Естігеннің тұла бойын түршіктіретін қорымды қорлап, зираттағы шарбақтарды, ескерткіштерді бүлдіріп, оны пайда көзіне айналдырған тепсе темір үзетін жандардың қылығы ойландырады. Осындай жағаны ұстататын оқиғалар өңірдің кейбір елді мекендерінде орын алып, қылмыстық істер тіркелді. Туған-туыстарының бейіттері қорланғандардың жай-күйін сезінудің өзі қиын. Өкініштісі, сол қылмыскерлер жуық арада қолға да түсе қоймады. Безбүйректер ана ауылдың, мына ауылдың қорымдарын қорлап, із жасырып, біраз уақыт бостандықта жүрді.
Жақында Жамбыл ауданындағы Ақсеңгір селолық округінің әкімі Әлімхан Қосбасаров пен оныншы сынып оқушысы Аяз Нұрғожаев екі ауылдың зираттарына қол салған, ұяттан безген сұғанақтардың құрықталуына себеп болды.
Мал қайырып жүрген Аяз кешкілік бейіт тонап жатқандарды көріп қалады. Ұялы телефонымен дереу ауыл әкіміне хабарлайды. Суыт хабар алған Әлімхан бейіттің шарбақтарын тиеген автокөлікті МАИ бекетінде тоқтатып, бірінің қолын қайырып, полиция қызметкерлеріне тапсырады. Осы кезде көмекке жеткен Аяз да қарап қалмайды. Кабинада отырған екі қарақшы қалың қамысқа тығылады. Оның біреуін аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Бейбіт Келгенбаев бастаған қызметкерлер қолға түсіреді. Осылайша Талғар, Қарасай, Жамбыл және басқа аудандардағы елді мекен жұртшылығын әбігерге салғандардың жолы кесілді.
Күмісжан БАЙЖАН,
Алматы облысы.