23 Қаңтар, 2010

БҮГІН БЕЛГІЛІ БОЛАДЫ

1147 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бейсенбі күні Астанада өтіп жатқан бокстан Қазақстан чем­пио­натының ширек финалдық кез­десулері одан әрі жалғасты. Бұл жекпе-жектер 51, 57, 64, 75 және 91 килодағы салмақ дәрежесінде өтті. Осы күні шаршы алаңға алғаш болып көтерілген 51 кг. салмақ­тағы кездесуде жамбылдық бокс­шы Олжас Сәттібаев “Динамо” қоғамы­ның өкілі Рахманберді Жиен­баевты айқын басымдылық­пен ұтты. Есеп – 10:4. Жалпы, осы кезге дейін бұл салмақта 2005 жылғы әлем чем­пионатының қола жүлдегері Мират Сәрсенбаевтың алдын орайтын ешкім жоқ еді. Мират соңғы кездері кәсіби бокс­қа ауысқан соң, оның орнын халық­­аралық дәрежедегі спорт шебері Олжас басты дей аламыз. Тараздық жас талант – кадет­тер арасындағы әлем чем­пионы, жас­тар арасындағы әлем чемпионаты­ның күміс жүлдегері. Осы күнгі кездесулерде Олжастан басқа бәсеке басталысымен шаршы алаңның шырайын келтіріп жүрген Исмаил Ахунов, Әли Байбозов пен Мирас Жақыпов та келесі айна­лымға жолдама алды. 57 кило салмақта чемпионат­та­ғы ең ірі есеп тіркелді. Мұнда аста­на­лық Думан Әлімов қарсыла­сын 31:1 есебімен ұтты. Сондай-ақ, келесі болып рингке шыққан қостанайлық Аслан Мұқанов, Жақсылық Ілиясов (ШҚО) пен Жан­дос Момынов (Ақмола облы­сы) қарсыластарын тізе бүктірді. 64 килода қызылордалық Рүс­тем Сыбаев салмақ қуғаннан ке­йін оның орнын Данияр Елеу­сінов, Мерей Ақшалов (екеуі де Астанадан) пен алматылық Айдар Шәрібаев басқан еді. Бейсенбі күнгі бәсекелерде осы үшеуінің арасынан бабы мен бағы келіскен Данияр мен Айдардың ғана жолы болды. Ал шаршы алаңға жергі­лікті жанкүйерлердің үмітін арқалап шыққан Мерей бір ұпай айырмасымен Әділет Егізбаевтан (ШҚО) жеңіліп қалды. Келесі, 75 кило салмақта тағы да Жамбыл мен Шығыс Қазақстан облыстарының өкілдері жартылай финалға жолдама алды. Онда еліміздің екі дүркін чемпионы Әділет Ниязымбетов пен Данияр Елеусіновтің алдын Данабек Су­жанов пен Нұрдәулет Жарманов орап кетті. Сол секілді осы салмақта алматылық Нұрматов пен жамбылдық Байматовтың қарсыластарынан айласын асырып кеткенін атап өткеніміз жөн. Осыдан кейін бәсеке 91 кило салмақ арасында жалғасты. Мұнда республикалық және халықаралық жарыстарда үстемдік етіп жүрген қос­танайлық Жан Кособуцкий, былтырғы жылғы Азия чемпионы Василий Левит, керекулік Дми­трий Готфрид пен соңғы кездері жара­қаты­нан айығып, қатарға қосылған маңғыстаулық Ердос Жаңабергенов келесі айналымға шықты. Бүгін жартылай финалға жолдама алып, кеше таңертеңнен кешке дейін “Дәулет” спорт кеше­нін­де керілген шаршы алаңда ақ­тық айқасқа шығу үшін қолғап түйістірген боксшылар кездесетін болады. Сөйтіп, бабы мен бағы келіскен боксшылардың арасын­дағы нағыз мықтылар бүгін кеш­ке анықталады. Дастан КЕНЖАЛИН.