23 Қыркүйек, 2011

Тәуелсіздіктің тұңғыш темір жолы

523 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Биыл Ақсу  – Дегелең телі­мі­­нің іске қосылғанына бақан­дай 10 жыл толды. Қазақтың «Онға кірдің – санға кірдің» деген тәмсілін дұрыс ұқсақ 10 жыл аз уақыт емес. Десек те, тәуел­сіздігін алғанына әлі 10 жыл толмай тұрып мұндай ауқымды жобаны іске асыру әр елдің қолынан келе беретін шаруа емес. Ақсу – Дегелең тарма­ғының ашылу салтана­тына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, телімнің иесі «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшы­лығы, сондай-ақ қарапайым құрылыс­шы-теміржолшылар қатысты. Сон­дағы, жергілікті тұрғындар­дың ақжарма көңіл­ден шыққан қуанышын ділмен ұғу мүмкін болғанымен, тілмен айтып жеткізу қиын. Теңіздей тебіренткен қуаныштың анық нышаны ашылу салтанатына жи­налған халықтың көңіл-күйі­нен де білініп тұрды. Өйтпе­генде ше, Кереку мен Семей арасы 600 шақырымға кеміп, жол жүру уақыты 10-12 сағатқа бірден қысқарды. Эко­но­ми­калық тұр­ғы­дағы пайдасы шаш-етектен екені тағы белгілі. Өткен жылдың ерте көкте­мінде еліміздің оңтүстігінде табиғи апаттар орын алып, сел жүргенде пойыз қозғалыста­рында қиындықтар туындап, темір жол құрамдарының барлы­ғы дерлік Павлодар жол бөлім­шесінің аумағы арқылы өткені белгілі. Міне, сол қиын кезеңде жас торап сыр бермей, ауыр сыннан сүрінбей өтті. Осы тұста көңілдегі кілегейлі талай күмән сейіліп, 184 шақырымға созылып жатқан магистральға деген сенім нық орнады. Әсіре­се, қазіргі уақытта аймақтағы елішілік жолаушылардың жаға­сы жайлауда. Өйткені, бұрын Керекуден Семейге бару үшін немесе кері бағыттқа қатынау кезінде міндетті түрде шекара­ны кесіп, Ресейдің Құланды, Локоть стансалары арқылы айналып жүруге тура келетін. Жол алыстаған сайын шығын­ның да көбейе түсетіні мәлім. Көрші де болса, шекараны кесіп өткен соң екі аралықта неше түрлі тексеру тағы бар. Мұның бәрі қалта шығынымен қатар, көп уақыттың босқа өтуіне ұрындыратын. Мұқым қазақты шадыман қуанышқа бөлеген екі өңір аралығындағы төте телімнің ең басты артықшылығы – өндіріс орындары мен тауар алушылар­дың, сондай-ақ жүк тасымал­даушылардың қаржы мен уақыт үнемдеуіне, аймақтағы өндіріс пен кәсіпорындардың күш алуы­на зор септігін тигізді. Мұнымен бірге, 2002 жылы Семей арқылы қатынайтын Павлодар – Алматы жолаушылар бағыты ашылып, аймақ тұрғындарын мол қуа­нышқа кенелтті. Жол жүру уақы­тын жарты тәулікке қысқартқан бұл пойыз өңірге тез танылып үлгірді. Алматы бағытына жолға шыққан жолаушы құрамын Ақсу, Май аудандарының тұрғындары-ақ әп-сәтте толтырып берді. Нә­ти­жесінде бұл пойыздың қызме­тін ай сайын 70 мың жолаушы пайдаланатын болды. Ал, осынау жол бойында сол жылы 70-ке жуық жұмыс орны ашылды. Жаңа­дан Ақсу-2, Көктөбе станса­лары, олардың арасында Құркөл, Жұмыскер, Май разъез­дері бой көтеріп, тіршілік көзіне айналды. Телімді электрлендіру ісі де көпке созылған жоқ. Павлодар – Екібастұз телімі 2004 жылы электр тартымына көшірілгені мәлім. Сол кезде, күрежолға жақын тұрған Ақсу-1 стансасы да электр тартымына қоса енгізілді. Телімді жүкпен қамтамасыз ететін үш кәсіпорын да Ақсу қала­сына орналасқан. Олар: ферро­қорытпа зауыты, ЕЭК-тің электр стансасы және «Феррум транс сервис» ЖШС. Маңайдағы өндіріс атаулы мен елді мекендер электр қуатын аталмыш корпорациядан алады. Сондықтан оған тәулігіне 350-400 вагон көмір түсіріледі. Қуанарлығы, Ақсу ферроқорытпа зауыты жыл өткен сайын өнім шығаруды ұлғайтып келеді. Мысалы, өткен жылы бұрнағы жылға қарағанда, екі есе өнім өндірген. Нақты деректерді келтірсек – алдыңғы жылы бір айда 20 тонналық 500 контейнер жүк пойызына тиелсе, былтырғы көрсеткіштер 1200-ден асып жы­ғылған. Зауыттан шыққан контейнерлер алыс-жақын онға жуық іргелі елдерге бағыт ала­тыны бегілі. Осыған орай, зауыттың кірме жолдары бірте-бірте ұзарып 52 шақырымға жеткен. «Ферро­қорытпаға сұраныстың артуы стансадағы қозғалыстың жиілеуіне әсер етіп отырғаны даусыз. Айтпағым, енді Ақсу-1-дің жолы жүк пойыздарына тарлық ете бастады. Сондықтан уақыт оз­дыр­май, зауыттан тура Ақсу-2 стансасына жаңа жол түссе деген тілек бар. Сонда жүк жөнелту ісі бүгінгіден де еселене атқары­лары анық еді», – дейді Ақсу стансасының директоры Мұрат Ұзақов. Станса басшысы айтқан тілекте кейістік аңғарылғаны тегін емес екен. Жақында зауыттан 7 млн. тонна жүк жөнелтілер болса, Ақсу-1 стансасын әлі де дамыту керек. Бірақ аталған жолды тарту мүмкін болмай тұр. Өйткені, оның бір шетінде электр стансасы болса, екінші жағында тұрғын үйлер тіреліп тұр. Сол себептен бұл тиімді жоба іске аспайтын сияқты. Тығырықтан шығудың басқа жолын тапқан бө­лімше басшылығы зауыт басшы­лығына Ақсу-2-де қосымша ша­ғын дөңес, сондай-ақ қабылдап-жөнелтетін 3 жол салып алыңыз­дар деп кеңес берген. Ұсыныс орынды болғандықтан, зауыт жобалық-сметалық құжаттарды биыл, ал жол құрылыстарын 2012 жылы бастап, 2014 жылы аяқтау­ды жоспарлап отырған сияқты. Станса қызметкерлері тасымалды арттырудың тағы бір жолын айтады. Олар Ақсу-1-дегі 9-шы жолды ұзартып, 20 шақты қо­сымша бағыттаушылар салып,1-ші, 2-ші Ақсу аралығындағы 11,5 шақырым жолды электр тарты­мына көшіруді бөлімше басшы­лығына ұсыныс ретінде айтқан. Ұсыныстары ескеріліп, жүзеге асса телімдегі тасымалдың арта­рына сенімді. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, Астана.