Шығармада ХХ ғасырдың басындағы саяси жағдайларға байланысты атажұрттан алыстап Франция жеріне қоныс аударып, кейіннен өмірінің соңғы сәтінде Қазақстанға деген махаббатпен еліне асыққан Асан қарияның сағынышы, оның бұл арман-тілегін орындауға бекінген қызы Мақпалдың батыстық тәрбиеге беріліп кеткен ағасы Маратпен арпалыса жүріп әкесін туған топырағына әкелгені суреттеледі.
«Өзіміз елде жүрген соң байқамаймыз, шетелден қазақ жеріне асыққан қандас бауырларымызбен сөйлескенде олар тарихи отанына деген ерекше сағынышымызды, ыстық сезімімізді сөзбен айтып жеткізе алмайтындарын айтады» дейді. Адам жасы ұлғайған сайын туған жердің қадірі мен қасиеті арта береді. Біз осы пьеса арқылы соны көрерменге ұғындыруға тырыстық», – деді шығарма авторы.
Қойылымды тамашалауға колледж студенттері, мұғалімдерімен қатар жазушының өнердегі, өмірдегі достары да келді.
Қазіргі қоғамның өзекті бір мәселесіне айналған бұл тақырып көзі қарақты көрерменнің ойын байытып, атамекенге деген махаббатының артуына себепші болғаны сөзсіз. Жиналған қауым лайым осындай туындылар көбейе берсін деп тарқасты.
Айтса кетсек, осыған дейін бұл спектакльді Қостанай облыстық және Семей қалалық театрлары сахналаған болатын.
Азамат Мәуленұлы