Әдебиет • 25 Мамыр, 2017

Жүрегі жырдан жаралған

946 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Тұманбай Молдағалиевтің 24 томнан тұратын шығармалар жинағы жарық көрді

Жүрегі жырдан жаралған

Алғашқы өлеңдерінің бір түйінін түйгенде: «Жанымнан шық­қан жас жырым, Өмірлі болса екен» – деп арманын үкі­леген Тұмағаң − Тұманбай Молдағалиев қазақ жырына соны соқпағымен келіп, талайды тамсандырды, керемет үлгісімен таңдандырды. Жыр табалдырығын «От тиіп асау қаныма, Жарысам оймен құл­шынып. Өлеңнің абат ба­ғына, Қа­дармын қашан бір шы­бық», – деген бала ақын болып аттап, толыса келе: «Бүгін мен­де мол дарын бар» – деп, өрен жүйрік екенін көрсетті. Кеме­ліне келгенде киелі өлеңнің қа­ді­рін дана­лығымен дәйектеді. Сөй­тіп, ұлтының да, жұртының да мақ­танышына айналды. 
Ақын бұл биікке адам бойын­дағы аяулы да ардақты асыл қа­сиеттерді саясатқа ұрын­дыр­май, бұрын үсік шалғандай болып келген қалыпты бұзып, жүрек лүпілін, ой ұшқынын бү­гіп қалмай, Табиғат-Ана мен онда күн кешіп жатқан тірлік иеле­рінің бүтін болмысымен ұштастыра көрсетті. Мысалы, «Қыр­қа толы қызыл гүл, Қарай­мын сонша қызыға, Қай шоғын ғана үзіп бір, Сыйлаймын сүйген қызыма», − дейді де артынан: «Жай­лауда» атты өлеңінде ол ой­ды тереңдетіп әкетеді. «Жайлау ғой мынау жарасқан, Аралтөбе бауыры. Төбеден неге әрі асқан, Сәу­лешімнің ауылы...Тілегім нет­кен көп еді, Жүрегім тұр ғой от алып, Осынау тұрған төбе­ні, Тастар ма едім қопарып» – дейді. Одан кейін сол жастық бұл­­қынысын «Көрсетпе сүю әу­ре­сін, Берілді жүрек тек саған. Сүю де жақсы, сәулешім, Сүйікті болу жақсы одан» – деген бар-жоғы төрт жол өлеңнің ішкі иірі­міне сый­ғызады. Бұл, әсіресе, жас­тардың жүрек қылын тербемей қоймасы анық. Тағы бірде ақын: «Ай қарады көгілдір көл бетіне, Қыз қарады көлдегі кел­бетіне, Қосылды да қос сәуле құшақ­тасты, Мөлдір толқын төсінде тербетіле. Шоршып жүрген ақ шабақ тұнықтағы, Қыздың көркін көрді әлде – тынып қалды. Бала толқын, ай нұрлы ерке балық, Бірақ, ару аңсарын түк ұқпады. Қыз қозғалмай қадалып тұра бер­ді, Жылы сезім кеудеде туа берді. Күтті ме екен, кім білсін күтпеді ме, Жеке қайық мүйістен шыға келді», − деп өрнекті сөзбен әдемі сурет салады. Суреттегі қыз бен жігіттің рақатқа батқан кө­ңіл шарпысуы, оған іштей куә болған төңірегі – бәрі жарасым тауып тұр. 
Тұмағаң кейде кездесетін тұт­қиыл тағдыр ісінен адам қа­шып құтыла алмайтынын да жыр жолдарына түсіргенде алпыс екі тамырың бүлкілдеп, кей тұс­та дом­быраның қос ішегіндей тер­беліп, тиек-көңілді бұлқынта жө­нелетіні бар. Әсіресе, әке мен ана туралы өлеңдеріндегі қилы за­ман запырандары жан дүниеңді тау бұлағындай буырқандырып, «Е, тәңір-ай!» – дегізген тасқын ойлар құрсауында қалдырады. «Нау­қасың қатал, соласың ба, ана, Қасыңа келдім, төсектен тұршы, Суық жер гүлі боласың ба, ана, Ояншы тағы, тағы бір күлші...Ес жидың ептеп, қуандым, анам, Жанарым ыстық жастарын тыйды, Тіл қаттың әлсіз: «дем ал» деп, маған, Осыдан артық сөз бар ма сыйлы?! Жапырақ жайған сына ма терек, Көнбеші, ана, көнбеші ана. Өмірлік маған қам­қоршы керек, Өлмеші ана, өлмеші ана!», – деп «Ана туралы жырда» ана мен бала арасындағы мәңгі сөнбес үмітті үрлейді. Бі­рақ қайырымсыз ажал анадан айырмай қоймайды. Кейін «Шір­кін-ай, барлық адам досым болса, Асықсақ жолыққанша, қосылғ­анша. Бәрі де анам құсап мейірленіп, Бәрі де анам құсап ашуланса», – деп ана бейнесін асқақтата отырып, оның құдіретті шапағаты барлық адамның бойына табылса ғой деген ниетін төрт жол өлеңге сыйғызыпты. Бұл да саналы сабақ алар байлам емес пе?! Соғыстың сойқанын, оның жүрекке салған жарасын, тартқызған зардабын «Әке туралы жырда» тереңдетіп әкетіп, әкенің орнын тайға таңба басқандай көз алдыңа әкеледі. «Түсінгем жоқ мен онда, Төнгенін бір қа­тер күз. Қала бердік перронда, Қалдық анам екеуміз. Анам неге өксіді? Түсінбедім мен оны, Күтті өмірдің көп сыны, Тастап кеттің сен оны...Жүйрік еді күн нет­кен, Өтті айлар, апталар. Селк етті ол кенеттен, Жетті ме әлде жат хабар...Гүлге толы құ­ша­ғы, Жарқыраған май келді. – Соғыс бітті, айтшы, ана, Әкем менің қайда енді? Деп сұрадым анамнан, Жақсы сөзін өтіндім. Қиналды анам айта алмай, Кейін біліп өкіндім... Таба алмадым мен дегбір, Қайтпады, әкем қайт­пады. Бұрынғыдай кейде бір, «Келер» деп анам айтпады. Келмеді әкем күлімдеп, Белгілі болды жай мәні, − Қайдасың, менің ұлым, − деп, Құшағын маған жаймады. Кеп жүрді үйге көп кісі, Жағдайды біздің сұ­рады, Әкемнің қара кепкісі, Ілулі төрде тұр әлі», − деп әкеге деген сағынышын, аңсарын оның кеп­кісін медет тұтумен басады. Бұл ақынның ғана басынан өтпеген, басқалар да басынан кешкен қасірет еді. Ақынның мық­тылығы сол қасіретті келістіре отырып өлең жолдарына түсіріп, ғұмырлы етуінде болатын.
Біз жоғарыда жыр жампо­зының өлеңдері тұмадай ал­ғаш­қы қадамынан-ақ тұнық бол­ғанын 1957 жылы шыққан «Студент дәптері» атты тұңғыш жинағынан мысалдар келтіре отырып, сездіруді қазақ поэзиясында «төңкеріс» жасағанын аңғартуды мақсат еткен едік. Бұл ойды кезінде қара сөздің хас шебері, дархан ойдың дарасы Әбіш Кекілбайұлы: «Ақ ниеттің адал жыршысы» атты мақаласында: «Студент дәптері» – біздің жыр өлкесіне тұңғыш рет қанат қаққан жақсылық қарлығашы сияқты еді... көк түтінге қақалып өскен қазақ оқырманы, бір сәт алма бауын ара­лап көргендей, дені жайылып жүре берді. ...Өңшең шең­гелдің ортасына шыққан жалғыз жауқазындай сол кітапша қазақ жыр алқабының жаңаша көктеп, жаңаша құлпыруының басы сияқ­ты болды... ит тұмсығы өт­пес қалың жыныстың арасынан із шығарып беру қиынның қиыны. Із шығардың-ақ, әуелі сүрлеуге, артынша айдын жолға айналып сала береді. Ол жол да сөйтті. «Студент дәптерінен» соң тап соған ұқсаған жұқалтаң кітаптар көбейді. Сырттарында жаңа есімдер тұрды», – деп қа­зақ поэзиясының көшбасшысы болған, «Ешкімнің бетіне жел болып келмейтін қыз мінезді ақпейіл ақын» (Ә.Кекілбайұлы) Тұмағаңды биікке көтеріп, тағы бір сәтте: «Шын ақын өзін ұл­тының рухани әкесімін деп емес, ең кенже перзентімін деп санайды. Қалтқысыз махаббатымен баурайды. Кісілігімен, кіші­лігімен баурайды», – деп шын тұлпардың болмысын тайға таңба басқандай көрсетіп берді. «Жалқының мұңын жалпыға сабақ боларлық көркемдік деңгейге көтерген» (Қадыр Мырзалиев) ақын тумысынан адал еді. Кімге де болса ет жүрегі езіліп тұратын. Бар адамға бақ, бақыт тілейтін. «Бұл бәрімізге Тәңірдің берген сыйы. Соны бағалауымыз керек, уақыт өтеді де кетеді. Артыңда жақсы сөз қалсын», – дейтін. Өзі осы қалыпта өмір сүрді. Осы үлгіні өлең өрнегіне түсірді. Сөйтіп, жұртына өлмес өлең сыйлады. Сөз сардарына айналып, ұлтына өшпес мұра қалдырды. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов Тұмағаң бастаған қарымды топ­тың туындыларымен танысқан тұста: «...Өнердің жаңа жас қайрат­керлері... жаңа бір жыл келгендей жақсылық әкеле жатқан сияқты. ...оқығандарыма сүйсіне отырып, лирика туралы айтқан қорытындым бар. Тұманбай Молдағалиевтің өлең­дерінің ішінен «Алматы таңы», «Көктем», «Асыл ұстазға», «Не­­мере сыры», «Хат» деген өлең­дері ұнатып оқыған шығар­маларым», – деген екен. Бұл туындылар Тұмағаңның тұңғыш жинағындағы дүниелер болатын. 
Тұманбай Молдағалиевтің 24 томдық таңдамалы туындылар жинағы Алматыдағы «АнАрыс» баспасынан жа­рық көріп отыр. Томдарды құрас­тыр­ған, ақынның жары Күл­тай Қасымова, қызы Жазира Молдағалиева, жақсы інісі Ауыт Мұқибек екенін еске сала кетсек дейміз. Бірден айтайық, бұл 24 том ұлт құндылығына қосыл­ған ұлы мұра, айтулы қа­зына. Әр томға жеке тоқталу ма­қаланың еншісіне жатпаса керек. Саралау мен даралауды, талдауды болашақтың еншісіне, кейінгі жастың үлесіне қалдыра тұралық. 
Шынында, алда айтқа­нымыз­дай Тұманбай Молдаға­лиевтің екінші өмірі басталды. Соның бір дәлелі – қолымыздағы 24 кітап. Кітаптар сапалы қағазға басылып, әдемі безендірілген. Түрлі суреттермен көмкерілген. Бұл игілікті істі «Тұманбай Мол­­дағалиев атындағы қор» атқарған екен. Ендігі жерде ұлт ақынының мұрасын зерттеп-зер­делесек, қормен байланыс жасасақ, кітап­тарын жұртқа жет­кізіп отырсақ құба-құп. Оған ең бірінші ата­жұрты, облыс, аудан тізгінін ұстаған ел азаматтары үлес қосса, нұр үстіне нұр болар еді. Мына томдар бар болғаны мың данамен шығыпты. Бұл халқы сүйген, ұрпағы қадірлеген – ақын жырына шөліркеп отыр­ған жұрт­қа аздық ететіні сөзсіз. Ал­дағы уақытта қайта басылып жатса артықтық етпейді. Қа­дыр Мырзалиев пен Тұманбай Мол­­дағалиев 60-қа толғанда ардақты ұстазымыз, академик Зейнолла Қабдолов адамның жан дүниесін қасаңдықтан сезім иіріміне көшірген, өмір бар жерде күйініш пен сүйініштің болатынын, тағдырдың алуан сыны алдан кездесетінін алғаш адамгершілік тұрғыда жырға қосқан Тұмағаң деп, қазақ абыздарының дәстүрлі философиялық иірімдерін жаңа дәуірде жаңғыртқан Қадағаң деп екеуі де ұлы ақын деп, мұндай бағаны көзі тірісінде Мұхтар Әуезов те естімегенін айтқан еді. Сол екі ұлы ақын өмірге қа­тар келіп, телқоңырдай тел өскен, қанаттас жүрген, бірін-бірі демеп жарыса жыр жазған, тіпті аралары ұзамай бақиға қатар аттанған Қадағаң (Қадыр Мырзалиев) мен Тұмағаңның (Тұманбай Молдағалиев) жөні де, жолы да бөлек. Осы арада мына бір үлгі алар үрдісті еске сала кетсек дейміз. Алда айтқан сол жөн мен жолды Қадағаң туған өлке бастап кету өз алдына, біраз игілікті істі атқарып та қойды. Еңселі ескерткішін тұр­ғызып, Орал қаласынан атына заты сай орталық салып, оны ақын есімімен атап, Алматыдағы кітапханасын көшіріп апарып, халықтың игілігіне жаратты. Ендеше «Тұманбайдың лирикалық кейіпкерлерінің жү­регі қылау түсе қоймаған сәби­дің мінезіндей. Несін де болсын жасырмай жайып салады. Қалтарыс-бұлтарысы жоқ», – деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтқандай, алда дәйек сөздерін келтірген қазақ зия­лылары, ұлт жақсылары әспеттеген, Елбасы құрмет тұт­қан, өмірден озғалы да алты жылдан асып бара жатқан, сәби көңіл ақынның бай мұрасын дәл сол жолмен Алатаудың бау­райындағы кіндік қаны тамған ауданнан бастасақ, облыс қолдап ол кейін ел көлемінде өркен жайып жатса деген тілек бар. Оның алғашқысы «Тұманбай оқу­ларынан» із алып, қанатын кең жайса ұлт ұрпағы жыр асылын танып білер еді. Осындай игілікті шараларды «Тұманбай Молдағалиев атындағы қор­мен» (mukoka@yahoo.com 87772247555) бірлікте жүргізсек, сөй­тіп бітер іске ұйытқы болсақ, қазақ поэзиясының ұлы тұлғасы­ның рухына деген құрмет пен ізет биіктен көрініп, ақын алдын­дағы қарыз бен парызға адалдық танытқан болар едік.

Сүлеймен МӘМЕТ, 
«Егемен Қазақстан»