07 Желтоқсан, 2016

Мүмкіндігі мол «Нұрлы жол»

371 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
14-zhetygen-korgas-ukladka-zvenev-relмемлекеттік бағдарламасы аясында қолға алынған «Боржақты – Ерсай» және «Алматы-1 – Шу» жобалары сәтті жүзеге асты Ел экономикасын өркендетуде, инфрақұрылымды дамытуда жаңалық болып енген «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында бірнеше салада қыруар шаруалар атқарылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі Жолдауынан бастау алған бағдарлама көптеген игіліктердің бағдаршамы болып тұр. Көлік логистикасын ілгерілетуде де ілкімді істер жалғасын табуда. Соның ішінде темір жол бағытында қолға алынған қос жобаны сөз етсек. Расында, «Қазақстан темір жо­лы» ұлттық компаниясы еліміздің шы­ғысында – логистикалық хабты, ба­тысында теңіз инфрақұрылымын да­мытуға зор күш-жігер жұмсауда. 2014 жылғы қазанда басталған Бор­жақ­ты – Ерсай темір жол желісінің құ­­рылысы Құрық теңіз портындағы паром кешенінің индустриялық жо­баларын жүзеге асыруға, инфра­құ­рылымын қалыптастыруға дем бе­ре­рі сөзсіз. Батыс бағдардағы Каспий теңізі ай­лағының әлеуетін дамытатын бұл нысанды мамандар ғасыр жобасына балауда. Ол «Маңғышлақ – Өзен» магистралімен түйісіп, паром кешені орналасқан Құрық портына апарады.  Қазіргі таңда теңіз жағалауы алып құрылыс алаңына айналған. Бүгінде нысандарға қа­жет­ті топырақ төсеу жұмыстары аяқ­­талды. Биыл екі су жүргізу құ­быры мен көлік өткізу жолы салынды. Жолдың үстіңгі қабатына 22 шақырымға қажетті рельс тор­көздері жинақталды. Оның 16,6 ша­қы­рымы басты жол болып санала­ды. Онда 19 бағыттауыш бұрма тө­селді. Жол жиегіне ВЛ-10 кВ электр­мен қамту желісі орнатылған. Жиыр­­­ма тоғыз шақырымға созыла­тын электр сымдары тартылды. Белгі беру және байланыс  жүйесіне «Ebilock-950» қондырғысын орнату жұмыстары аяқталды. Белгі беру және байланыс  жүйесі пойыз қозғалыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, теміржолда апатты жағдайлардың алдын алуға  қызмет көрсетеді. Ұзындығы он төрт шақырымға ғана созылатын жобаның құны 10 миллиард теңгенің шамасында. Оның басым бөлігі Ұлт­тық қор қаржысы есебінен жұм­са­лып отыр. Қазақстан үшін екінші теңіз қақ­пасы Құрық порты бой кө­терсе, Боржақты – Ерсай бойымен Еуропа жүктері жеткізіліп, көк те­ңіз арқылы әлем елдерінің тауарла­ры тасымал­данады. Осылайша, елі­міздің тра­нзиттік әлеуеті артып, Ұлы Жі­бек жолы қайта жаңғырады. Ал қа­зіргі қызу еңбек мұның бастама­сы ғана. «Алматы – Шу» теліміндегі екін­ші жолға келсек, мұның елі­міз­ді транзиттік-көліктік, сауда, ха­­­лықаралық деңгейдегі іскерлік ха­бына айналдырудағы маңызы ай­рық­ша екенін айтуға тиіспіз. Ара­лықтағы өткізу жиілігін еселеп арттыратын жобаның құрылысын «Жол жөндеуші компания» мен «Жол жөндеу» ЖШС атқаруда. Ұзындығы 124 шақырым болатын жобаның құны 40 миллиард теңгеге жетіп жығылады. Қазіргі таңда 30 мың текше метр топырақ қабаты сыдырылып, 73 мың текше метр топырақ қабаты төселді. Жол­ды айналып өтуге арналған электр­мен жабдықтау, белгі беру және байланыс құрылғылары қайта құ­рас­тырылып, жабдықталуда. Төрт көпір мен шағын жасанды ғи­ма­раттар құрылысы салынды. Ақтөбе рельс-арқалық зауытының өнім­­дерін жеткізу қарқынды жүріп жатыр. Алғашқы өткізу кешені осы жы­лы ашылмақ. Жолдың іске қосылуы Парсы шы­ғанағы, Еуропа және Түркия елдеріне транзиттік вагон ағы­нын арт­­тырады деп күтілуде. Құ­ры­лыс пой­ыздар қозғалысын ұйым­дас­ты­руда «тар» орындарды жойып, та­­сымалдау үдерісінің тиімділігін арт­­тыру мақсатында қолға алынған бо­­латын. Нысанның стратегиялық маңы­зын айтсақ, аталған желіде жүктеме жыл­дан-жылға арта түсуде. Жаңа мар­шрут­тар болса қосылған үс­тіне үздіксіз қосылып жатыр. Жо­лау­шылар пойыздарының жиілігі арт­қан. Осы магис­тра­л­ьдан «Тұлпар-Тальго» жүр­дек пой­ызының күн сайын 6-7 кон­тей­нерлік құрамы өтеді екен. Ғасырдан астам уақытқа созыл­ған Қазақстан теміржолының тари­хында соңғы жиырма бес жыл­дың орны бөлек. Қысқа мерзімде са­­­лынған темір жол тараптары ұлан-ғайыр Қазақстанның төрт құб­ыласын түгел бір-бірі­мен байла­ныстырып, тәуелсіз эко­­но­ми­ка­мыздың тамырларына то­лық қан жүгіртті. Сонымен бір­ге, төңірегі тек құрлықпен шекара­ла­­сатын Қазақстан тұңғыш рет Пар­сы шы­ғанағы арқылы әлемдік мұ­хит­қа жол ашты. Бұл сияқты биік ме­желердің ел мерейіне қызмет ете­ті­ніне сенім мол. Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»