Әдебиет • 24 Мамыр, 2017

Мәскеуде Дулат Исабековтің төрт томдығы жарық көрді

167 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыдағы Ұлттық кітапханада жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық ПЕН-клуб сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтің Ресейдің беделді баспасы «Художественная литература» жарыққа шығарған 4 томдық таңдамалы шығармалар жинағының тұсаукесері өтті.

Мәскеуде Дулат Исабековтің төрт томдығы жарық көрді


Соңғы ширек ғасырда Ресейде басылған қазақ жазушысы сирек екені аян. Алайда Кеңес үкіметі ыдырағанымен, жазушының шығармашылығына деген оқырманының қызығушылығы жоғалмағанын Мәскеуде басылған «Таңдамалы шығармалардың 4 томдық жинағы» айғақтап отыр. 
КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісовтің алғы сөзімен басталған жинаққа жазушының бұған дейін Мәскеуде жарық көрген және Бүкілодаққа да таралып үлгерген таңдаулы прозалық және драмалық шығармалары енген. Жазушының «Отчий дом», «Новоселье в старом доме» («Советский писатель» - 1979, 1986), «Транзитный пассажир» («Русская книга» - 2002). Кітаптың 2 томы прозалық, 2 томы драматургиялық шығармаларға арналған 
Жазушының жинаққа енген «Гауһар тас», «Үндемес», «Біз соғысты көрген жоқпыз» және «Қабылан» атты шығармалары кейінгі жылдары ағылшын тіліне аударылып, кітап болып Лондонда басылып шыққаны белгілі. 4 томдықтағы енген бірқатар пьесалары Ресей, Болгария, Түркия, Англия, Башқұртстан сияқты алыс-жақын шетел сахналарында қойылып келеді. 
Қазақ жазушысының шығармашылығы жайында «Литературная газета», «Советская культура», «Вопросы литературы», «Литературная учеба», «Московские новости» сынды газет-журнал беттерінде де талай мақалалар жарияланған болатын.
Төрт томдықтың тұсакесерінде Әбдіжәміл Нұрпейісов, Бексұлтан Нұржекеев, Темірхан Медетбек, Мұрат Әуезов, Александр Головинский сынды белгілі қаламгерлер, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат Жұрынов жазушы шығармашылығы туралы пікір білдірді. 
Айнаш ЕСАЛИ, 
«Егемен Қазақстан». 
АЛМАТЫ