Білім • 26 Мамыр, 2017

Сыңғырла, соңғы қоңырау!

11555 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше кең-байтақ Отанымыздың барлық өңірлеріндегі білім ұяларында күміс қоңыраудың сыңғыры естіліп, жұртшылық түлектерге сәт сапар тіледі. Он бірінші сыныпты бітірушілер өмірге жолдама алып жатса, мектеп табалдырығын өткен жылы алғаш аттаған бүлдіршіндер бір сатыға көтеріліп, ата-ананың, ұстаздар қауымының көз қуанышына айналды.

Сыңғырла, соңғы қоңырау!

Соңғы қоңырау басталған кездегі үш толқын ұрпақтың: ата-аналар мен ұстаздардың, оқушылардың жүздеріндегі алаулаған шаттықты, көздеріндегі шуақ­ты нұрды, көңілдеріндегі алабұртқан сезімді көргенде, кімнің де болса жан дүниесі толқымай тұра алмайды. Әсі­ресе, тәуелсіз еліміздің Әнұранын айт­қан­да, сарбаздай сап түзеп тұрған оқу­шы­лар, оның ішінде бастауыш сынып бүл­­дір­шіндері оң қолдарын жүрек тұсы­на қойып, Әнұранның сөзі мен әуенін әсем үнд­ерімен әуелете айтқанда, зал ішін керемет бір толқын кернеп кеткені анық. 
Осыдан болу керек, атам қазақтың қуанышты сәтті «Үлкенінің мыңына бер­генше, баланың біріне бер» дейтіні. Тіпті, сол тұста «Бағалай білу, ең әуелі өзімізді қадірлей білу» (А.Байтұрсынұлы) үлгісін ұл мен қыз айқын көрсетіп тұрды. 
Биыл еліміз бойынша 3 миллионға таяу оқушы сабақтарын аяқтаса, олар­дың 136 269-ы түлектер болып саналады. Бұлардың ішінде қазақ мектептерін − 90 804, орыс мектептерін − 39 334, өзге тілді мектептерді 6131 бала бітіре­ді екен. Осылардың ішінде ең көп бітіру­шілердің үлесіне келсек, 34 227 Оңтүстік Қазақстан облысының, 14 684 түлек Алматы облысының, 10 043 Алматы қаласының үлесіне тиіп отыр. 
 «Алтын белгіге» үміткерлердің саны 6280 түлекті құрайды. Оның 4878-і – қа­зақ тілді, 1288 – орыс тілді, 114 − басқа ұлт өкіл­дерінің тілінде білім алған үміт­кер­лер екен. Сол секілді үстіміздегі жы­лы 233 мың 622 оқушы 9-сыныпты аяқ­тапты. 
Еліміз бойынша мектеп бітірушілерге аттестат тапсыру рәсімі маусым айының 10-12-сі арасында өтетінін еске сала кетсек дейміз. 
Елордадағы Райымбек батыр атын­дағы №50 «Қазғарыш» мектеп ли­цейіндегі «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты мерекелік салтанатқа екі мыңға таяу оқушы қатысты. Мектеп түлектері білім кілтін 10-сынып оқушыларына тапсырды. Бұдан кейін Білім және ғылым министрлігінің өкілі Раушан Мұқышева сөз алып, қаумалаған жұртты құттықтады. 
Түлектер сынып жетекшілеріне гүл шоқтарын ұсынып, алғыстарын айтса, ұстаздары 11 жыл бойы білім беріп, бозбала мен бойжеткендер қатарына бет алған шәкірттеріне сәт сапар тілеп, қимай қоштасатындарын тілге тиек етті. Сол секілді ата-аналар атынан сөз алған азаматтар да ұстаздар еңбегін жоғары бағалап, қашанда алтын ұядағы білім мен тәрбие алдағы уақытта өз жемісін беретініне сендірді. 
Күміс қоңырауды 1-сыныптың 4 оқушысы соғып, олардың қолынан түлектер алып, шаттықтың құшағында ұрпақтар сабақтастығының әдемі көрінісін жұрттың көз алдынан өткізді. Осы бір сәттегі ән әуезі қалықтап, ол қоштасу вальсіне ұласты. 
Мектеп директоры Роза Болатаеваның айтуынша, білім ұясын 80-ге тарта түлек бітіріп жатыр екен. Биылғы жылғы соңғы қоңыраудың ерекшелігі, санаулы күндерден кейін ашылатын ЭКСПО-2017 көрмесіне тұспа-тұс келуінде екенін тілге тиек етіп, осыған атсалысу әрбір қазақстандықтың парызы дегенді жеткізді. 
Ол сонымен бірге, мектептегі же­тіс­тіктерді де жан-жақты айта келіп, оқу­шы­ларды ынталандыру мақсатында «Үр­кер» сыйлығы белгіленгенін, соны 8 оқу­шыға тапсырып тұрып, бұл үрдіс ал­­дағы уақытта жалғаса беретінін назарға сал­ды. 
Білім ордасы өткен жылы «Үздік мек­теп» атанса, жақында мұғалімдердің сабақ беру әдісі бойынша Астана әкім­дігі өткізген «Үздік мұғалім-2017» бай­­қауында қазақ тілі пәнінің ұста­зы Ұлболсын Есілбаева бірінші орын­­ды жеңіп алып, 1 млн 654 мың теңге сый­ақыға ие болыпты. Мұнымен қатар, рес­пуб­ликалық ұстаздар бәйгесіне жол­дамаға қолы жеткенін де айта кетсек дейміз. 
Сонымен соңғы қоңыраудың жал­ғасы оқушылардың жазғы демалысына, тү­лектердің сынақ тапсыруына, жоғары оқу орнына түсу арманына ұласатын болады. 

Сүлеймен МӘМЕТ, 
Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»