20 Қаңтар, 2010

ЕЛДІҢ ИЕСІ, ТУДЫҢ КИЕСІ БАР

1368 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бәрекелді! Белгілі биатлоншы Диас Кенешев Ванкуверде өтетін Ақ Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақ елі туын  ұстау құрметіне ие болды. Жиырма төрт жастағы ол бұр­на­ғы жылы өткен биатлоннан жаз­ғы әлем чемпионатының жеңімпа­зы және күміс пен қола жүлденің иегері. Ел кубогы мен чемпионат­тары­ның да бірнеше дүркін жеңім­па­зы мен жүлдегері болып табыла­ды. Демек, Диас – ел туын сеніп тапсыруға лайықты азамат. Ту ұстау – әр спортшының ар­ма­ны. Ақ Олимпиаданың соңғы он жылдығына көз жүгіртсек, Қазақ­стан туын 1994 жылы серіппеден шаңғы­мен секірудің шебері Қайрат Бике­нов ұстапты. 1998 жылы  ел бай­рағын Олимпиада чем­пио­ны, сондай-ақ Олимпия ойындарының төрт рет күміс және екі рет қола меда­лі­нің иегері, төрт дүркін әлем чем­пио­ны, бұрынғы КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы болған шаң­ғышы Вла­димир Смирнов алып жүрді. Осы арада В.Смирновтың Қазақ еліне ақ Олимпиаданың алтынын әперген жалғыз спортшы екенін айта кетейік.  2002 жылы бұл мәр­тебеге конькиші Радик Бикчентаев, ал 2006 жылы хоккейші Александр Корешков ие болды. Бір қызығы, ту ұстау құрметі кей­бір спортшыларға арман болса, енді бір атақты спортшылар одан өз өтініштерімен бас тартатын жағ­дай­лар да жоқ емес. Соңғылары өз шешімдерін Олимпиаданың ашы­луы мен жабылуы кезіндегі ұзаққа созылатын салтанатта сағаттап тұру мен жүріп өтетін жолдың жүйкеге салмақ түсірер қашықтығымен тү­сіндіргісі келеді. Өйткені, бұл сол күні немесе ертесіне сынға түсем деп отырған спортшының көңіл-күйі мен бабына кері әсер етуі мүмкін. Біздіңше, спортшының алдында қандай ауыр сын күтіп тұрса да ту ұстау құрметінен бас тартуға болмай­тын сияқ­ты. Өйткені, Кеңес өкіме­ті­нің тұсында бұл құрмет қазақ­стан­дық спортшы­лардың үш ұйықтаса да түсіне кірмейтін арман болатын. Сидней Олимпиада­сын­да Жамбыл өңірінен шыққан та­лантты боксшы Ермахан Ыбырайымов қазақтың Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев сеніп тапсырған ел туын жоғары көтеріп шықты. Сол жолы ол Елбасына берген уәдесінде тұрып, Олимпиада чемпионы атанды. Елдің иесі болса, тудың киесі бар. Мысалы, Ресейдің атақты ба­луа­­ны, әлемнің бірнеше дүркін чем­пионы, Сеул (1988 ж.), Бар­се­ло­на (1992 ж.) және Атланта (1996 ж.) Олимпиадаларының чемпионы Александр Карелин  өзінің Сидней Олимпиадасындағы күміс медальды қанағат тұтқан “сәтсіздігінің” бір се­бебін ту ұстап шықпауынан көре­ді екен. Өйткені, ол мұның алдын­дағы екі Олимпиада салтанаты кезінде әлем жұртшылығына Ресей спорт­шы­ларының мызғымас ту ұстау­шысы ретінде танылған болатын. Спортшылардың көбісінің Құ­дайға құлшылық жасап, ырымға сенетінін ескерсек, ту ұстау сияқты екінің бірінің қолы жете бермейтін бақытты басқа тебуге болмайтын сияқты. Сондықтан Қазақстанның туы сеніп тапсырылған спорт ше­бе­рі Диас Кенешев пен сол қа­сиетті көк байрақтың астында жа­рыс жолы мен мұз айдынына шы­ғатын қазақстандық мұзбалақтарға тек сәттілік тілейік. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.