23 Қаңтар, 2010

Өңір жаңалықтары

1209 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
5547-ші ӘСКЕРИ БӨЛІМІ АШЫЛДЫ Өткен сәрсенбіде Қызылорда қа­ласының орталық алаңында Ішкі іс­тер министрлігі ішкі әскерлерінің 5547-ші әскери бөлімінің ашылу сал­та­наты болып, жауынгерлік ту тапсы­рылды. Оған облыс әкімі Бо­лат­бек Қуан­дықов пен Ішкі істер ми­нистрі­нің орынбасары, генерал-май­ор Аман­­­тай Күреңбаев қаты­сып, сар­баз­­дарға жүрекжарды ле­біздерін жеткізді. Әлем елдеріндегі лаңкестік пен экстремизмнің өсуіне байланысты ішкі әскерлердің 5547-ші әскери бөліміне қауіпті қылмыстардың, диверсиялардың, лаңкестік акті­лер­дің және қарулы қақтығыстардың алдын алу міндеттері жүктелген. Өткен жылдың желтоқсан айы­нан бері әскери бөлімге еліміздің басқа аймақтарынан да жауын­герлік борыштарын өтеу үшін азаматтар келген. Олар қаладағы қоғамдық тәр­тіпті қамтамасыз ету бағытын­дағы қызметтеріне кірісіп те кетті. Сондай-ақ, әскери жасақ­тар ішкі істер департаменті қыз­мет­керле­рі­мен бірге облыс орталығында па­труль­дік бекеттер қызметтерін де ұйымдастыруда. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда. ЖАҢА ЖОБАҒА ТИЯНАҚТЫ ДАЙЫНДЫҚ Еліміздің білім саласында 2001 жылдан бастап “Өзін өзі тану” жобасы тәжірибеден өткізіліп келе жатқаны белгілі. Мектепке дейінгі мекемелерден бастап жоғарғы оқу орындарына дейінгі жастағы балаларды өзгелерге елікпеуге, өзінің талантын, мүмкіндіктерін жетілдіруге, өз ісіне, әрекетіне жауапкершілікті сезінуге, өзін қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүруге, қоғамға пайда келтіруге, өзін-өзі жетілдіруге тәрбиелейтін бұл жоба келесі оқу жылынан бастап білім жүйесінде арнайы пән ретінде жүргізілетін болады. Ақтөбе облыстық балалар құқықтарын қорғау департаменті мен облыстық кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институты бірігіп өткізген брифингте келтірілген деректер бойынша, бұл жобаны тәжірибеден өткізу төрт балабақшада, бір балалар үйінде, он мектепте, екі жоғары оқу орнында жүргізіліп отырған көрінеді. Оларда осы пәнді 1864 бала оқиды екен. “Өзін өзі тану” жобасы тәжірибесінен екі кітапша, төрт бүктеме шығарылыпты. Қазірдің өзінде 604 мұғалім “Өзін өзі тану” пәні бойынша қайта даярлықтан өтіпті. Бұл жобаның мәнін түсіндіру мақсатында облыстық теледидардан екі аптада бір рет шығатын тележурнал ұйымдастырылыпты. Жалпы, облыстың білім саласында бұл жобаны жеке пән ретінде жүргізуге дайындық жақсы. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы. “НҰРЛЫ КӨШ” НҰРЫН ШАША БАСТАДЫ 2009-2011 жылдарға арналған “Нұрлы көш” бағдарламасы әртүрлі жағдаймен елінен жырақта жүрген қандастарымыздың өз отанында ірге көтеруіне және еліміздің әл-ауқаты төмен аудандарындағы Қазақстан азаматтарының әлеуметтік жағдайын жақ­сартуға бағытталған. Өткен жылы “Нұрлы көш” бағдарламасы аясында үш аймақта, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан об­лысының Курчатов қаласында және Ақмола облысына қарасты Көкшетау қаласының Красный-Яр ауылында бағдарламаның тұсаукесер жобасы жүзеге асырылған бо­латын. Пилоттық жобаға қатысушылар үй салынып жатқан кезеңде, 5,5 жылдың ішінде депозитте пәтер құнының 50 пайызын жинақтау мақсатында банкпен келісім-шарт жасасып, шотқа ақшаларын сала бастайды. Олардың салымына әдеттегідей жыл сайынғы банк пайыздары (2%) мен мемлекет сыйақысы қосылып отырады. Баспана құрылысы аяқталғаннан соң жобаға қатысушы үйді жалға алады. Қажетті қаржының алғашқы бөлігін жинағаннан кейін банктен екінші жартысын 10 жылға 4,5 пайыздық жылдық мөлшермен алып, тұрып жатқан үйін сатып алу мүмкіндігі бар. Аталған жоба аясында қазірде Тұрғын үй- құрылыс жинақ банкі жергілікті әкімдікпен, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялармен ынтымақтаса жұмыс істеуде . Өткен жылғы мәлімет бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында аталған бағдарламаға қатысуға 650 адам өтініш берсе, оның 465-і банк салымшысы атанды. Жобаның аясында 239 тұрғын үй салынып, оның 138-і пайдалануға берілді. Ал Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында аталған жоба шеңберінде салынатын үйлердің құрылысы жүріп жатыр. “Егемен-ақпарат”.