Кеше елордада ашылған «Еуропа үшін қоршаған орта» атты VII Жалпыеуропалық қоршаған ортаны қорғау министрлері конференциясына қатысушы делегаттар Астанадағы «Атамекен» этно-мемориалдық кешен жанындағы «Экологтар аллеясында» ағаш отырғызды.
Аллеяға ағаш отырғызу дәстүрлі шараға айналып отыр. Өткен жылы біз Азия және Тынық мұхиты аймағының Қоршаған ортаны қорғау министрлері конференциясы аясында осыған ұқсас акция өткіздік. Ол жасыл өскіннің тек Қазақстанда емес, әлемде де көбеюін мақсат тұтады, деді журналистерге берген сұхбатында Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Руслан Бөлтіріков. Акцияға Польша, Венгрия, Қырғызстан және басқа да елдерден келген делегация басшылары қатысты. Елордада ашылған «Еуропа үшін қоршаған орта» атты министрлердің жетінші конференциясына бірқатар мемлекеттерден 1 мың 300-ге жуық өкіл қатысуға ниет білдірді. Негізінен онда Еуропа елдерінің мамандары болады, деді вице-министр.
Түстен кейін Тәуелсіздік сарайында «Еуропа үшін қоршаған орта» атты 7-ші министрлер конференциясының жұмысы басталды. Өткен жылы Астанада өткен Азия мен Тынық мұхиты аймағының қоршаған ортаны қорғау және дамыту министрлерінің 6-шы конференциясында Қоршаған орта және оны дамыту жөніндегі декларация, сондай-ақ Астананың «Жасыл көпір» атты бастамасы қабылданған болатын. Бұл бастаманың негізгі мақсаты экономикада «Жасыл даму» саясатын алға жылжытуда Еуропа, Азия және Тынық мұхиты елдеріне қолдау көрсету болып табылады.
7-ші министрлер конференциясының ашылу барысында Бірінші вице-премьер Өмірзақ Шөкеев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуін оқып берді. «Біз өзіміздің бастамамызды нақты істермен дәлелдеп отырамыз. Астаналық «Жасыл көпір» бастамасын көпшілікке таныстырдық. Оны кореялық «Жасыл даму» бастамасын әрі қарай дамыту жолы ретінде қарастырдық. Бүгінгі конференция барысында біз жасыл экономикаға көшу бойынша өңірлік негізгі тетіктердің бірі болатын «Жасыл даму» әріптестік бағдарламасын қарастыруды ұсынамыз», – делінген Мемлекет басшысының сөзінде. Елбасы үндеуінде тәжірибе алмасу, таза технологиялармен алмасу тетіктерін құру, жасыл экономикаға көшу үшін бірлескен инвестициялар мен тиісті жобалар, сондай-ақ экожүйені сақтау шаралары осындай ынтымақтастық аясында іске асырылуы тиіс екендігі айтылған.
Конференция арасында Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшім журналистермен әңгіме барысында елімізге айналмалы сумен қамтамасыз етудің еуропалық стандарттарын енгізу туралы ойларымен бөлісті. Осыған байланысты арнайы заң жобасын біз Мәжіліске биыл ұсынғымыз келген, алайда бірқатар мәселелер туындап отыр, – деді ол. Айналмалы сумен қамтамасыз етудің мақсаты пайдаланылған суды табиғатқа таза күйінде қайтару болып табылады. Еуропада бұл жүйе әлдеқашан қолданысқа енгізілген, біз де осыны қуаттағымыз келеді, деді министр. Ол сондай-ақ, көршілес мемлекеттерге трансшекаралық өзендерге байланысты БҰҰ тетіктерін пайдалануды ұсынып отырғандығын мәлімдеді.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.