19 Қаңтар, 2010

ТӨРАҒАЛЫҚ ҮЛКЕН СЕРПІЛІС ӘКЕЛУІ ТИІС

1529 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төраға­лық қызметіне орай Мемлекет басшы­сы үндеуінде еліміздің ұстанымы мен міндеттері нақты айқындалып берілді. Негізінен әлемдегі ха­лық­аралық беделді Ұйымға төрағалық ету еліміз үшін үлкен сенім. Со­нымен қатар, бұл мәртебелі орын­тақ бізге үлкен жауапкершілік те жүктеп отырғандығын назардан шығармағанымыз жөн. Менің ойымша, 2010 жыл Қазақстан әлем алдында үлкен бір сынақтан өтетін жыл болға­лы тұр. Енді нақты қандай мін­деттер тұр, қай бағытта жұмыс істейтіндігімізді Елбасы өз сө­зін­де жақсы айтып кетті. Ең бас­ты­сы, менің мақтаныш сезімімді тудырғаны – Еуропадағы үлкен белді халықаралық Ұйымды Орталық Азия аймағының өкілі басқаруы. Сондықтан ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдің көрермендері мен тыңдармандары Қазақстан Президентінің үндеуіне ерекше назар аударғанына ешқандай күмән жоқ. Өйткені, “қалай болар екен?” деген сұрақ көптің көкейінде, оған себеп аталған халықаралық Ұйымның басында проблемалар туындай бастағаны белгілі жәйт. Мүше елдердің ара­сындағы келіспеушіліктер осы­ны анық байқатты, оның не­сін жасырамыз. ЕҚЫҰ қағидат­та­ры мен құндылықтары сақта­ла­ды дегенді Президент қадап тұрып айтып, саясат сол бағытта жүргізілетіндігінен хабардар етті. Бұл күпті көңілге басу айтқандай жылы қабылданды. Ұйым алдында лаңкестікпен, есірткі саудасымен, кедейшілікпен және аштықпен күресу, сондай-ақ  гуманитарлық, экологиялық проб­ле­маларды шешу міндеттері тұрса, со­ларды еңсерудің жаңа жолда­рын іздестіруіміз керек. Қазақ­стан­ның аталған Ұйымға төраға­лы­ғы тіпті бір өзгеше көзқарас алып келуі тиіс. Президент өз сө­зінде ЕҚЫҰ саммитінің 10 жыл­дан бергі үзілісі тоқырау ахуа­лында тұрғанының көрінісі деген пікір білдірді. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшы­ларының саммитін өткізуі туралы Елбасының ұсынысы аталған Ұйым жұмысын жаңа деңгейге көтеруден туындаған ұсыныс деп қабылдау керек. Сол арқылы көп­теген шешімін күткен проблема­ларды еңсеруге болады. Қазақстан үшін мұндай ма­ңыз­ды жұмысты атқару мемле­ке­тіміздің бүкіл әлемде саяси беде­лін өсіретіні күмәнсіз. Екіншіден, осы лауазым экономикамызға да өз пайдасын тигізуі тиіс. Мысалы, инвестиция тартуға мол мүмкін­шіліктер береді. Қазірдің өзінде 2008 жылдың қорытындысымен алсақ, Қазақстан мен Еуропалық Одақтың тауар айналымы 39,5 мил­лиард долларға жетсе, сол жақ­тан тартылған инвестиция 2009 жылға дейін 40 миллиард долларды құраған. Сондықтан төрағалық өзара қарым-қатынастарға да үлкен серпін алып келеді. Олай болса, төрағалық біздер үшін үлкен же­тіс­тіктер мен ізденістердің мүм­кін­діктерін алдымызға тосып отыр. Шавхат ӨТЕМІСОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты. БАРЫСША БИІККЕ ҰМТЫЛАЙЫҚ Жаһан елдерінің назары Қазақ­станға айрықша ауатын күн туды. Себебі, кешеден бері біздің тәуелсіз еліміз Еуропа төріндегі мәртебелі ұйым – ЕҚЫҰ-ға төрағалық жұ­мы­сына кірісті. Бұл – Қазақстан халқы, соның ішінде қазақ халқы үшін шын қуанатын, мәртебе са­най­тын ерекше сәт. Енді әлем жұртшылығы Қазақстанның ішкі-сыртқы саясаттағы беделіне, саяси, әлеуметтік-экономикалық тұрақ­ты­лығына бұрынғыдан да сыни көз­бен қарайды. Елдің абыройы мен айбынын асқақтатар осынау жауап­кершілігі жоғары міндетті ойда­ғыдай атқару барша қазақстан­дық­тарды биік белеске, ұйымшылдық пен татулыққа бастар үлкен қадам болғалы тұр. Міне, осы сәтте елі­міз­дегі саяси тұрақтылықтың, қазақ халқы мен түрлі этностар арасын­дағы достықтың, татулықтың буы­ны қатая берсе екен деймін. Өйт­кені, біз ЕҚЫҰ-ның төрағалығына оңай қол жеткізген жоқпыз. Бұл Қазақстандағы демократиялық үр­діс­тердің, экономикалық реформа­лар­дың, ең бастысы, елдегі саяси тұрақтылықтың арқасында ғана мүмкін болды. ЕҚЫҰ төріндегі төрағалық Тұң­ғыш Президентіміз Нұрсұлтан На­зарбаевтың әлемдік қоғамдас­тық­тағы саяси беделі мен саясаткер­лі­гі­нің жемісі екені талас тудырмай­тын шындық. Мемлекет басшысы­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалығымызға орай жасаған үндеуінде Қазақ­стан­ның ұстанар басты қағидаттарына қанықтық. Шынында да біздің еліміз төрағалыққа аса күрделі ке­зеңде кірісіп отыр. Соған қара­мас­тан, Қазақстанның Іс басындағы төрағалығы кезінде талқыланатын мәселелер ауқымы шектелмейтіні нақты айтылды. Әсіресе, Қазақ­стан­ның төрағалық кезіндегі ұраны өте орынды таңдалғаны көңілге қон­ды, ерекше қуантты. Себебі, қазақ халқының ежелден сенім мен дәстүрге, ашықтық пен төзімділікке беріктігі дәлелденген. Демек, Қа­зақстан осы ұранды ұстану арқылы Еуропа елдеріне де үлгі-өнеге көрсете алатынына сенеміз. Елбасының ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің саммитін өткізу идеясын да құптаймын. Он жыл бойына ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен елдер сам­мит өткізуге көңіл аудармай кел­ген екен. Демек, мемлекет бас­шылары деңгейінде шешуді талап ететін мәселелер жинақталып қал­ғаны анық. Сондай-ақ бұл саммитті Қазақстанда өткізу еліміздің жауһар елордасы – Астананы Еуропа ел­деріне және бір рет танытуға да таптырмайтын мүмкіндік болғалы тұр. Елбасы ұсынған 1 тамызды – ЕҚЫҰ күні деп жариялау ұсынысы да қолдау табарына сенемін. Сол себептен ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің саммитін Астанада 1 тамызға орай­ластырып өткізген орынды болады деп ойлаймын. Барыс – Қазақстанның сим­вол­дық белгісі. Бұл – ең биікке, шың­ның ең құзар басына ұмтыла­тын аң. Ендеше, барыстың биікке секіретін қасиеті ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы – Қазақ еліне жұғысты болғай. Елімізді биік бе­лес­терге бастаған Тұңғыш Прези­денті­міз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Қазақ елі саяси, экономи­ка­лық-әлеуметтік дамудың биік шы­ңы­на қадам жасай берсе екен деймін. Әлия БЕКҚОЖИЕВА, Атырау облыстық кәсіпкерлер және жұмыс берушілер одағының төрайымы, облыстық мәслихат депутаты.Атырау облысы. БҰЛ – ШЫНЫНДА ДА  МӘРТЕБЕЛІ МИССИЯ Австрияның астанасы Венада Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығы қызметіне кіріскен тарихи күні Елбасы Н.Назарбаев үндеу жария­ла­ды. Бұл үндеуді тыңдап болған соң мен қалың ой құшағына беріл­дім. Тәуелсіздік алған 18 жыл ішін­де Қазақстанды бүкіл әлем таныды десек артық айтқандық емес. Он жыл ішінде әсем Астана бой көте­ріп, ол әлем жұртшылығының қы­зы­­ғу­шылығын тудыруда. Еуропа­ның паң мемлекеттері мен мұхит­тың ар­ғы жағындағы дамыған елдер бас­шылары да Қазақстан Прези­денті Н.Назарбаевты қайраткерлігі үшін сыйлайтыны сөзсіз. Үндеуде не айтылды? Енді со­лар туралы қысқаша сөз қозғайық. Мен орыс ұлтының өкілімін. Ұзақ жылдар “Имсталькон” акционерлік қоғамын басқарудамын. Біздің кәсіпорында жиырмадан астам ұлттың өкілдері еңбек етеді. Ел­басының қамқорлығы нәтижесінде кәсіпорын өсіп-өркендеу үстінде. Былтыр жазда Кенді Алтайға сапа­ры кезінде Елбасы облыс активінде бізбен кездесіп, алдағы жылы елі­міздің ЕҚЫҰ төрағалығына кірі­се­тінін, бұл үлкен жауапкершілік жүктейтінін, демек, әрбір қазақ­стан­дық татулық пен бірліктің үлгісін жалғастыруы керектігін айтқан еді. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету оңай шаруа емес. Оның үстіне бүкіл әлем қаржы дағдарысын бастан ке­шуде. Бұл мәртебелі Ұйымға 56 мем­лекет мүше. Өзі құрылған 35 жылда ЕҚЫҰ талай бейбітшілік пен татулық үдерістеріне қол жет­кізгенін жақсы біледі. Ресей мен Украина, Ресей мен Грузия, сонау кездегі Армения мен Әзірбайжан ел­дері арасындағы Қарабақ мәсе­лесі, Балқан түбегі елдері ара­сын­дағы дау-дамай, Орталық Азия мемлекет­терін Еуропамен байла­ныс­тыру мәселелерін енді Қазақ­стан ара­ласып шешпек. Бұл шы­нында да оңай шешілетін шаруалар емес. Бірақ біз соған ұмтылатын боламыз. Елбасы үндеуінде ЕҚЫҰ-ға мүше елдер басшыларының қаты­суы­мен саммит өткізу жөнінде бас­тама көтерді. Несі бар, өте құп­тарлық бастама. Өйткені, мұндай берері мол саммиттің өтпегеніне 11 жыл. Париждегі хартия жиынынан бері 20 жыл өтіпті. Ендеше Қазақ­станда өтетін саммитке барлық мемлекет басшылары қатысып, үлкен проблемаларды шешіп жатса, елімізге де бедел емес пе. Қазақстан қаржы дағдарысынан қысылмай шығып келеді. Қазірдің өзінде ел экономикасы сауығып, тек былтыр “Жол картасы” бой­ын­ша елімізде жүздеген мың жұмыс орындары ашылды. Біздің облыс­тан да бір мысал. Жүздеген әлеу­мет­тік ғимараттар пайдалануға бері­ліп, балабақшалар, мектептер күрделі жөндеуден өтті. Бүгін облыстық мәслихаттың ХVІІІ сес­сиясы өтіп, депутаттар қосымша бөлінген 32 миллиард теңгені әлеуметтік ғимараттар мен жол жөндеуге жұмсайтынын бекітті. Сонымен Кенді Алтайдың жылдық бюджеті биыл 120 миллиард теңгені құрады. Ал бұдан сегіз жыл бұрын облыстық бюджетте небәрі 17 миллиард теңге қаржы болған. Ендеше, кемелденіп, өсіп-өркендеп келе жатқанымызды осы бір көрсеткіштен-ақ аңғару қиын емес. Еліміз аман, тыныштық пен бейбітшілікте жолығайық, ағайын. Михаил ЛАБУКОВ, облыстық мәслихаттың депутаты, “Парасат”, “Құрмет” ордендерінің иегері. Өскемен. ТАБЫСТАРЫМЫЗҒА БЕРІЛГЕН ЖОҒАРЫ БАҒА Бүгінгі өркениетке бет алған қоғамда өмірдегі күн сайынғы іргелі істер мен жаңалықтардан хабардар болу үшін бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне жүгінетініміз анық. Күні кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ЕҚЫҰ-дағы төрағалық міндетіне кірісуіне орай үндеу жариялады. Онда Қазақстан­ның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға­лық етуіне байланысты осы бағытта қолға алынған жұмыстар егжей-тегжейлі ортаға салынды. Еліміздің сыртқы саясатының басты бағыт­та­ры мен Еуропа төріне шығуы көршілес мемлекеттермен қарым-қатынасы қамтылып, оның басымдықтары түсіндірілді. Қазіргі кезде ел қауіпсіздігі ны­ғайтылып, ішкі-сыртқы саясаттағы бағытымыз айқындалған. Сондай-ақ, экономика, әлеуметтік, ғылы­ми-техникалық, мәдени салаларды дамыту мақсатындағы жұмыстар ба­рынша өрістетіліп, жыл сайынғы Жолдауларда тиянағын тауып келеді. Үндеуде Елбасы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі туралы шешім қабылданғаннан-ақ оның елімізге тигізген жақсы жақтары мол екенін ортаға салды. Бүгінде әлем­дік дағдарысты халық басынан қиналмай өткізіп, экономиканың негіздері нығая түсуде. Қоғамдағы халықтың саяси белсенділігі артып, құқықтық мәдениеті жандана бастады. Еуропа төрі еліміз үшін оңай ашылған есік емес. Өйткені, Қазақ­станның төрағалыққа қойылатын бейресми талаптарға бүгінгі мүм­кін­дігі мол екендігі айқын аңға­рыл­ды. Өткен уақытта демократиясы нығайған, экономикасы тұрақты еліміз әлем алдындағы өз беделін мей­лінше арттырды. Осылайша та­рихы бай, беделі жоғары мемле­ке­тіміз қандай мәселеде де үлкен сенім, шынайы құрметке ие болды. Жаңа 2010 жыл біз үшін осын­дай қуанышты да мәртебелі жаңа­лық­тарымен есте қалмақшы. Елі­міз­дің бас газеті “Егемен Қазақ­стан­ның” беттерінен еліміздің төр­ағалығына, ЕҚЫҰ-ға қатысты материалдар мен ақпараттарды жі­бермей оқимын. Әлем назары Қа­зақ­станның бүгінгі дамуы мен де­мократияны өрістетудегі іргелі іс­теріне ауған. Бұған дейін Ұйым хат­шылығы жұмыстарын жандан­дыр­са, еліміздің мәдениеті де еуро­палықтардың назарына ұсынылуда. Осындайда халқымыздың “Барма­саң, келмесең жат боласың” дегені еске түседі. Тәуелсіз мемлекеті­міз­дің бүгінгі дамуы мен өскелең мәдениетін, салт-дәстүрін өзгелерге танытудың өзі де бір ғанибет. Бұған дейін Елбасы Австрияға бірнеше мәрте жұмыс сапарын жалғастырып, екі ел арасындағы қарым-қатынас қай жағынан да нәтижелі болғанын білеміз. “Еуро­паға жол” бағдарламасы сол жұ­мыс­тардың ұтымды жалғасы деуге болады. Қазақстанды 143 этнос мекен­дей­тінін ескерсек, біздегі этносара­лық келісім, достық қарым-қа­ты­нас қай елдің болса да назарын өзіне аударып отыр. Мемлекет бас­шысының өзі құрған Қазақстан хал­қы Ассамблеясы ортақ шаңы­рақ­тағы ел бірлігі мен ынты­мақ­тастығының жаңа бір жемісі. Мұны бәрі шүбәсіз мойындап, қазақтан тағылым алуға ұмтылуда. Үндеуде Ұйымға төрағалық етудің бүгінгі күрделі уақытта өтіп отырғаны атап көрсетіліп, ол бү­гінгі қаржы дағдарысы, энер­ге­ти­калық, азық-түлік тапшылығының қауіпті кезеңге жетуі, жаппай қы­рып-жоятын қаруларды таратпау, адамзат қоғамының болашақ қа­рым-қаты­насы жайлы мәселелердің шешімін күткен кезбен тұспа-тұс келгендігін еске салды. Осындай сындарлы сәтте білдірілген сенім еліміз үшін биік мәртебе, Елбасының сарабдал саясаты мен көрегендігіне берілген жоғары баға деп білеміз. Ержанбек НҰРБЕКОВ, облыс әкімінің аппарат жетекшісі. Алматы облысы.