22 Қыркүйек, 2011

Жұлдыздар аллеясы

474 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Алматы киностудиясының 70 жылдығына орай ашылды «Еуразия-2011» кинофестивалінің аясында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киносту­дия­­сын­да қазақ кино майталмандарына арналған «Жұл­дыздар аллеясы»  ашылды.  Осыдан 70 жыл бұрын, соғыстың сұрапыл жылдарында Алматы киностудиясы ретінде негізі қаланған «Қазақфильм» студиясында «Жұл­дыз­­дар аллеясы» осыдан біраз жыл бұрын пайда болған еді. Алайда, оның ресми түрдегі ашылуы ұлттық киностудиямыздың мерейлі жылына орайластырылып отыр. – Бүгіннен бастап ұлттық киножұлдыздар аллея­сы өзінің мемориалдық сипатына ие бо­лып қана қоймай, енді арамызда жер басып, өмір сү­ріп жатқан ағаларымыздың аттарымен толық­ты­рыл­ды. Бұл жұлдызды аллея дүниеден өткен адам­дарға ғана құрмет емес, сонымен қатар, бү­гінде көзі тірі, қасымызда жүрген, қазақ кино­сы­ның дамуына қомақты үлес қосқан адамдардың да еңбегін бағалау үшін жасалған құрмет, – деді Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киносту­дия­сы» АҚ президенті Ермек Аманшаев аллея­ның ашылу салтанатында. Бұған дейін «Жұлдыздар аллеясына» қазақ ки­но­сының дамуына үлес қосқан Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қар­сақбаев, Серәлі Қожамқұлов, Қалибек Қуаныш­баев, Әмина Өмірзақова, Әнуар Молдабеков, Ыды­­­­рыс Ноғайбаев, Нұрмұхан Жантөрин, Кененбай Қожабеков сынды кино майта­л­ман­да­ры­на естелік жұлдыздар қойылған болатын. Енді олардың қатарына тағы да 3 естелік тақта қо­сылды. Ол «жұлдызды тақталар» – КСРО және Қазақ­стан­ның халық әртісі, Мемлекеттік сый­лық­тың лау­реа­ты, театр және кино актері Асан­әлі Әшімов­тің, Қазақстан Республикасының ең­бек сіңірген өнер қайраткері, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреа­ты, қазақ анимация өнерінің негізін қалаушы Әмен Қайдаровтың және Қазақ­стан­ның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реа­ты, ұлттық деректі кинематографияның негізін қалаушы­лар­дың бірі Ораз Әбішевтің құрметіне орнатылды. – Көзі тірі кезімде жұлдызды тақта қойып жатқаны бір жағынан ыңғайсыз, екінші жағынан қуанышымды да жасырмаймын. Бұл тақтаны менің еңбегіме берілген баға деп білемін, – деді Асанәлі Әшімов. Айнаш ЕСАЛИ.