Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен, Ішкі істер министрі Қ.Қасымовтың қатысуымен Бас прокуратура алқасының отырысы өтіп, онда пайдакүнемдік мақсатта күш қолданып жасалған қылмыстар (тонау, қарақшылық шабуыл, бопсалау) туралы қылмыстық істерді тергеген және сотта қараған кезде заңдылықты сақтау мәселелері қаралды.
Алқа мәжілісі бейнебайланыс режимінде барлық облыстардың прокурорлары және ІІД басшыларының қатысуымен өткізілді. Бас прокурор қылмыстарды есепке алудан жасыру, азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу, қылмыстық істерді тергеген кезде сөзбұйдаға салу, осы санаттағы істер бойынша заңсыз іс жүргізу шешімдерін қабылдау орын алған жағдайда ішкі істер органдары қызметкерлерінің дербес жауапкершілігін күшейтуді талап етті.
Облыс прокурорлары мен ішкі істер департаменттерінің басшыларына бір ай мерзімде қылмыспен және құқық бұзушылықпен күрестің өңірлік бағдарламаларының орындалуының жай-күйін, көшедегі бейнебақылаудың жағдайы және тиімділігін зерделеп, осы мәселені құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесінде қарау тапсырылды. Сондай-ақ жергілікті прокуратура және ішкі істер органдарының басшыларынан сот төрелігінен бой тасалап жүрген кінәлі адамдарды іздеу және заңмен белгіленген жауапкершілікке тартудың барлық қажетті шараларын қабылдау талап етілді, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.