«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелеріне арналған облыстық комиссияның мәжілісінде жұмыссыздар санын азайту, тұрақты жұмыс орындарын ашу бағытында атқарылған шаралар сарапқа салынды. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Асқар Сақыпкереев ұшқыр жоба бойынша атқарылатын шараларды баяндады.
Жыл аяғына дейін 7000 адамды жұмысқа орналастыру белгіленген. Ол үшін елді мекендердегі ықтимал қатысушылардың есебі жасалып, жұмыссыз және аз қамтылған жандарды оқыту, ыңғайлы мамандықтарға баулу, жергілікті жерлерде кәсіпкерлікті өрістету, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру ісі қолға алынған. Әлеуметтік жұмыс орындарына 400-ден астам адам жіберілген. Бір мыңға тарта адам 45 мамандық бойынша кәсіптік шеберліктерін жетілдіруде.
Өмір ЕСҚАЛИ,
Солтүстік Қазақстан облысы.