Театрдағы 90 әртіс түгел қамтылмаса да, сол сауалнама нәтижесінде ең танымал елу актерді түзген сол тізімнің ұшар басында кейде Асанәлі Әшімов тұрса, кейде Азамат Сатыбалды тұрады. Көрермендер көзімен байыпталған танымалдылық туралы әңгімеде КСРО халық әртісінің өзімен тең түсетін жаңа кезеңнің жарқын өкілі Азаматтың дәл қазір абырой-мәртебесінің асқақтап тұрған шағы. Өнер аламанында ат терлеткеннің бәріне бәйге бұйыра бермейді, білімі мен еңбегін сарп еткенге ғана сәттілік қолын созады. Терін ағызып, актер атанған Азаматқа да сәттілік талайдан бері серік болып, өнер көшінің басынан көрінуге мүмкіндік сыйлаумен келеді.
Бойындағы талантын талабымен ұштап, тынбай ізденіс үстінде жүретін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды үшін биылғы жыл табыспен басталды. Танымал театр және кино актері жуырда ғана «Бір сен үшін...» атты фильм түсіріп, режиссер ретінде бағын сынап байқаса, енді «28 театр» деп аталатын өзінің жеке театрын ашып, шынайы өнердің табанды ізденіспен өрістейтінін өз мысалымен дәлелдеуге көшті. Азаматтың жеке театр ашуы алматылықтар үшін ғана емес, мәдени өмірдегі айтулы оқиға ретінде қабылданып отыр. Қазақстандағы 58 театрдың қатарына 59-болып қосылып отырған Азаматтың жеке ошағы «Күйеуіңізді сатыңызшы» атты комедиялық қойылыммен Алматыдағы Қуыршақ театрында тұсаукесерін жасап, шымылдығын ашты.
Қазақ театрларының сахналарында үздіксіз қойылып келе жатқан М.Задорновтың әйгілі комедиясы «28 театр» сахнасында мүлде жаңаша интерпретациялануымен назар аудартты. Осындай қадамдары арқылы Азамат ұсақталып бара жатқан адам құндылығын биікке көтеріп, алға шығарғысы келетін азаматтық көзқарасын аңдатқандай.
«Күйеуіңізді сатыңызшы» – менің ең жақсы көретін спектакльдерімнің бірі. Талай аудармаларды қарастыра келе, бір кезде әкемтеатрдың сахнасында Оразхан Кенебаевтың режиссерлігімен қойылған осы шығармаға тоқталып, мүмкіндігінше қазақы бояу үстемелеуге тырыстық», – деді Азамат тұсаукесер рәсімінде.
Қойылымнан соң сөз алған А.Сатыбалдының «өнердегі әкесі», ұстазы, профессор Есмұхан Обаев актерлердің қарымы мен шеберлігіне бағасын, ал шәкіртіне батасын беріп, театр жұмысына сәт-сапар тіледі.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ