ, сұранысқа қарай маман даярлау жағы әлі қалыптаса қоймағанын аңғаруға болады. Жалпы, кәсіпке даярлау ісін мектептен бастап қолға алып, оқушының қарым-қабілетіне қарай мұғалімдер қауымы болашағына жол ашып жатса, қане. Дегенмен, түлектердің тағдырын бөлінетін мемлекеттік грант шешіп кететіні анық. Бұл дегеніңіз, үйдегі әдемі көңілді базардағы нарық бұзадының керіне әкеледі. Қай мамандыққа көп грант бөлінсе, үміткер соған жүгіреді. Түссе түсті, түспесе таңдаған мамандық жайына қалады да, ата-анасының қалтасына қарайды. Олар қаржы шығындап 4-5 жыл оқып, мамандықты меңгеріп шыққанша, заманның екпіні желдей есіп біраз жерге барады. Жоғары оқу орнын бітіріп келдім деп, біраз мекемелердің есігін қағады. Жұмыс бола қоймаған соң, екінші мамандыққа талпынады. Осы қадаммен бірнеше «қатырма қағаз» алып, жұмыс таппай, жүйкесі жұқарып жүргендер аз емес. Осы арада мына бір нәрсені баса айтсақ дейміз. Жоғары білім беретін кейбір оқу орындары алдымен оқытуды емес, бітіргеннен кейін қайда жұмыс істейді дегенді алдын ала ойластырса, елдің ертеңі саналатын ұрпақ адаспас еді. Ақиқатына келсек, кей азаматтар маман болып жұмыс тапқанымен, алар айлығы шайлығына жетпей күнкөріс үшін өзге салаға кетіп жататындар да кездеседі. Мемлекетіміздің алтын діңгегі саналатын ауыл­ды көркейту, жас маманмен қамтамасыз ету жөнін­дегі Елбасының «Дипломмен – ауылға!»  бағ­дар­ламасы кемел істің басы деп білеміз. Осы бір игілікті бастама кей тұста шіренген жергілікті шенеуніктердің ұйымдастыра алмауынан тұйық­қа тіреліп, таудай көңілмен барған жастардың меселі қайтатын жайлар да алдан шығып қалып жүр. Оның үстіне ХХ ғасырдағы алған мамандығың 10-15 жыл тапжылмай қызмет істеуге жараса, ХХІ ғасырда 2-3 жылда ескіріп қалатынын да ес­тен шығармағанымыз абзал. Өйткені, дәуір дамуының екпіні бөлек. Жігеріңді жанып, ой-санаң­ды өрістетіп, төңірегіңді түгендеп отыр­ма­саң, көш-керуеннен қалып қоюың кәдік. Сондық­тан да алатын мамандығыңды алдын ала ой таразы­сында өлшеп шешсең, қапы қалмайсың. Қайта дайын­дықтан өтетін кезде де көп қинала қоймайсың. Алдағы жылы мыңдаған түлектер мамандық алып, жоғары оқу орындарынан түлеп ұшады. Солардың бәрі сұранысқа сай әзірленген бе? Бұл сұраққа дәйекті жауап берудің бір ғана жолы бар. Ол – тапсырысты тек министрлік қана емес, маман қажет мекемелер, кәсіпорындар кеңесіп беру жағын бірте-бірте шешу. Бүгінгі күнмен қатар, ондаған жыл алға озып жоспарлау жүзеге асып жатса, қане? Мемлекеттік гранттың өзін  сол негізге бейімдеп, мамандық иелерін мектептен, колледжден тұрақты түрде әзірлеп, жоғары оқуы орындарында түйіндеуді орнықтырсақ, қиын түйін шешілер еді. Тіпті қандай мамандыққа қанша грант керек дегеннің өзін де алдын ала ойластыру қажет секілді. Бірнеше жыл бұрын сұранысқа қарай грант белгіленсе құба-құп болар еді. Жастар алдын ала біліп, әзірленер еді. Маман даярлаудағы тағы бір мәселе, теория мен практиканың берік ұштаса қоймайтындығы. ЖОО-ның көбі теорияны оқытады. Тәжірибе алаңының кейде аты болғанмен, заты келіспей жатады. Мұн­дай жағдайда маман қағаздағыны есіне түсір­ген­мен, өмірде қолмен ұстап көрмеген жұмыс алды­нан шыққанда жасқаншақтамай тұра алмайды. Ендеше, алдағы жылы оқу орнына түсіп, мықты маман болсам, ел дамуына үлес қоссам деген жасты жаңыл­дыр­мас үшін мамандыққа қарай бөлінетін грант­ты қазірден бастап жан-жақты ойластырсақ, біраз түйт­кілдер өз шешімін табар еді. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»