23 Қыркүйек, 2011

Ұстаз арманын іске асырған ғалым

498 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының өз алдына жеке шаңырақ кө­тергеніне биыл 50 жыл толып отыр. Сондықтан бүгін негізін Мұхтар Омар­ханұлы қалаған Әдебиет және өнер инс­ти­тутының тұңғыш директоры жайында ой қоз­ғаудың еш артықтығы жоқ деген ойдамыз. Иә, қазақ әдебиеті мен өнерін зерттейтін ғы­лыми-зерттеу институтын Тіл білімінен бөліп, жеке ғылыми зерттеу мекемесі ету бір кездері Мәс­кеуге бағынатын Қазақстан үшін оңай шаруа болған жоқ. Бірақ, елінің ертеңіне алаң­да­ған М.Әуезов сынды әдебиет алыбы көздеген мақ­сатын жүзеге асыру үшін қаншама тер төк­кенін әділ тарих жасырмақ емес. Өмірінің соңғы сәттерінде Кунцевада жа­тып пікірлес, ниеттес інісі М.Базарбаевқа жаз­ған хаттарының дені осы институттың ішкі-сыртқы жағдайларынан сыр шертеді. Ғылым­ның болашағы жөнінде қатты қамыққаны он­ың өмірінің соңғы күндерінде сол институт­тың директорына жазған хаттарынан аңға­ры­лады. Хаттар әдебиеттің кешегісі мен бүгіні, ертеңі мен болашағы жайындағы жобасын жү­зеге асырудан бастап, институт қызмет­кер­лерінің еңбекақысына дейінгі мәселелерден сыр шертеді. Ғылыммен айналысатын адам­ның көңілі ештеңеге алаң болмауын ойлаған М.Әуезов еңбекақыны бірінші дәрежеге кө­те­руге қаншама тер төкті. Кеңестік дәуір тұ­сын­да Қазақ КСР ҒА жағдайы Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов сынды ғалымдардың арқасын­да өте жоғары болғаны белгілі. М.Әуезовтің 1946 жылы Ғылым академия­сы құрылғаннан бастап, 1961 жылға дейінгі атқарған еңбектерінің дені ұлттық әдебиеттің кешенді тарихын жасауға негізделген. Ол «Қазақ әдебиетінің негізгі проблемалары» (1959 жылғы 15-19 шілде) деген атпен өткен конференцияда жасалған негізгі баяндамалар туралы ойын түйіндей келіп, әдебиеттің та­рихын жасамай, оның бүгіні жөнінде әңгіме қозғау орынсыз деп бағалаған. Институт бө­лімдерінің негізгі бағдарламаларын жасап, оған бағыт-бағдар сілтеп отырған М.Әуезовтің қазақ әдебиетінің тарихы жөніндегі жобасын Мүсілім Базарбаев жүзеге асырды. ІІІ томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» қазақ-орыс тілдерінде жарық көрді. Әдебиеттің кешенді тари­хын жасау оңай шаруа еместігін тәуелсіздік тұсында жасалған 10 томнан тұратын «Қазақ әдебиеті тарихын» зерттеу үрдісіне қарап ай­қын көз жеткіземіз. Ал, енді оның орыс тілінде жарық көруі өз алдына бөлек әңгіме. Себебі, қазақ әдебиетін зерттеушілердің басым көп­шілігі қазақ тілді ғалымдар болып келетіндіктен, әдебиет тарихын жақсы білетін орыс тілді зерттеушілерге зәрулік қатты сезілетін. М.Әуезов – М.Базарбаевқа тек ұстаз ғана емес, әке, бауыр, дос, жолдас бола білген абзал жан. Сондықтан, Әдебиет және өнер инсти­ту­тының ашылуына (1961), кемеңгер жазушы­ның есімі осы институтқа берілуіне, оның әдеби-мемориалдық музейінің ашылуына (1963), жазушының он екі томдық таңдамалы шығармаларының академиялық жинағын шығаруға белсене атсалысқан адам кім еді дегенде, институттың сол кездегі директоры Мүсілім Базарбайұлы есімінің тұруы заңды. Мұндай игілікті істің дәстүрлі жалғастығын соңғы жылдары жарық көрген жазушының 50 томдық таңдамалы шығармаларының акаде­мия­лық жинағынан көруге болады. Ол жазу­шы­ның жетпіс жылдығы қарсаңында «Алып тұлға» атты үлкен ғылыми мақала жазды. Бұл мақала арада қанша жыл өтсе де өзінің өмір­шеңдігін жоймайтыны белгілі. Мұның бірнеше себептері бар. Онда кемеңгер жазушының адам­дық болмысы, табиғи жаратылысы шы­ғар­машылығымен бірлікте өріледі. «Мұқаңа лайық төрелікті айту үшін, оның өз дәрежесіне көтерілуі шарт. Биіктен бәрі анық көрінеді», – дейді ғалым. Ал, осы мақаладағы терең ойлы ғылыми тұжырымдар, жазушы шығарма­шы­лы­ғына берген бағалар мақала авторының өзі айтып отырған биікте тұрғанын аңғартары анық. Себебі, жанр бойынша топталған жазу­шы шығармалары жөнінде жүйелі зерттеу жа­салып, тың топшылаулар ұсынылған. Отыздан жаңадан асқан өрімдей жас жігітті мүйізі қарағайдай академиктер мен док­­­­тор­лар­ға, жаңадан ашылған ғылыми-зерттеу инс­ти­тутына директор етіп сайлаудың қандай себептері болды деген сауалға өз заман­дас­та­ры жауап беретін тәрізді. Ол жөнінде академик С.Қирабаев: «Академия қабырғасында Қ.Сәт­ба­ев, М.Әуезов, С.Кеңесбаев, С.Бәйішев, А.Жұ­банов сияқты ғылым корифейлерімен бірге істескен жас Мүсілім олардың тәлімін бойына сіңіріп, ғалымдығына қоса ғылымның көр­нек­ті ұйымдастырушысы ретінде танылды. Оған он жылдық министрлік тәжірибесі қо­сы­лып, оны Қазақ Республикасының көрнекті қо­ғам, мемлекет қайраткері дережесіне көтерді», – деген болатын. Сондықтан да қай кезде де институттың тұңғыш директоры Мүсілім Базарбаев туралы айту біз үшін маңызды болып саналады. Са­налы ғұмырын қазақтың әдебиеті мен мәде­ние­тіне арнаған М.Базарбаев сонау алпысын­шы жылдардың басында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болса, жетпісінші жылдардың басында Қазақ КСР Мәдениет, одан кейін Қазақ КСР Сыртқы істер министрі қызметтерін атқарды. Ал бұ­дан кейінгі жылдары осы институттың Қазақ­­стан­дағы орыс әдебиеті мен әдебиет теориясы және әдебиеттану әдістемелігі бөлімдерінің же­текші ғылыми қызметкері, қазіргі қазақ әде­биеті бөлімінің меңгерушісі ретінде ұлт әде­биетінің зерттелуіне үздіксіз үлес қосты. Тәу­елсіз Қазақстанның кеңестік дәуір әдебиетін жаңаша бажайлаудың жобасын жасап, соның негізінде жасалған «20-30-жылдардағы қазақ әдебиеті», «40-50-60-жылдардағы қазақ әде­бие­ті» атты ұжымдық монографиялық зерттеу­л­ердің негізгі авторларының бірі және бас редакторы өзі болды. Ол әдебиеттің ақтаңдақ беттерін жинауға, насихаттауға басшылық жасай отырып, алаш әдебиетін зерттеуге мол үлес қосты. Шәкәрім Құдайбердіұлы өмірі мен мұрасы туралы жазылған 1960 жылғы қол­жазбаларын қайта қарап, толықтырып, ақын­ның өмірі мен шығармашылығын қамтитын «Шәкәрім ақын» атты ғылыми мақаласын ұс­ынды. Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шы­ғармашылығы жөнінде алғашқылардың бірі болып қалам тартты. Ғалымның еліміз тәуел­сіздік алған соң, жаңаша көзқараспен жазған еңбектері «Замана тудырған әдебиет» (1997) атты жинағына енді. Ол еліміз егемендік алған соң, қазақ әдебиетінің тарихын қайта қарап, бұ­рынғы жазғандарын жаңа қырынан толық­ты­рып үлгерді. Осы кітапқа енген «Аттила кім?», «Әдебиетші, ғалым, қоғам қайраткері» (Ә.Бөкейханов туралы), «Шәкәрім ақын», «Құ­діретті өлең өнегесі. Мағжан Жұмабаевтың өлең әлемі» сынды тараулар ұлт әдебиетінің ақтаңдақ беттерін зерттеуге қосылған тың да, сүбелі үлес еді. Бұл кітапта ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы алаш әдебиеті жөнінде мол мағлұмат берілгендіктен жоғары оқу орын­дарында оқулықтың қызметін атқарды. Тоқсаныншы жылдары М.Базарбаев тарихта Аттила, Атли, Этцель, Еділ, Ат­ты­лы аталып жүрген ұлы қолбасшы туралы ал­ғаш­қылардың бірі болып қалам тербеген ға­лым. Түркі дәу­і­ріне дейінгі әдеби жәдігерлерді зерттеу еліміз тәуелсіздік алған соң күшейе түсті. Бұл тұста әдебиетшілер арғы тарих қой­науына үңіліп, түркі халықтарына ортақ ж­ә­дігерлерді зерттеуге кірісті. Осы бағытта қазақ әдебиетінің кешенді тарихын тиянақтау мақ­са­тында он том­дық «Қазақ әдебиетінің та­рихы» зерттелді. Оның екінші томындағы түркі дә­уіріне дейінгі әдеби жәдігерлер деп аталатын бөлімінде сақтардың «Алып Ер Тоңға», «Шу» дастан­дары мен ғұндардың «Аттила», «Көк бөрі», «Ергенекон» дастандары, «Хуастуанифт» әде­би жәдігерлері кеңінен зерттелді. Мұның өзі ғалым ұстанымдарының күн өткен сайын тереңдеп ене бастағандығын байқатады. Сонымен бірге ол – Алаш қозғалысының көсемі, «Алаш – Орда» партиясының төрағасы Әлихан Бөкейханов туралы да алғашқылардың бірі болып қалам тербеген ғалым. Өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің бағдарламасы бойынша ғалымның төрт том­дық таңдамалы шығармалары академик С.Қи­рабаевтың «Зерделі ғалым» атты алғысөзімен жарық көрді. М.Базарбаевтың қаламынан ту­ған зерттеулердің ғұмыры ұзақ екендігін оның төрт томдық таңдамалы шығармалары растай­ды. Бұл «ғалымның хаты өлмейтінінің» көр­сеткіші. Ол екі тілде бірдей жазғандықтан, екі томы қазақ тілінде, екі томы орыс тілінде жазылған зерттеулерін қамтыды. І томға «Әде­биет және дәуір», «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы», «Ерлік пен еңбек дастаны» (Ә.На­рымбетовпен бірге), «Замана тудырған әде­би­ет» атты төрт кітабының ішінен таңдаулылары енді. Бірінші бөлімде ғалым қазақ поэзия­сын­дағы ұлттық ерекшеліктердің көрінісін «Қыз Жібектен» бастап, Т.Молдағалиевке дейінгі ара­лықтан түгелдей келтіреді. Дәстүр – әде­биеттің халықтығы, идеялылығы, өзіне лайық көркемдік ерекшелігі, ұлттық өзгешелігі болса, ғалым бұл еңбегінде қазақ поэзиясындағы ұлттық дәстүрдің бүгінгі жалғасын көрсетеді. ІІ томға тәуелсіздік тұсында жазылған ға­лым­ның «Көрікті ойдан – көркем сөз» атты кі­табы өзгертусіз берілген. Мұнда әйгілі сөз зергерлері М.Жұмабайұлы, Ш.Құдайбердіұлы, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Ж.Жабаев, А.Тоқ­ма­ғам­­бетов, Х.Есенжанов, Ж.Молдағалиев, Ғ.Мү­­сі­ре­пов, А.Нұрқатов, С.Шаймерденов шы­ғар­ма­ла­рын талдап, көркемдік ерекшеліктерін сараласа, ІІІ томда «Образ человека труда в казахской поэ­зии» (1961), «Живые традиции» (1962), «На­циональные традиции и новаторство в казахской поэзии» (1973), «Эстети­чес­кое богатство нашей литературы» (1976) атты моно­гра­фия­ларының ішінен таңдаулы зерттеулері енген. Ал ІV томға «Казахская поэзия: художес­твен­ные искания» (к традициям Абая) (1995) атты монографиясы өзгеріссіз берілген. Абай Құнанбаевтың 150 жылдығы қарсаңында жа­зыл­ған бұл еңбек ғалымның соңғы жылдары жазылған монографияларының бірі. Тәуел­сіз­дік алғаннан кейін жаңаша бажайлау негізінде жазылған еңбекте кеңестік дәуір тұсында қазақ поэзиясындағы ұлттық ерекшеліктерді тілге тиек ете алмаған ғалым ұлттық нақыш­тарға ерекше көңіл бөлді. Жоғарыда сөз бол­ған дәстүр жалғастығы бұл монографияда өз тұтастығымен көзге түседі. Себебі, мұнда Абай поэзиясының жалғасы ретінде Шәкәрім, Мағжан шығармалары кеңінен сөз болады. Ғалымның қасына жақын жүрген шәкірт­терінің бірі академик С.Қасқабасов оның 80 жылдық мерейтойында: «Мүсілім Базарбаев өзін көп қырлы талант иесі әрі білікті әдебиет­та­нушы, эрудициясы мол ғалым, әрі шебер ау­дармашы, әрі білімді сыншы, көрнекті қайрат­кер ретінде көрсете білді. Сонымен қатар, өзі­нен сәл-ақ үлкен және жас шағынан өзіне жа­қын бір топ ақын-жазушылармен, ға­лым­дармен жолдас болып, өмір өткелдерінен солармен бірге өтті, солармен бірге қуанды, ренжіді, ғұмыр кешті», – деген болатын. За­ман­дастары айтқан мұндай пікірлер оның ға­лымдық та, азаматтық та қыр­ларын аша түсері даусыз. «Қазақ әде­бие­тінің тарихы» атты ұж­ымдық зерттеулердің негізгі авторы және ғылымның шебер ұйымдас­ты­рушысы болған ол – қазақ поэзиясының даму жолындағы дәс­түр және жаңашылдық мәсе­ле­сін, кеңестік ха­лықтар әдебиеті мен түркі ха­лықтарының әде­биетін салыстыра зерт­теу ар­қылы әдебиеттер байланысына сүбе­лі үлес қосқан білікті де білгір әдебиетші. Гүлжаһан ОРДА, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері.