07 Желтоқсан, 2016

Азия елдері білім саласында көш бастап тұр

477 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
singapur-2 Сингапур математика, ғылым мен кітап оқу бойынша білім саласындағы халықаралық рейтингте топ бастап тұр, деп хабарлады ВВС. Сингапур бұл рейтингте Еуропа, Австралия, Солтүстік және Оңтүстік Американы артқа тастап, бірінші орынға шықты. Білім беру жетістіктерін бағалайтын халықаралық бағдарлама (Pisa) бұл рейтингті халықаралық тестілеу негізде жасаған. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ОЭСР) басқаратын танымал тізімді жасау барысында 70 мемлекеттің соңғы 15 жылдағы жетістіктері ескерілген. Үздік бестікте Сингапурдан басқа Жапония, Эстония, Тайвань, Финляндия бар. Ал ондыққа Қытай: Макао, Канада, Вьетнам, Қытай: Гонконг, Қытай: Бейжің кірген. Аталған ұйымның білім саласы бойынша директоры Андреас Шлейхер Сингапур тек жақсы нәтиже көрсетіп қана қоймай, үнемі алға жылжып отыратынын айтып отыр. Ал үздік ондық тізімінен Азия елдерінің алда тұрғанын байқауға болады. Нақтылап айтсақ, математикадан үздік жеті мемлекеттер қатарында Гонконг, Макао, Тайвань, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея бар. Ал үш пән бойынша жасалған бес рейтингке Азияға кірмейтін мемлекеттерден тек Финляндия, Эстония, Канада мен Ирландия ғана енген. Аталған рейтингте АҚШ пен Ұлыбритания да биіктен көріне алмапты. Американың көрсеткіштері 25-орында тұрғаны туралы АҚШ білім министрі Джон Кинг "Бұл алаңдаушылық туғызады. Экономикаға негізделген білім әлемде ең жақсы жетістіктерге жетелейтіні белгілі", дейді. Ал Ұлыбритания математика бойынша 27-ші, кітап оқудан 22-ші, ғылымнан 15-орынға жайғасқан. Елдің білім министрі Кирсти Уильямс: "Біз әлі өзіміз қалаған деңгейге жеткен жоқпыз. Бірақ қажетті жұмыстар атқарылып жатыр", деп отыр. Естеріңізге сала кетсек, барлық көрсеткіштерден бірінші орын алған Сингапур тәуелсіздігін 1965 жылы ғана алған. Кішкентай ғана мемлекет экономикасы мен өмір сүру деңгейін арттыру үшін білімге қатты ден қойып отыр. Сингапур Ұлттық институтындағы технологиялық университеттің вице-министрі профессор Синг Конг Лидің айтуынша, бұған білім беру саласындағы ұстаздардың деңгейі әсер еткен. "Сингапур оқу процесінде ең үздік түлектерді білім беру саласына тартады", дейді ол. Яғни, мұғалімдер қатарына мемлекет бойынша оқуды үздік бітіргендер алынады. Сонымен қатар барлық ұстаздар Ұлттық білім институтында біліктіліктерін арттырады. Оқушының алдында ұстаздардың өз біліміне сенімді болуы да қатты ескеріледі.